Бюджет «емген» өңір. Триллиондар НЕГЕ Түркістан облысының көсегесін көгерте алмады?

Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесі берілген күннен бастап-ақ өңірдің инфрақұрылымы мен экономикалық әлеуетін көтеруге қыруар қаржы жұмсалды. Алайда, 2018 жылдан бері қайта түлеуге, қайта жаңғыруға тиіс киелі шаһардың жағдайы оңалды ма?
Кімге тоқшылық, кімге жоқшылық...
Мәселен, 2018 жылы Түркістан облысына тартылған инвестиция көлемі 288,1 млрд теңге болса, 2019 жылы 441,2 млрд теңгеге жеткен. Ал 2020 жылы облысқа 703,3 млрд теңге инвестиция бағытталып, 2018 жылмен салыстырғанда 2,4 есеге артқан. Әрине, мұның ішінде ішкіден бөлек, сыртқы инвестиция көрсеткіші де басымдыққа ие. Тіпті, 2020 жылы жеке инвесторлар есебінен жалпы құны 154 млрд теңгеге 37 инвестициялық жоба іске асырылып, 3800 жаңа жұмыс орны ашылғанын сүйіншілеген.
Ол ол ма, былтыр негізгі капиталға салынған инвестициялар индикаторы 1 трлн 133,8 млрд теңге көлемінде бекітіліп, өңірге 467 млн АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция тартылса, облыс экономикасына 972 млрд теңге құйылған. Жылдан жылға көлемі артып жатқан инвестиция өңірдің экономикасын әупірімдегені былай тұрсын, жұмыссыздық мәселесін де шеше алмаған сыңайлы.
Сөзімізге дәлел – Түркістан облысы Қазақстандағы ең кедей өңірдің көшінен түспей тұр. Кей дерекке қарағанда, өңірде кедейлік шегінде тұрған 300 мыңға мыңға жуық адам бар. Бұл – жоқшылық, дұрыс тамақтанбау, білімге және басқа да негізгі әлеуметтік қызметтерге қол жеткізе алмау деген сөз. Дәл осы санаттағылар әлеуметтік теңсіздікке ұшырап, қоғамнан оқшауланып, өз бетінше өмір сүріп жатыр. Содан ба екен, жағымсыз оқиғалардың көбі Түркістан облысында тіркеледі. Ол жасөспірімдердің өзіне қол жұмсауы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, педофилия, тағысын тағы. Өзіне-өзі қол жұмсау дерегі бойынша Түркістан өңірі тағы да тізімнің басында.

Сарапшылардың айтуынша, ондағы әрбір оныншы тұрғын жоқшылықтың зардабын тартып келеді. Соның салдарынан өңір халқы қайда екі қолға күрек бар, сол жақтан нәпақасын теріп жүр. Әрине, жетіскеннен емес, бала-шағаны асырау үшін. Осыдан бес жыл бұрын жұмыссыздардың ресми саны 44 мың адам болса, соңғы статистика сәл азайғанын көрсеткен. Көз көріп, құлақ естіген жайттарды есепке алсаңыз, статистикаға да сенім аз.
Бір қызығы, Түркістан облысында жұмыссыздық пен кедейлік мәселесі өршіп тұрғанына қарамастан, әкімдік негізгі капитал – халықтың жыртығын жамайтын, әлеуметтік көмекке бағытталған шығындарды жыл сайын қысқартып отырады. Есесіне, қаражатты қаланы дамытуға, көркейтуге, сыртқы имиджін қалыптастыруға құйып әлек. Халқың кедей боп, жұмыссыздық азаймай тұрғанда «Өзің диуанасың, кімге пір боласың?» дегің келеді.
«Пенопласттан салынған үлкен ауыл»
Әлбетте, бұрын «үлкен ауыл» іспеттес болған көне шаһардың облыс орталығына айналуы бір күндік шаруа емес. Мәдени, рухани қаланың одан әрі кемелдене түсуі үшін түрлі жоба қолға алынды. Оның ішінде қыруар ақша жұмсалса да, сәтсіз жүзеге асқандары жетерлік.
Мәселен, Түркістан қаласында 2021 жылы көктемде ашылғаннан-ақ шу болған Орталық Азиядағы ең ірі «Керуен сарай» туристік кешенінің құрылысына көзделген 87 миллиард теңгенің жартысына жуығын Қазақстанның даму банкі бөлген еді. Сол кезде жергілікті билік жаңа кешен туристерді тартып, тұрақты жұмыс орындарын көбейтеді және алдағы 20 жылда бюджетке 18 миллиард теңгеден астам салық аударымдары түседі деп жоспарлаған-ды.
Алайда, көп ұзамай бірнеше миллиардқа салынған кешеннің сапасы сыр беріп, қабырғасы кірпішпен емес, кәдімгі желге ұшып кететін пенопласттан қапталғаны әшкереленді.

