2 Қараша 10:17
...

БЮДЖЕТТІҢ ауы мен бауы: Кірістен шығыс көп

Фото:
Кеше

өткен мәжіліс отырысында алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет бекітіліп, бірқатар мәселелер қаралды.

Мәжіліс отырсы Қарағандыдағы шахтада қаза тапқа кеншілердің отбасына депутаттардың көңіл айтуы мен бір минут үнсіздікпен басталды.

Содан кейін депутат Арман ҚАЛЫҚОВ сөз алып, депутаттар кеншілердің еңбегін қорғау жөніндегі заңға маңызды түзетулер әзірлеп, Үкіметке жібергенін айтты.

А.Қалықов.

Үкімет өндірістегі жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бақылау функцияларын күшейту туралы ойлануы керек. Бұдан басқа, елдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды тексеруге мораторийді алып тастайтын кез келді. Біз қауіпті және зиянды өндірістерде жұмыс істейтін барлық адам үшін зейнетке шығу жасын төмендету бойынша жұмысты жалғастыратын боламыз. Президентіміз Қазақстан халқына Жолдауында осы мәселені шешудің маңыздылығын атап өткен болатын. Сондай-ақ, Кәсіби аурулар және еңбек гигиенасы институтына ерекше мәртебе беру – бұл жеке дара мәселе, – деді депутат.

Мәжілісмен А.Қалықовтың сауалы жиындағы бір ғана депутаттық сауал болды.

Сондай-ақ отырыста «2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын қабылдап, Сенатқа жіберді.

Вице-премьер – қаржы министрі Ерұлан ЖАМАУБАЕВТЫҢ мәлімдеуінше, бюджеттің шығыстары биылмен салыстырғанда 1,5 трлн теңгеге көбейген, ол шамамен 24 трлн теңге. Бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімнің 2,6%-на тең, 2026 жылға қарай біртіндеп 2,3% дейін төмендейді деп болжанып отыр.

Е.Жамаубаев.

Жалпы, республикалық бюджеттің басым бөлігі мемлекеттік және әлеуметтік міндеттемелерді толық орындауға, өңірлерді дамытуға бағытталған, – дейді министр.

Шығыстың бағыттары: зейнетақы, жәрдемақы және бала күтіміне, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру, өңірлерді дамыту мен халықтың табысын арттыруға жұмсалады және де экономиканың нақты секторлары мен күштік құрылымдапрға бөлінеді.

Өз кезегінде депутат Магеррам МАГЕРРАМОВ Ұлттық қор резервінен қаржы алу мәселесін сынады.

– Бюджет жобасында Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшерін тағы да бекіту ұсынылады. Оның көлемі – 7,6 трлн теңге. Біз осы үшін Үкіметті бірнеше рет сынға алдық. Өкінішке қарай, Үкімет бұрынғыдай өзіне оңтайлы жолмен жүріп, проблемаларды шешу үшін Ұлттық қор резервінен қаржы алып жатыр.

Біз Ұлттық қордың қаражатын қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету, инвестициялау және тағы басқа мақсаттарда пайдалануға болатынын түсінеміз. Бірақ жылдан жылға Ұлттық қордың қаржылық резервтерін жұмсау сапалы экономикалық өсуді арттыруға, экономика салаларын жандандыруға, жүздеген мың нақты жұмыс орындарын құруға ықпал етпейтінін көріп отырмыз, – деді депутат М.Магеррамов.

Ал депутат Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ мемлекеттегі бюджеттік дефицит пен қарыздың өсіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.

Е.Бейсенбаев.

Ел болып табатынымыз – 16,5 триллион, ал жұмсайтынымыз – 24 триллион. Яғни 30 процент қарыздан, қордан құралады. Бұл – өте қауіпті құбылыс, яғни қаржылық баланс жоқ.

Сондай-ақ, 2026 жылы бюджеттің нақты 3,5 триллион теңгесі қарызды жабуға жұмсалатын болады. Біз қайда барамыз? Етек-жеңімізді жинайтын уақыт жетті. Көрпемізге қарай көсіліп, келер ұрпақтың қарызын азайтудың қамын ойлайық, – деді депутат.

«Қазақстанда 1 млн 16 мың адам ресми түрде кедей болып тіркелген», – дейді мәжілісмен Ерлан САЙЫРОВ.

Депутат азық-түлік сатып алу үшін кредит алатын адам көп екенін алға тартып, бюджетте кедей адамдарды кредитпен қамту мәселесі қарстырылмағанын айтты.

– Жағдайы нашар азаматтар үшін 12,4 млрд теңге грантқа берілген. Бары 9 мың грант қана. 1 млн адамға 9 мың грант беріп, кімнің жыртығын жамаймыз? Төрелердің аса баюы, бұқара халықтың жаппай кедейленуі – өте қауіпті. Бұл тенденция жалғасып жатыр. Сондықтан кедейшіліктен зардап шегіп отырған адамдарға бюджеттен арзандатылған микрокредиттер желісін ұйымдастырып, бизнес дағды қалыптастырып, бұл азаматтарды экономикалық айналымға қосу өте маңызды. Міне, осы мәселе бюджетте қарастырылмаған, – деді Ерлан Сайыров.

Депутаттың сұрағына жауап берген вице-премьер Тамара ДҮЙСЕНОВА Үкімет жанында халықтың табысын арттыру жөніндегі жоба құрылып, 2258 ауылдың жағдайына мониторинг жасалғанын айтты.

Т.Дүйсенова.

2,5 трлн теңге қаралған деп жаңа айтып өтті. Соның ішінде 100 млрд теңге «Ауыл аманаты» бағдарламасына жұмсалады. 2,5 пайыз кредит бар. 32 млрд теңге жастарға арналған 2,5 пайыздық тағы да кредит бар. Сондықтан да біз кредит жөнінде өзіміздің ұсыныстарымызды бердік. Жалпы бюджеттік комисия мұны бізбен ақылдасып қабылдайды, – деді Тамара Дүйсенова.

Балжан ЖЕҢІСҚЫЗЫ, Астана.

Тегтер: