27 Ақпан 14:48

Бурахан Дақанов: Үкімет алмұрт ағашынан алма күтіп отыр

Көш
Фото: әлеуметтік желіден

Таяуда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасының еш нәтиже бермегенін айтты. Оған негіз де жоқ емес. Оңтүстік, батыс аймақтарда және мегаполистерде халық саны айтарлықтай өссе, солтүстік аймақтарда, керісінше, азаю үрдісі байқалған.

Десе де, бұл пікірмен келіспейтін азаматтар да табылды. Соның бірі – Тәуекел ұйымының жетекшісі Бурахан Дақанов.

«Балық аулаудың қыр-сырын үйренгісі келген адам ақыл кеңесті балықшыдан барып сұрайды. Етік тігудегі мәселелерді, проблеманы білгісі келген адам етікшіден ақыл сұрайды. Ал бір қызығы, Сенат басшысы: «Солтүстікке адамды қалай көшіреміз, неге көш жүрмей жатыр?» деп Астанада кабинетте отырған адамдардан сұрапты. Құдай-ай, бізден сұраңыздаршы, айтамыз ғой», – деп жазды ол әлеуметтік желіде.

NEGE тілшісі Бурахан Дақановтың өзіне хабарласып, теріскейге бағыт алған көштің мәселелері жөніндегі көзқарасын сұрады:

– Солтүстікке көш бағдарламасы нәтиже бермеді деген пікірмен өз басым келіспеймін. Өйткені, бұл бағдарлама өзіне жүктелген міндетті жақсылы-жаманды атқарып шықты. Менің ойымша, бұл жерде бір басты қателік бар. Үкімет алмұрт ағашынан алма күтіп отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мойына жүктелген осы бағдарламадан басқа да нәтижелерді күтті.

Мәселен, еңбекпен қамту саласының басты мақсаты – адамдарға жұмыс тауып беру. Бағдарламаның басты фукциясы да осы болды. Үкімет бір ғана бағдарлама арқылы демографиялық, экономикалық және басқа да мәселелерді шешпекші болды. Тым көп, лайықсыз үміт артылды.

Солтүстік
Фото: әлеуметтік желіден

Әйтпесе, еңбек бағдарламасы арқылы Солтүстік Қазақстан облысына ғана емес, теріскейдегі өңірлерге де 12 мың адам көшіп келген. Оның ішінде дәрігерлер де бар. Мәселен, Шал ақын ауданының бас дәрігерінің өзі – Оңтүстіктен көшіп келген азамат. Оңтүстіктен келген көп мұғалім қазір оқушыларға білім беріп жатыр. Құқық қорғау саласында қызмет атқарып жүрген азаматтардың біразы оңтүстіктен келіп отыр.

Меніңше, осы бағдарламаны бір ғана Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мойнына артып, Үкімет қателесті. Өйткені, бұл өте кешенді, жүйелі, құрылымдық қолға алынатын шаруа еді. Көш мәселесі – бір ғана министрлігінің мойнына іліп, содан ғана сұрау салатын дүние емес. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға Ауыл шаруашылығы министрлігі де, Білім министрлігі де ат салысуы тиіс еді. Қорғаныс министрлігі де қатыссын. Себебі, солтүстікте әскери бөлімдер тым аз. Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекарада заставалар салуы керек. Бір застава кем дегенде 40-50 адам жұмыспен қамтамасыз етеді. Осының бәрі жүйелі түрде жұмыс істеуі қажет.

Көш
Фото: egemen.kz

Мәулен Әшімбаев: «Ешқандай нәтиже бермеді. Солтүстік Қазақстан облысындағы адамдардың саны артқан жоқ. Керісінше, азайып жатыр», – деген мағынада айтты. Басты мақсат Солтүстік Қазақстанда адам санын арттыру болса, онда бұл бағдарламада «солтүстікте мобильді еңбек күшін арттыру» емес, «адам санын арттыру» деп көрсетілуі керек еді. Адам саны керек болса, оңтүстіктегі балалар үйін көшіріп келсін. Ол жақта 20-30 мыңға жуық жетім бала бар. Жеңіл қылмыс жасап, өмірлік түйіндемесіне дақ түскен адамдарды да тартайық. Бір қателік жасаған немесе жаламен істі болған көп баласы бар азаматтарды да шақырайық. Осы жаққа келсе, соттылығынан арылтып, ақтайық.

Оңтүстіктен көшіп келгендер, жерсінбей кері қайтып жатыр деп сын айтушылар да бар. Десе де, он отбасының жетеуі қалып жатыр екен. Мұның өзі – үлкен жетістік. Солтүстік Қазақстан облысы түрме емес. Қазақстан Республикасының азаматы кез келген жерде өмір сүруге хақысы бар.

Рас, біреуге климат жақпады. Балаларына қолайсыз болды. Солтүстіктің табиғаты оңтүстікпен салыстыруға келмейді. Суық. Отыз-қырық градус аяз болып жатыр. Енді кетем деген адамды ешкім байлап ұстап тұрмайды.

Солтүстікке көшпен неге тек қана үкімет айналысуы керек? Ұлттық компаниялар неге саяқ жүр? «ҚазМұнайГаз», «Өзенмұнайгаз», «Теңізшевройл» секілді ірі компаниялардың әл-ауқатын неге пайдаланбасқа? BI Group, BAZIS-A секілді ірі құрылысшы компаниялар ұлттық мәселеде неге қолғабыс тигізбейді?

Құрылыс
Фото: ғаламтордан

Билікке Солтүстік Қазақстандағы адамдардың санын арттыру шынымен қажет болса, онда неге кешенді түрде жұмыс істемеске? Бұл мәселе Үкімет пен қарапайым халыққа ғана керек пе? Өйткені, шекарадағы қаншама ауыл қазір жабылып қалайын деп жатыр. Бір ауылды жапсақ, кем дегенде 10-20 шақты үйсіз-күйсіз Қазақстан азаматы пайда болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев солтүстік өңірлердегі, шекаралық аймақтардағы аудандарды дамыту, елдімекендерді тірілту туралы тапсырма берді. Оны басқа құрылымдар неге орындамайды?