Облыстың сол кездегі әкімі Өмірзақ Шөкеев пенопласт арзан әрі тиімді құрылыс материалы болғандықтан барлық жерде қолданылатынын айтып ақталғаны есте. Сонда елімізде туристік нысандардың үздік ондығына кірген «Қазақстандық Венеция» атанған кешенге жұмсалған қыруар қаражаттың қайтарымы болды ма, жоқ па, бағамдай беріңіз. Тіпті, осы «сырты бүтін, іші түтін» нысаннан кейін көзге іліп алар құрылыс жұмысы жүріп жатқаны да белгісіз.
Түркістанға мәртебе берілгенмен, мәселесі көп
Күні кеше президент «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңға қол қойып, еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі танымал қаланың мәртебесін бекітіп берді. Іле-шала мемлекет басшысы жақында ғана тағайындалған облыс әкімі Нұралхан Көшеровті қабылдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші мен алдағы кезеңге арналған жоспарын тыңдады.
Бұған дейінгі әкімдердің не тындырғаны жұрт алдында ғой, жаңа әкімнің де сөз жүзіндегі жобасы аз емес екен. Атап айтқанда, ирригация нысандарын қайта қалпына келтіру үшін Ислам даму банкінен қаржы тартылатынын, қазіргі кезде 135,5 миллиард теңгеге 24 жобаны қаржыландыру мақұлданғанын жеткізді. Бұдан бөлек, Түркістан қаласын және жақын маңдағы 6 ауданды сумен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы жүргізіліп, «Боралдай» су қоймасының жобасы әзірленіп жатқанын айтты. Мақта-тоқыма кластерінде құны 197 миллиард теңге болатын 5 жоба іске асырылмақ.
Халқы тығыз қоныстанған өңірде әлі күнге мектеп тапшы, ауыз су мәселесі күрделі. Тағы да сөз жүзіндегі есепке қарасақ, биыл өңірде 32 мектеп салынып, 41 білім ошағына күрделі жөндеу жүргізіледі екен. Ал тіршілік нәрін арықтардан ішіп отырған тұрғындарды ойлап жатқан кім бар?

Түркістан облысының Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтаарал аудандарындағы тұрғындар ауыз суды Өзбекстаннан келетін каналдар арқылы санитарлық талаптарға сай емес ашық су көздерінен алса, жекелеген елді мекендер минералдылығы жоғары жер асты су көздерін пайдаланады. Сорақысы сол, Келес ауданындағы 56 ауыл суды кестемен алып, тұтынып отыр. Сол сияқты Шардара қаласына да су трансшекаралық өзеннен келетіндіктен, су деңгейі 1 млрд текше метрден төмендеп кетсе, өңірде ауыз су тапшылығы орнайды.
Ауыз су мәселесін шешуге 2025-2026 жылдары шамамен 33 млрд теңге көлемінде қаражат жұмсалмақ. «Өңірдегі 807 елді мекеннің 70-інде орталықтандырылған су құбыры жоқ. Биыл 30 елді мекенді орталықтандырылған су құбырына қосамыз. 40 елді мекенді сумен қамту 2025 жылға қалады. Жалпы өңірде сумен қамтуға қатысты 100-ге жуық жоба жүзеге асырылмақшы», – деген облыстың бұрынғы әкімі де істі аяқтамай кетті.
Бөлінген қаржы діттеген жеріне жетті ме?
Қаржыгер Әлібек Жақсылықов соңғы жылдары мемлекеттің Түркістанға қанша қаржы бөлінгенін және мұның қандай нәтижеге әкелгенін есептеп көріпті. Оның есебі бойынша, кейінгі бес жылда облысқа құдды екінші Астананың бюджеті сияқты республикалық бюджеттен бес триллион теңгеге жуық қаржы құйылған.
2020 жылы – 766 млрд теңге;
2021 жылы – 794 млрд теңге;
2022 жылы – 939 млрд теңге;
2023 жылы – 1 203 млрд теңге;
2024 жылы – 1 246 млрд теңге.
Ал 2025 жылға 1 103 млрд және тағы 1,1 трлн теңге бөлу жоспарланған. Бір қызығы, бір ғана облыстың бюджеті қалған төрт облыстың бюджетімен тең.
Түркістан облысы халқы тығыз орналасқан, туу деңгейі жоғары, ең бастысы басқа өңірлермен салыстырғанда кедей өңір екенін ескерсек, бес жылда жағдай мүлдем өзгермепті. «Баяғы жартас – сол жартас», Түркістан облысының экономикалық әлеуеті де, халқының әлеуметтік ахуалы да жақсара қоймаған.
Өңірдегі құрылыс саласына қатысты көзге ұрып тұрған жайтқа да тоқталмау мүмкін емес. Айталық, 2023 жылы Түркістан облысында жаңа тұрғын үйді пайдалануға беру 0,9 млн шаршы метрді болса, сол кезде бүкіл Қазақстан бойынша 17,5 млн шаршы метрге жеткен. Мұндағы өңірдің үлесі – 5 пайыз ғана.

«Салыстырмалы түрде айтсақ, Ақтөбе облысында 1,3 млн шаршы метр, ал Қызылорда облысында 0,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Яғни, облыста рекордтық деңгейде тұрғын үй құрылысы жүріп жатқан жоқ. Осыдан кейін «Бұл триллиондаған теңгенің бәрі қайда жұмсалды?» деген заңды сұрақ туындайды. Ал бірақ былайғы жұрттың көбі жаңалықтан, не болмаса көзбен тек пластиктен жасалған әдемі «Венецияны» ғана көрді», – деген таңданысын да жасырмады.
Өңірде туризм саласының 3 негізгі бағыты айқындалған: тарихи-танымдық, экологиялық және емдік-сауықтыру туризмі. Статистикалық мәліметте, былтыр жыл басынан облысқа 400 мыңнан астам турист келсе, Е-qonaq жүйесіндегі дерекке сәйкес 2024 жылдың 10 айында 19 мың шетелдік турист саяхаттаған. Десе де, мамандар осыншама қаржы құйылып жатқан өңір үшін бұл көрсеткіш көңіл көншітпейтінін айтады. Сонда миллиардтардың жемісі мен қайтарымы қайда?
Түркістандықтар үшін Нұралхан Көшеров жаңа адам емес. Ол 2023 жылдан бастап күні кешеге дейін облыс әкімінің орынбасары болды. Ендеше, Түркістан облысындағы түйткілдің бәрін біледі деген сөз. Бірақ біліп қана қою аздық етеді, сол түйткілдерді шешу қолынан келе ме? Мәселе осыда...