24 Қаңтар 16:21
...

«Бізді Бил Гейтс пен Илон Маск ойлауы керек пе?» – Депутат

Илон Маск
Фото: peopletalk.ru

Бүгін Парламент Мәжілісінде Алматыдағы жер сілкінісіне қатысты мәселе көтерілді. Жерасты дүмпуі туралы халыққа не үшін ескертілмегенін Цифрлық даму вице-министрі технологияның әлсіздігімен түсіндірді.

Парламент Мәжілісінің кезекті отырысында «Байланыс, цифрландыру және ақпараттандыруға қатысты» заң жобасы қаралып жатқанда депутат Сергей Пономарев Алматыдағы жер сілкінісі кезінде тиісті органдардан халыққа ешқандай ескерту жасалмағанын айттып өтті.

Пономарев
Фото: ғаламтордан

– Кеше Алматыда жер сілкінісі болғанын білесіздер. Ол Қазақстандағы халықты ақпараттандырудың кемшілігін айқын көрсетіп берді. Күшті жер дүмпуі Қырғызстанда, Өзбекстанда және Қазақстанда сезілді. Ал бұл туралы алматылықтарға Google Android арқылы хабарлады. Біз неге екені белгісіз, ақпаратты ТЖМ мен ұлттық операторлардан емес, әлемдік қызметтерден алдық.

Осы тұста мынандай сұрақ туындайды: Қиын-қыстау жағдайда бізді кім ойлауы керек? Билл Гейтс пе, әлде Илон Маск па? Біздің ескерту жүйемізде не болып жатыр, неге байланыс арналары іске қосылмайды? – деді депутат С.Пономарев.

Аталған заң жобасын әзірлеген депутат Екатерина Смышляева Сергей Пономаревтың сұрағына былай жауап берді:

Смышляева
Фото: ғаламтордан

– Иә, бізде расымен де ақпарат таратуда тежеліс болды. Кім кінәлі екені қазір анықталып жатқан болар. Мүмкін, ақпарат көзінен мәлімет уақытында жіберілмеген болар немесе ақпараттандыру жүйесі дұрыс жұмыс істемеген шығар. Қазіргі заңда төтенше жағдайда байланыс операторлары халыққа қысқаша хабарлама жіберу арқылы ақпараттандыру міндеттелгені жазылған. Бірақ қысқа хабарламалар уақытпен шектелмеген. Олар бір күн ішінде жіберілуі мүмкін. Сондықтан заңға «жедел хабарлама» туралы түсінік енгізу керек шығар. Мұны заң жобасы аясында жұмыс істеу кезінде қарастыра аламыз.

Сондай-ақ, кең ауқымды тарату технологиялары бар. Бірақ олар өндірістік қолданысқа енгізілген жоқ, тек қана пилоттық режимде жұмыс істеп көрді. Оны бюджет комиссиясы шеңберінде қарастыру керек. Яғни қаражатқа тікелей байланысты, – деді депутат Е.Смышляева.

Журналистердің сұрағына жауап берген Цифрлық даму вице-министрі Асхат Оразбек халыққа дер кезінде ақпараттың жетпей қалғанын технологиядан көрді.

Оразбек
Фото: ғаламтордан

– Мәселе – технологияда. СМС азаматтарға баяу жетеді. Төтенше жағдай кезінде халықты дереу ақпараттандыру немесе оларды бір жерге бағыттау мүмкін емес. Кеше ғана бұл мәселені талқыладық. Әлемде жедел хабарлама технологиясы бар. Ондай технологияны біздің операторлармен бірігіп жасағанбыз. Ол технология сынақтан өткен, – дейді вице-министр.

Алматыда жер сілкінісі бірінші рет болып тұрған жоқ. Қала сейсмикалық қауіпті аймаққа жататыны бұрыннан белгілі. Алайда әр кез қала халқы да, тиісті мекемелер де төтенше жағдайға дайын емес екенін көрсетіп келеді. Алматыдағы жер сілкіністері туралы ақпаратты кейде халық Қазақстанның емесе, шетелдің сейсмикалық орталықтарынан біліп жатады.

2017 жылы да 4 балдық жер сілкінісі болып, халық тағы да ресми хабарламаны кеш алғанын айтып шағымданған болатын. Ал жедел хабарлама жеткізу туралы заң мен технология енді қаралып жатыр.

– Бүгін депутаттармен бірлесіп осы мәселені талқыладық. Бұл мәселені екінші оқылымға дейін енгізу туралы келістік, – дейді Асхат Оразбек.

Бірақ, төтенше жағдай кезінде халыққа ақпаратты жедел жеткізетін жаңа технология қашан енеді, оған қанша қаражат бюджеттен бөлінеді және оны іске қосу қанша уақытты алатыны белгісіз.