Бір облыста екі АЭС. Бұл Қазақстанға тиімді ме?

Қазақстандағы екінші АЭС те Алматы облысының Жамбыл ауданында, ал үшіншісі Батыс Қазақстанда салынуы мүмкін.
Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, атом саласын дамыту жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысы атом станциясын салу үшін екінші алаң ретінде Алматы облысының Жамбыл ауданын белгілеген. Ол мұны оңтүстіктегі энергия тапшылығымен түсіндірді. Дегенмен, екінші АЭС-ті кім салатыны белгісіз. Бұған дейін елде екінші және үшінші АЭС-ті қытайлық CNNC (China National Nuclear Corporation) корпорациясы салуы мүмкін екені айтылған еді.
«Барлық тараптармен келіссөз жүргізіп жатырмыз және CNNC салады деген түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Бірақ CNNC компаниясын АЭС құрылысы бойынша басымдық беретін мердігер ретінде қарастырамыз», – деді Сәтқалиев.
NEGE тілшісі екі бірдей АЭС-тың бір өңірде салынатынына қатысты мамандардың пікірін білді.
Марат ДУЛҚАЙЫРОВ, Инженерлер-энергетиктер одағының директоры:
Екеуі бірдей болғанмен бір-біріне бәсекелес болады

– Меніңше, екі АЭС-ті Алматы облысынан салған дұрыс. Қай жағынан алып қарағанда да, шешім орынды. Неге десеңіз, бұл арзанға түседі. Екеуі бірдей болғанмен бір-біріне бәсекелес болады. Инфрақұрылымның тез жүргізілуіне септігін тигізеді. Яғни, алғашқысын «Росатом» салса, екіншісін Қытай қолға алуы мүмкін. Сондықтан Алматы облысы халқына қорқуға негіз жоқ.
Бүгінгі технология қауіпсіз, қуатты. Бізге энергетикалық қауіпсіздік мәселесін тезірек шешу керек. Энергия көзінсіз экономика алға баспайды. Оның өзіне 10 жыл уақыт керек. Қазір цифрландыру, жасанды интеллект деген мәселенің бәрі энергия көзіне қатысты. Болашақта жанармаймен жүретін көлік болмайды.Электромобильге энергия қуаты ауадай қажет.
Ал үшінші АЭС-ке Маңғыстау өңірі сұранып тұр. Бәлкім, ол жақтан кіші модульді ядролы реактор салу керек шығар. Бұл тек энергия ғана емес, таза және жылы су береді. Қазір Абай облысын да нұсқа ретінде қарастырып жатыр. Мұны да құптауға болады. Себебі, онда дайын ядролық орталық бар.
Біз күн-түн демей жарықты Ресейден алып жатырмыз. Олар күндердің бір күнінде «электр көзін бермейміз» десе, не істейміз? Сол кезде не болады?
Саябек САХИЕВ, Ядролық физика институты РМК бас директоры:
Каспий жағасына екі реактор қоюға болады

– Жалпы, бұл жөнінде ведомствоаралық комиссиясының отырысы өтіп, арнайы шешім қабылдады. Мұнымен толық келісемін.
Біріншіден, оңтүстік өңірде энергия тапшылығы бар. Мұнда халық тығыз шоғырланғаны белгілі. Сондықтан Алматы облысы Балқаш көлі маңындағы Үлкен ауылы бекер таңдалған жоқ. Мұнда әлеуметтік-экономикалық әлеует жоғары.
Екіншіден, әлемде бір жерде бірнеше АЭС орналасқан мысал көп. Халық мұны көріп, біліп отыр. Әрине, әрқайсысының атқаратын қызметі болады.
Батыс өңірінде де тұрғындар энергия жетіспеушілігін тартуда. 1999 жылдан бері бұл мәселе өзекті. Бірақ Каспий жағасының топырағы бос десек те, қазіргі технологияның күшімен кіші модулді екі реактор қоюға болады. Қазақта «Көрпеңе қарап көсіл» деген бар ғой. Оның бәріне қаржы жетіп жатса, әрине, салған дұрыс болар еді.
Ермек ӘМІРҰЛЫ, Ғылым академиясына қарасты Металлургия институтының сирек кездесетін элементтер зертханасының инженері:
Балқаш көлі маңы 1973 жылы белгіленіп қойған

– Алматы облысындағы Үлкен ауылы болашақта 30-40 мың адам тұратын үлкен қалаға айналады. Екінші АЭС-ті де осында салуды қарастырғаны жөн шығар. Ал үшінші АЭС үшін Ақтау қаласы тиімді. Бұрынғы Маңғыстау атом энергия комбинаты болды. Таңдау неге бұл өңірге түсті десек, қазір батыс аймақта ауыз су тапшылығы қатты сезілуде. Сосын Абай облысындағы Курчатов қаласы маңы бар.
Балқаш маңында АЭС салынады дегенге қоғамда үрей пайда болды. Бұған алаңдауға негіз жоқ. Бұл жер геологиялық, инфраструктуралық зерттеу жұмысы 1963 жылдан 1972 жылға дейін зерттелді. Сонау 1973 жылдың өзінде осы Балқаш көлі маңы АЭС салуға тиімді орын екені жоспарланып, жобалау жұмысы басталған.
Сөйтіп, инфрақұрылымға көңіл бөліп жатқанда 1986 жылы Чернобыльдегі АЭС жарылған соң бүкіл КСРО аумағында АЭС салу жобасы тоқтатылды. Ең басты қауіпсіздік ережесі ескеріліп, болашақта мұнда жер сілкінісі болу қаупі бар ма, жоқ па деген мәселе негізге алынды. Көлдің жағасы болған соң ертеңгі күні АЭС отырып қалмай ма, батпақтар жылжып кетпей ме деген де назарға алынған. Яғни, сейсмикалық жағы түгел зерттелді. Сол сияқты геологиялық, экологиялық зерттеуден басқа АЭС-ті сумен қамтамасыз ету, суыту мәселесі де бар.
- Тақырыпқа орай: Ермек Әмірұлы: Уранымыз бар, енді АЭС керек
БҰҰ-ның шешімімен ядролық сынақтарды тыю туралы келісімге қол қоюға жол ашылды. Ядролық сынақтарды түпкілікті тоқтату және ядролық қарудан толық бас тартуды МАГАТЭ сияқты ұйым да құптап, Қазақстанның АЭС салуына қолдау білдірді. Бұл – үлкен мүмкіндік.