14 Наурыз 19:03
...

Б.Тілеухан мен М.Тазабекке қатысты іс қозғалуы мүмкін бе? Бас прокурор жауап берді

Фото:
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысына ҚР Бас прокуроры, Ішкі істер министрі

, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы және Қорғаныс министрі секілді құзырлы орган басшылары келіп, Қаңтар көтерілісіне қатысты түсініктеме берді.

Алайда «Кім мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырмақ болды? Қаза тапқандардың аты-жөні қашан жарияланады? Сатыбалдыңын сыбайластары ұсталуы мүмкін бе?» деген ең маңызды сұрақтар жауапсыз қалды.

Жиыннан соң Nege.kz тілшісі осы және өзге де сұрақтарды Бас прокурор Берік Асыловқа қойған еді. Алайда Берік Ноғайұлы журналистердің сұрақтарына толымды жауап бермеді.

– ҰҚК төрағасы және оның үш орынбасары ұсталды, алайда бірінші орынбасар болған Самат Әбіш неге ұсталмады?

С.Әбіш.

– Қазіргі таңда оған қатысты ешқандай дәлел жоқ.  

–  Қайрат Сатыбалдының қаңтар бүлігіне қатысы бар ма?

– Әзірге ешқандай қатысы жоқ.

Бұрынғы президенттің отбасы мүшелерінің қатысы болуы мүмкін бе?

– Әлі қарастырып жатырмыз. Жауап бере алмаймын.   

Бұл қашан айтылуы мүмкін?

– Қаңтар оқиғасына отбасының қатысы бар екенін қазір айта алмаймыз.   

– Билікті басып алғысы келгендер қалталы адамдар екені белгілі ғой. Кімдер болуы мүмкін?

– Бұл сұрақтың бәрі қарастырылып жатыр. Кім ұйымдастырғанын айтуға әлі ерте.  

«Радикалды діни ұйым мүшелерін арнайы дайындаған» деген рас па?

– Қазір ондай мәселені толық айта алмаймын. Ондай мәселе туындаған. Бірақ қарастырып жатырмыз. Турасын кейін айтамын.

– Салафизмге тыйым салына ма? Мәселен, осы ағымға қатысы бар делінетін Бекболат Тілеухан, Мұхамеджан Тазабек сияқты азаматтарға қандай да бір шара қолданылуы мүмкін бе?

Қ.Сатыбалды мен Б.Тілеухан

Қ.Сатыбалды және М.Тазабек

– Осы айтып отырған сұрақтар қаңтар оқиғасына байланысты туындап тұрған жоқ.

– Қаңтар оқиғасына теріс діни ағымдардың қатысы бар екені айтылды ғой...

– Діни өкілдердің әсері бар. Бірақ сіз айтып отырған адамдар қарастырылып отырған жоқ.

– Азаматтарды азаптады делінген 334 полицияның мәселесі қалай болып жатыр? 243 іс бойынша 9 адам ұсталды дедіңіз...

– Қазір олардың бәрі зерттеліп жатыр.

–  Азамат Батырбаевты азаптаған, арқасына үтік басқан адамдар ұсталды ма?

А.Батырбаев.

– Ұсталды. Тура сол азаматтың ісі бойынша Алматы облысында бір полция қызметкері ұсталды.

– Қаңтар оқиғасына қатысып, қаза тапқан азаматтарға эксгумация жасалды. Одан қандайда бір пайда болды ма?

– Әрине пайдасы бар. Эксгумация не үшін жасалып отыр? Ол адамдардың неден жарақат алғанын, қандай да бір іске дәлел болуы үшін эксгумация алынады.  Қателеспесем, 37 адамға жасалған болуы керек

– Семейде тергеліп жатқан кезде үш күдікті азамат қаза болды. Оларды өліміне себепкер болған полиция қызметкерлері ұсталды ма?

– Қазір іс қозғалып, тергеліп жатыр. Ұсталған-ұсталмағанын нақты айта алмаймын.

Қазір сіздердің мына әрекеттеріңіз (журналистердің өзін қыспаққа алуын айтады – ред.) дұрыс емес. Пресс-конференция жасаймын, сұрақтарыңызды баппен бөліп, қарастырамыз.

– Нақты қай күні пресс-конферения өткізесіз?

– Сұрақтарыңыздың бәрін беріңіз. Біз оны қарастырайық. Оның бәрі сұраққа, жұмысқа байланысты.

P.S. Журналистерден азарда-безер болған Берік Асылов сұрақтарға тұщымды жауап бермеді. Көмекшілері Бас прокурорды қызғыштай қорып, журналистерге күш қолдануға тырысты.

Тегтер: