Covid-19: Ауылдың хәлі нешік?
Карантиннің қатаң талаптары журналистердің де аяғына тұсау салды. Қазір БАҚ өкілдері көппен бірге қалада «қамалып» отыр. Ал ауылдың жағдайы қалай? Азық-түлік қаншаға қымбаттады? Індеттің алдын алу үшін не істелініп жатыр? Әкімдік халықтың мұң-мұқтажын ұмытып кеткен жоқ па? Алматы карантинге жабылғанда кордонның сыртында қалған «Nege.kz» тілшісі кеше Талғар ауданының Қызылқайрат ауылын аралап шыққан еді.
«Азық-түлікті тұрақтандырамыз»
Қызылқайрат – Алатау ауылдық округінің орталығы. Округке Байбұлақ, Ақбұлақ, Рысқұлов секілді шағын 10 ауыл кіреді. Қызылқайратта 11 мыңнан аса, ал округ бойынша 18 мыңға жуық халық бар. Жұртшылық азық-түлікті негізінен Талғар қаласындағы бірнеше базардан сатып алады. Оның бағасы бұрынғыдан едәуір көтерілген. Қатты қымбаттағаны – сарымсақ пен лимон. Бір дана лимон базардың өзінде 180-190 теңге, ал сарымсақтың бір талы 150-170 теңге тұрады.
Дегенмен Алатау ауылдық округінің әкімі Қуатбек Смағұлов «Бағаны тұрақтандыру үшін жасалып жатқан нақты шарамыз бар» дейді. Оның айтуынша, Талғар ауданына қарасты ауылдық әкімдіктер «Жетісу» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен жұмыс істеп жатыр екен. Келісім бойынша, бүгін-ертең Талдықорғаннан ұн, сұйық май, қант, картоп, пияз секілді ондаған азық-түлік түрлері жеткізілуі керек. Оны әкімдік дүкендер мен сауда орындарына таратады. Бағасы нарықтан арзан болады. Алайда дүкен иелері мен саудагерлер бұл азық-түліктің де бағасын көтеріп жібермесіне кім кепіл?
Бұл сауалымызға Қуатбек Смағұлов былай деп жауап берді: «Тауарды халыққа жеткізудің жалғыз жолы – осы. Өйткені әкімдіктің азық-түлікті сатуға мүмкіндігі де, құқы да жоқ. Әрине, дүкендер оған аздаған үстеме қосады. Себебі сатқан еңбектері ақталуы керек. Бірақ әр азық-түлік бойынша белгіленген баға бар. Сол бағадан асып кетпеуін әкімдік қадағалайды».
30 наурыз күні Қызылқайрат ауылында дизенфекциялау жұмыстары жүргізілді. Бұл шараны әкімдік қаржыландырған. Халық жиі баруы мүмкін делінген мешіт, дүкендер, сауда орталықтары жанармай құю бекеттері тәрізді округ бойынша жүзге жуық нысан зарарсыздандырылыпты.
Ауыл әкімі біздің тілшімізге «індеттің алдын алуға қатысты тындырған бір шаруамыз – мынау» деп қабылдау пунктін көрсетті. Тазалық сақталмаған жерде инфекцияның өршитінін ескерсек, бұл пункт расында да пайдалы. Мәметова мен Малькеева көшелерінің қиылысына жақын (мектепке барар жолда) орналасқан бұл жерде жұрт қоқысқа тастай беретін талай дүние қабылданады. Және оны әкелген жандарға азын-аулақ тиын-тебен беріледі.
«Халық ашықса, сабырдан айрылады»
Коронавирус қаупіне байланысты қазір халық намазын үйде оқып жүр. Бірақ бүгінгідей қиын-қыстау кезеңде мұқтаж жандарға көмектесуге ниет білдіргендер алдымен осы мешітке келетіні белгілі. Қызылқайрат мешітінің имамы Айдын Жеңісұлының сөзіне қарағанда, ауылда мұқтаж жандар аз емес.
«Қазақстан діни басқармасының бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен, бүкіл еліміз деңгейінде хатым құран аударылып, қайырымдылық шаралары атқарылып жатыр. Осындай алмағайып заманда жұртқа жақсылық жасап, сауабына кенелсем дейтін кісілер біздің ауылда да аз емес. Кейде қаладан да көмектескісі келетін жандар хабарласады. Олардың барлығына Алла разы болсын айтып, алғыс білдіреміз. Әкімдік бізге жиырма шақты отбасының тізімін берген. Көмек соларға жасалып жатыр. Өткенде бір кісі келіп, 3 отбасын барлық қажетті азық-түлікпен қамтыды. Тағы бір кісі 5 отбасына осындай жәрдем көрсетті. Күні кеше Алла жолындағы бір азаматтың ұсынысымен мешітте құрбан шалынып, еті 7 отбасына бөлініп берілді. Біздегі бір ерекшелік, мұқтаж адамдарға қол ұшын созғысы келгендер әкелген дүниесін мешітте қалдырмайды. Оларды имам мұқтаж адамның үйіне өзі ертіп барады. Себебі қазіргідей қиын кезеңде адамға тән азығы ғана емес, жаны азығы да керек. Халық ашықса, сабырдан айрылады. Сондықтан азық-түлік беріп қана қоймай, шариғи тұрғыда сабырға шақыру жұмыстары да жүргізілуі керек. Бір жағынан өзінің жәрдемі шынымен де мұқтаж жанға бұйырғанын көру – кеңшілік жасаған адамға да ләззат сыйлайды» дейді ауыл имамы.
