COVID-19: Қазақстан Ресейдің сынақ алаңына айналуы мүмкін...

Әлеуметтік желіде «Қазақстан COVID-19-ға қарсы вакцинаны Ресейден сатып алады екен» деген әңгіме қызу талқыға түсті. Алайда, тамыз айының ортасында Денсаулық сақтау министрлігі «Еліміз COVID-19-ға қарсы ресейлік жаңа вакцинаны сатып алуды жоспарлап отырған жоқ. Сынақтар аяқталғанға дейін күте тұрамыз» деген еді.
Сол кезде ҚР ДСМ ресми өкілі Бағдат Қожахметов: «Вакцина сатып алу туралы айтуға әлі ерте. Әзірге Қазақстан вакцина сатып алу жөніндегі ешқандай келісімшартқа қол қойған жоқ. Өйткені ол вакцина сынақтардың төртінші, клиникалық кезеңінен әлі өткен жоқ. Сондай-ақ, вакцина тек ресейлік сертификаттаулардан ғана емес, халықаралық сертификаттардан да өтуі тиіс. Сондықтан бұл сұрақ бойынша әзірге ешқандай шешім қабылданған жоқ», – деген.
Десе де, таяуда «Қазақстан мен Ресей коронавирусқа қарсы вакцинаны жеткізу туралы келісімге қол қойды» деген ақпарат тарады. Сапар аясында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мен РФ денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашконың арасында келіссөздер өтті. Бұл келісімшарт бойынша екпенің 2 миллионнан астам данасы елге жеткізілмек. Кейін ол 5 миллионға дейін артуы мүмкін. Қазақстан үшін вакцинаның қажетті көлемін Н.Ф.Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығы жасап беруге дайын екен. Оны Қазақстанға «Ресейдің тікелей инвестициялар қоры» тасымалдап бермек.
Тіпті, АҚШ пен Қытайдың өзі коронавирус инфекциясына қарсы екпені дайындап үлгермей жатыр. Ал Ресей екпені алғашқылардың бірі ретінде шығарып, тіркеп қойғанына таң қалуға бола ма? 11 тамызда Владимир Путин Ресейдің әлемде бірінші болып коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны тіркегенін хабарлаған еді. Путин екпенің өте тиімді жұмыс істейтінін, тұрақты иммундық жүйені қалыптастыратынын және барлық қажетті тексерулерден өткенін атап өтті. Қалай? Бәлкім, Ресей екпесін біз арқылы сынап көретін шығар, кім білсін? Әлем ғалымдары вакцинаны аз уақытта шығару оның сапасына күдік тудырады десе де, Қазақстан НЕГЕ Ресей вакцинасын алуға құлшынып отыр? Бұл вирустың мутациялануына жол ашпай ма?
Nege.kz тілшісі екпенің айналасындағы әңгіменің басын ашу үшін Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметовке және тағы бірнеше сарапшыға хабарласты.
Бағдат Қожахметов, ҚР ДСМ ресми өкілі:
Ешқандай келісім-шартқа қол қойылған жоқ
– Ең алдымен ресейлік екпені алуға ешқандай келісім-шартқа қол қойылған жоқ. Неге десеңіз, екпе әлі дайын емес. Мәскеуде болған кездесу барысында алдын ала келісім жүрді. Яғни, Ресей тарапынан екпе дайындалса және ол халықаралық стандартқа сәйкес келсе, онда «Қазақстан сатып алуға дайын» деген меморандумға қол қойылды. Екпенің бағасы қанша немесе неше дана сатып алынатыны да белгісіз. Себебі, екпе әлі дайын емес. Ең бастысы, Үкіметтің мақсаты – кез келген мемлекет, зертхана, фармацевтикалық компаниялармен алдын ала келіссөз жасап, екпе қалай дайын болады, соны тез арада Қазақстанға алдырту. Сөйтіп, кем дегенде халықтың 10 пайызына екпені егу қажет.
– Мұндай меморандум Ресеймен ғана жүргізілді ме?
– Қазір Еуропаның кейбір мемлекетінде «Ресей сияқты жетістікке жеттік» деген ақпарат бар. Олар «Бізде де екпе дайын» десе, біз ол жаққа да барып, меморандумға қол қоямыз. Ең басты мақсат – тек қана Ресей мен Қытайдың екпесін алу емес. Мейлінше, екпені көбірек алу. Бірақ Ресей бұл жағынан басқа мемлекеттерге қарағанда алдыңғы қатарда келе жатыр. Біз екпе бітіп қалмасын деп ертерек әрекет жасадық. Неге десеңіз, қазір Ресейге басқа да мемлекеттер барып, келісім-шартқа қол қоюда.
– Біздің отандық ғалымдар да әжептәуір жетістікке қол жеткізді деп еді...
– Әлбетте, отандық ғалымдардың жетістігі бар. Денсаулық сақтау министрлігі «денсаулық» деген сөзге қарамастан, кез келген дәрі-дәрмек, екпені жасамайды. Тек дайын болған препараттарды хаттама бойынша қолданып, науқастарды емдейді. Екпе мәселесінің жай-жапсарын Білім және ғылым министрлігі нақты білуі керек.
