Чу мен Жамбыл қылмыспен бірлесіп күреседі
Жамбыл облысына Қырғызстан ІІМ өкілдері келді. Чу облысы Ішкі істер басқармасының бастығы Сапарбек Асаналиев және Талас облысының ІІБ бастығы Марлис Асанов бастаған делегацияны Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин күтіп алған.
Кездесуде Қазақстан мен Қырғызстан тәртіп сақшылары өңірлер аумағында ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес бойынша кеңейтілген жиын өткізіп, өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың тиімді тұстарын талқылапты.
Расында, малы аралас, қой қоралас қос аймақтың қылмыс әлемі де мидай араласып жатады. Ұрлық малды ары-бері асыратын барымташылар, оны саудалап беретін сыбайластары көп. Мәселен осыдан төрт жыл бұрын мал ұрлығына қатысты қылмысқа Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының араласуына тура келген. Ұлттық бюро мен Жамбыл облысының полициясы бірлесе өткізген іс-шарада ұрыларға қақпа ашып беріп, ақысын алатын шекара қызметкерлері де ұсталған еді.
Сондықтан осы кездесуде Жамбыл облысы ПД бастамасы бойынша көрші елге малды алып кету және әкелу деректерi тiркелетiн арнайы база құрылды. Бұл мал ұрлығының алдын алу жұмыстарын жақсартуға айтарлықтай мүмкіндік береді деген сенім бар.
Қазақстаннан көрші елге жиі өтетін ұрлық заттардың бірі – ұялы телефон. Бірлесе жұмыс істеудің мынадай да пайдасы бар: осыдан бір ай бұрын ғана Бішкек милициясы телефон, планшет және ноутбуктарды ұрлап, сатумен айналысқан қылмыстық топты қолға түсірген еді. 11 адамнан тұратын ұйымдасқан топ мобильді телефондардың сериялық нөмірлері мен имей-кодтарын өзгертіп, қайта саудалауды жолға қойған болып шықты. Олардан 1700-ден астам мобильді телефон, 7 ноутбук, 5 планшет тәркіленген. "Гаджеттерді сату схемасына қатысы бар" делінген екі адамның қолға түсуіне Алматы полициясы көмектескен. Себебі сол, тәркіленген дүниенің көлемді бөлігі Алматыдан ұрланған екены. Сондықтан Бішкек милициясы 278 мобильді телефонды Алматылық әріптестеріне қайтарған.
Телефон ұрлығы мәселесі осы кездесуде де сөз болды. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Чу облысы Сокулук ауданының тұрғынынан 27 ұрланған телефон табылып, тәркіленіпті. Тексере келгенде, оны "тараздық" сумақайлар жеткізгені анықталған. Ал сатып алған адам оны Бішкекте қайта саудалауды жоспарлаған.
Бірлескен жұмыстың бір нәтижесі деп мынаны айтуға болады: Қырғыз тарапының ақпаратына сәйкес, ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін биыл Жамбыл облысының аумағында іздеуде жүрген 11 қылмыскердің мекен-жайы анықталыпты. Ал қызғызстандық сақшылар Тараз полициясы шарқ ұра таппай жүрген 1 қауіпті қылмыскердің қолға түсуіне мұрындық болған.
Бұдан бөлек, кездесуде Жамбыл облысында төленбеген айыппұлдары бар Қырғыз Республикасында тіркелген көлік құралдарын анықтау бойынша да сұрақтар талқыға түсті. Арманбек Баймурзин ұрлыққа, ұйымдасқан қылмысқа, есірткі саудасына, экстремизм мен терроризмге, заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жөніндегі бірлескен жұмыстар айтарлықтай нәтиже беретінін атап өткен.
Ең бастысы, енді бірлескен жұмыстарды жандандыруға екі елдің жергілікті жағдайды жетiк меңгерген шекара маңындағы аудандық полиция бөлімдері мен учаскелік полиция қызметкерлерi де білек сыбана кіріседі. Оларға жаңа міндеттер жүктеледі. Жедел ақпарат алмасу тетіктері жетілдіріледі.