Волонтерге айналған ұстаздар
Қоғамдық жұмыстарға жиі тартылатын ұстаздар қауымы ел басына күн туған қазіргідей кезеңде де үлкен шаруа атқарып жатқан сыңайлы. Мәселен әкімдік берген ақпаратқа қарағанда, №16 мектеп ұжымы 250 маска тігіп, мұқтаж отбасыларға тегін таратқан. Сондай-ақ, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды азық-түлікпен қамтыған.
«Nege.kz» тілшісі Қызылқайрат ауылындағы №19 көпсалалы мектеп-гимназиясына бас сұққан еді. Мектеп директоры Болат Нәкеев былай деді:
«Алатау ауылдық округының әкімі Қуатбек Нығметұлының және мектеп басшылығының ұйымдастыруымен, көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға, мүгедектерге, толық емес отбасыларға, ұзын саны 15 шаңыраққа азық-түлік себеті табысталды. 10 отбасыға ішінде қажетті дәрі-дәрмектері, антисептигі мен маскасы бар медициналық аптечка берілді. Ерікті ер мұғалімдер 3 топқа бөлініп, ауылдағы 15-ке жуық нысанды дезинфекциялады».
Осы тұста бізді бірнеше сауал қатар мазалаған. Алғашқысы, ұстаздардың дезинфекциялау жұмысына қатысуы дұрыс па? Оларға бұл еңбегі үшін ақы төлене ме? Екіншісі, азық-түлік себеті мен медициналық аптечканы мектеп қандай ақшаға сатып алады? Үшіншісі, мешіт те, әкімдік те, мектеп те тек тізімге ілінген жиырма шақты отбасыға азық-түлікті үйіп төге бере ме? Қазіргі қиындыққа байланысты жағдайы нашарлаған басқа да отбасылар шықпасына кім кепіл?
Болат Нәкеевтің айтуынша, дезинфекция жұмысына қатысқан ұстаздарға ешқандай ақы төленбейді. Өйткені олар – еріктілер. Оларды бұл шаруаға ешкім мәжбүрлеп жатқан жоқ. Тек ер азаматтар емес, еріктілер қатарында азаматшалар да бар. Олар азық-түлікті сатып алуға, себетті әзірлеуге, таратуға жәрдем береді екен.
«Ел басына күн туып тұрған сәтте көмек қолын созамын деген адамның бетін қағу дұрыс емес. Еріктілер қатарында тек ұстаздар ғана емес, ауыл тұрғындары, үлкендер де, жастар да бар. «Біз біргеміз» акциясы жұртты жұмылдырды. Біреу қол көмегін, енді біреу қаржылай көмек көрсетіп жатыр. Мұқтаж жандарға берілетін тауарлар - әкімдік пен мектеп басшылығының ұйымдастыруымен, жекелеген адамдар, кәсіпкерлер берген қаржыға сатып алынады» деді мектеп директоры.
Соңғы сауалымыз бойынша алған жауабымыз мынадай болды: әкімдік тізіміндегі мұқтаж отбасылар саны жиырма шақты болса, мектептің әлеуметтік картасындағы отбасылар – отыз бес екен. Бұл қатарға жетім-жесірден бөлек, балаларына мектепке қажетті құрал-жабдықтарын әперуге дәрменсіз ата-аналар да кірген.
Бір аптадан кейін білім беру ошақтары қашықтан оқытуды бастайды. Бұған мектеп қаншалықты дайын?
«Педагогикалық кеңес болсын, пән бірлестігінің жиыны болсын, осының бәрін қазір интернет арқылы өткізіп отырмыз. Соңғы бір апта бойы ұстаздар ата-аналармен хабарласып, кері байланыс орнатты. Кейбір интернет желісі жетпейтін жерлерге Аудандық білім бөліміне сұраныс жолдап, «Қазақтелекоммен» жұмыс істеп жатырмыз. Үйінде компьютері жоқ 30 оқушы мен кейбір ұстаздарға мектеп балансындағы ноутбуктер уақытша пайдалануға берілді. Қашықтан оқытуға сақадай саймыз» дейді Болат Нәкеев.
Әрине, дұрысты дұрыс деу керек. Қазіргідей өліара кезеңде көпшілік үшін атқарылған шаруаның бәрі маңызды. Алайда тілшіміз бұл материалын өзінің көріп, көңіліне түйгені бойынша әрі әкімдік пен мектептің ресми мәліметі негізінде әзірледі. Бір сапарда бүкіл ауыл тұрғындарының талап-тілегін ұғып шығу да мүмкін емес. Сондықтан ресми мәліметтерге «түзету» енгіземін, көтерілген тақырыптың көзге көрінбей қалған тұстары бар дейтін оқырмандар болса, редакцияға хабарласар деген үміттеміз. «Nege.kz» оқырманның ой-пікірі мен талап-тілегін жерде қалдырмайды.