– Жұртты мазалайтыны – «Ресейдің тағы бір сынақ алаңына айналып кетпесек болғаны» деген қорқыныш қой...
– Жо-жоқ, Үкімет ешқашан өз халқына ондай қастандық жасамайды.
Жақсылық Досқалиев, Денсаулық сақтау экс-министрі:
Екпе – адам өмірін аман алып қалатын жалғыз жол
– Қазір біз коронавирустің қатерлі екенін білдік. Аз уақытта қаншама адамнан айрылып қалдық. Оның ішінде танымал адамдар көп. Бұл – бір. Екіншіден, бұл – өте қатерлі дерт. Әзірге елден кетпейтін індет. Кеше Президент те бұл вируспен әлі екі жылдай күресеміз деді. Демек, бізде бұл вирусқа қарсы қолданатын шара көп емес. Бұған қарсы жалғыз жол – екпе. Ол Ресейдікі бола ма, басқаныкі бола ма, бізге халықтың өмірін сақтап қалу керек. Әсіресе, жасы келген, созылмалы ауруы бар адамдарды аман алып қалу маңызды. Сондай-ақ, Президент жолдауында халықтың санын көбейту үшін арнайы бағдарлама қабылдауды тапсырды. Демек, бізге адамның саны ауадай қажет. Одан бұрын 18 млн-ға толар-толмас халқымыздан шашау шығармау керек. Сондықтан екпе – адамның өмірін аман алып қалатын бір жол. Егер министрлік меморандумға қол қойса, мұны дұрыс деп санаймын. Бізге қолұшын берген әл елдің көмегін алғыс айтып қабылдауымыз керек. Себебі, әзірге өзімізден шығып жатқан екпе жоқ. Қазір ғалымдар шама-шарқынша жұмыс істеп жатыр. Бізде де алдағы уақытта дайын боп қалуы мүмкін. Бірақ бізде күтетін уақыт жоқ. Алдымызда күз, қыс келе жатыр. Осы мезгілде болатын тұмау бар. Оған коронавирус қосылса, тағы да адам шығынына әкелуі мүмкін.
Зәуреш Аманжолова, ҚР Парламентінің мәжіліс депутаты:
Екпені салдыру, салдырмау да адамның өз еркінде
– Екпе керек нәрсе. Қазақстанға келетін дәрі-дәрмек болсын, екпе болсын, бәрі сараптамадан өтеді. Меморандумға қол қойған бір бөлек, оның сапасы ыждақатты түрде тексеріледі. Басқа мемлекеттер де Ресейден екпе сатып алу үшін келіссөз жасап жатыр. Қазір екпеге қарсылық танытушылар көп. Алдын ала әңгіме көп айтылады. Бұл біреуден тығылып, жасырын істейтін нәрсе емес. Сосын оны салдыру-салдырмау да адамның өз еркінде. Халықтың 10 пайызына ғана жетеді дейді. Әуелі арнайы категориядағы адамдарға салынады. Ресей де өз халқының денсаулығын ойлап, жасап жатқан шығар. Мәселе – сапасының жақсы болуында. Егер сараптамадан өтсе, сатып алуға болады.
Қайырғали Конеев, балалар невропотологы:
Коронавируспен ауырған адамға екпе салудың қажеті жоқ
– Біріншіден, Ресей ғалымдары дайындап жатқан екпе әлі дәлелденген жоқ. Екіншіден, оның тиімділігін анықтау үшін кемінде 1000 адамға егу керек. Үшіншіден, оның қауіпсіз екеніне көз жеткізу керек. Оған біраз уақыт қажет. Білуімше, бұл екпе қаңтар айында дайын болады. Сонда Қазақстан екпе егудің сынақ алаңына айналмақшы ма? Қазір АҚШ-та екпе дайындап жатыр. Міне, олардың екпесі тиімді әрі қауіпсіз болуы мүмкін. Ал Ресейдің екпесіне күмәнім бар. Егер зертхана қожайындарына сенсек, біздегі халықтың 60-70 пайызында ПТР-тестте коронавирус инфекциясы анықталмаса да, антидене қалыптасып үлгерген. Бұл бізде ұжымдық иммунитет жүріп жатыр деген сөз. Сондықтан Қазақстан халқының 60-70 пайызы симптомсыз түрде де, ауыр түрде де Covid-19 диагнозына шалдықты. Демек, бұл адамдарға екпе салудың қажеті жоқ. Екпе не үшін салынады? Екпе – ұжымдық иммунитетті көтеру үшін керек. Егер адам вирус жұқтырғанын білмей, екпе салдырса, онда аутизмдік дертке шалдығуы мүмкін. Тіпті, мутацияға ұшырауы ықтимал. Бұл да қауіпті. Сол себептен екпені инфекция жұқтырмаған адамға салу қажет. Ал мұны кім зерттеп жатыр?
Мамандар пікірі осындай. Алайда, Covid-19-ға қарсы екпеге қашан қол жеткізетініміз белгісіз. Бір белгілісі, қазір ресейлік ғалымдар екпені 40 мың ерікті адамға егіп, сынап жатқан көрінеді.