3 Шілде 14:12
...

«Дара бала» – әрі тәрбиеші әрі логопед

Фото:

Жас ақын Дәулет Жадырасын жуырда мектеп жасына дейінгі балаларға базарлық тарту етті. Автордың өзіне шығып, көптің қолына тиген кітап жайлы біраз мағлұмат алған едік.

– ​Дәулет,  кішкентай оқырмандарға ұсынған «Дара бала» атты туындың жайлы айтып өтсең

– Негізі кітапты шығарудағы идея авторы – белгілі радиожурналист, диктор – Мұхамедияр Рашай және талантты жас журналист Ардақ Қасымхан.  Осы кісілер жыл басында маған хабарласып, балаларға арналған кітап жазуға ұсыныс тастады. Бұрын балалар тақырыбына қалам тербеп көрмегендіктен алдын-ала уәде беру қиынға соқты. Сондықтан біраз уақыт берулерін өтіндім. Бірақ қалайда шабытымды қамшылай отырып, 2-3 күннің көлемінде табысталған тақырыптар аясында тақпақтар жазып шықтым. Жазған жолдарым да идея авторларының көңілінен шықты. Бұдан соң бірден корректорлардың сүзгісіне жіберіліп, мамыр айының соңында баспадан жарық көрді.

– Кітаптың бүлдіршіндерге арналған өзге туындылардан ерекшелігі неде?

– Әрбір тақпақтың жанында арнайы екі QR-код пен баланың ойлау қабілетін дамытуға арналған иллюстрациялар орналасқан. Бірінші QR-код қолданушыларды тақырыпқа сай түсірілген бейнежазбаларды тамашалауға мүмкіндік береді. Ардақ Қасымханның идеясымен жүзеге асқан бұл жүйе тақпақтың дұрыс оқылуын үйретеді. Балалар осы арқылы өлең жолдарын қайталай отырып, тез жаттай алады.

Екінші QR-код – «тегін логопед». Бұл сілтемеде өлеңдегі күрделі әріптердің дұрыс дыбысталуын білікті логопед маман көрсетеді, яғниата-аналар баласына үй жағдайында әріптерді дұрыс айтуға үйретуге мүмкіндік алады. Сондай-ақ әр тақпақтың жанында безендрілген суреттерді балақайлар өз қалауындағы түспен бояп, бедерлейді. Негізі өз басым кітаптың ішіндегі өлеңдерді жазғаным болмаса, баспаға әзіреу, дизайнын үйлестіру, ұйымдастыру жұмыстарына еш араласпадым. Маған тек тілге жеңіл тақпақтар жазып беру ғана жүктелді.

– Сонымен, бұл кітапты шығарудағы мақсат не болды?

– Идея авторларының айтуынша, бүгінгі балақайлардың тілінің  кеш шығуы, қазақша әріптерді дұрыс дыбыстай алмаулары, балабақшалардағы мағынасы түсініксіз тақпақтар осы туындыны шығауға себеп болған. Қордаланған мәселелердің шешілуіне аз да болса қолғабыс болсын деген ниетте балаларға базарлық жасауды жөн көрсе керек.

Шығарылым төрт бөлімнен тұрады. Бояу, сызумен қатар кескіндемелерді анық көру арқылы бала қолының маторикасын дамыту жағы да қалыс қалмаған. Ал, тақпақтар тізбегі алты жасқа дейінгі балаларға арналған.

– Жинақта логопед мамандардың көмегіне жүгінгендеріңізді айтып қалдыңыз. Олар қандай дыбыстардың дұрыс айтылуына басымдық берді?

– Мамадар бала тілінің кеш шығуына қалта телефонға әуестігі бірден-бір себеп болатынын айтады. Яғни, олар бейнежазбаларды көп қарағандықтан, сөйлемеуге дағдыланады. Сондықтан тақпақтарға танымдық сипатында  көбінекей  қ, р, ң, с әріптерін жиі пайдаландық. Ал білікті логопед ата-аналарға осы әрптерді қалай  дыбыстатудың әдісін үйретеді.

– Бұл еңбекті методикалық құрал ретінде пайдалануға бола ма?

– Әрине. Тіпті балабақша тәрбиешілеріне көмекші құрал болып табылады. Мысалы, егер Наурыз мейрамына арналған ертеңгілік өтетін болса, ұлттық құндылықтардың тақырыпқа арқау болары анық.   Осы ретте киіз үйдің  ішінде отырып, кітаптың ішіндегі үй жабдықтары мен  ат әбзелдері туралы тақпақтарды айтып, ой-өрістерін дамытуға септігін тигізе алады.  Жуырда өзім де ауылдағы ағайындарға барғанда жергілікті балабақшаға бірнеше данасын сыйға тарттым. Қазір кітап қолжетімді бағада сатылымға шыққанын да айта кеткім келеді. Қазақстанның барлық аймағына жеткізу қызметі де бар. Бұдан өзге «Kaspi.kz» қосымшасына да қойылды.

– Бұған дейін сұлулық пен әсем табиғатқа өлең арнап келгенің белгілі. Осы ретте бала тіліне жатық келетін жолдар жазу қиынға түскен жоқ па?

– Жалпы, балалар тақырыбы нәзік дүние. Осы ретте оларға арналған шығармалардың  аса жоғары сақтықпен жазылғаны жөн. Бала санасы мен дарыныңды ұштастыра отырып жазғанда ғана тұщымды туынды туады. Бұл жанрға бұрын жақындамаған соң, оңайға түскен жоқ. Корректорлардың көп көмегі тиді, тақпақтар жөнделді, қайта жазылды. Солай барынша «жұп-жұмыр» етіп, ел назарына ұсындық.

– Алда тағы балалар әдебиетін дамытуға үлес қосу ойда бар ма?

– Әзірге нақты ештеңе айта алмаймын. Құдай қаламымызға бұйыртса, жазылып қалар. Негізі балалық тақырыбы жаныма жақын. Бала көрсе елжірейтіннің біреуі менмін.

– Жалпы, бүлдіршіндерге арналған қазақ тіліндегі кітаптар аз деп жатады. Мұны автор тапшылығымен байланыстыруға бола ма?

– Меніңше, мәселеге басқа жағынан қарау керек секілді. Бізде тапшылық емес, бар дүниені көрсететін тапқырлық жетіспейді деп ойлаймын. Балаларға арналған шығармалар аз деуге келмейді. Небір кітаптар, антологиялардың тұсауы кесіліп жатыр. Өкініштісі, беті де ашылмай, сөрелерде шаң басып тұр. Қазір баланың қолындағы смартфонды тартып алып, кітап бергенмен оқып кетпейді. Креативті идеяларды, жаңа технологияларды пайдаланып, жақсы кітаптарды насихаттаған жөн. 

Алдағы уақытта авторлар суретшілермен, IT саласының мамандарымен, дизайнерлермен бірлесе жұмыс атқаруы керек деп ойлаймын. «Дара бала» сондай ізгі мақсаттардың алғашқы бастамасы десе болады.

Тегтер: