«Бір нәрсе жасырып отырғаны анық»: аңшылықта көз жұмған ер адамның қызы күмән келтірді
Атырау облысында аңға кетіп, бірнеше күннен кейін мәйіті табылған ер адамның қызы желіде әкесінің өліміне қатысты күдігін жариялады.
Астана, NEGE. Өтебай Сабыров есімді 61 жастағы тұрғын 14 желтоқсан күні достарымен аңға кеткен. Олар Атырау қаласынан 100 шақырым жерде орналасқан Ботахан кен орны аумағына қарай жол тартқан.
Өтебай Сабыров сол күйі аңнан оралмай, хабар-ошарсыз кеткен соң туыстары желі арқылы дабыл қағып, көмек сұрады. 19 желтоқсан күні іздестіру тобы Каспий теңізі жағалауы маңында орналасқан кен орнынан оның мәйіті табылғанын хабарлады.
Арада екі ай өткен соң бұл іс бойынша тергеудің ресми түрде тоқтатылғаны мәлім болды. Полицейлердің хабарлауынша, іс қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.
Алайда марқұмның туыстары бұл шешіммен келіспейді. Қызы әкесінің өліміне қатысты күдігін жеткізіп, әлеуметтік желіде жазба жариялады.
Оның жазуынша, әкесі аңшы болмаған, сол жолы аңға аспаз ретінде алғаш рет шыққан, досы, досының күйеу баласы және өзі үш адам болып кеткен.
«Бұл – оның бірінші және соңғы рет аңға шыққаны болатын. Қарапайым комбинезон, үйдің күнделікті етігімен кеткен. Қасындағы екі адам мұны жақсы біледі. Олардың айтуынша, әкемді сағат үштен кете іздей бастаған, яғни төрт сағаттан кейін (хабарсыз кеткеннен кейін – ред.).
Сараптама қорытындысы шықты: жүрегі ұстап немесе суға тұншықпаған. Бірден қайтыс болмаған, біртіндеп үсіп қалу салдарынан қайтқан.
Өкінішке қарай, менде әлі нақты ашық, анық жауабы жоқ сұрақтар көп», – деп жазады Асылай Instagram-дағы жеке парақшасында.
«Бұл екі кісінің бір нәрсені жасырып отырғанын білемін» деген ол әкесімен аңға кеткен екі адам оны іздемеген деген күдігін айтады. Олардың дер кезінде дабыл қақпағанына, он бес минуттық жердегі елдімекенге барып, құтқарушыларды шақырмағанына қайран қалады.
«Қанша уақыт өтсе де, өз қалауымен кешірім сұрап келген адам жоқ. Әкемнің досын үйге бата оқып келген ұжымдастары алып келді. Қасындағы күйеу баласы келмеді.
Сол досы іздеу барысында 300 метр жүрмеген, әкемді соңғы рет көрген жерге бармаған. Қалайша? Ол кісіден "Сіз жүрдіңіз бе?" деп өзім сұрадым. "100 метр жүрдім, ары қарай тобықтан келетін су болды, суға кірмедім" дейді. Ол су батып кететіндей су емес. Аяғында тізеден келетін резеңке етік болған. Бәлкім олар іздемеген де болар. 300 метр жүрмегеніне қарағанда, әкемді соңғы рет көрген жеріне қалайша бармаған? Менің ең маңызды сұрағым: Олар неге дабыл қақпаған, неге көмек сұрамаған? Неге олар 15 минуттық жердегі ауылға бармаған? Олар бірінші рет шығып тұрса, жергілікті жерді білмесе, менде мұндай сұрақ болмас еді», – дейді Асылай.
Ол 15 жыл бұрын да дәл осындай жағдай болғанын, сол кезде әкесінің досы сол маңға жақын орналасқан Алдонғарға барып, төтеншеліктерді шақырғанын айтады.
«Бірақ әкем жоғалғанда неге сондай жер бар екенін ұмытып қалыпты? Төтеншеліктерді шақыруды да ұмытқан болуы керек», – дейді марқұмның қызы.
Бұған қоса Асылай екінші адамның әлденеден шошып қалғандай көрінгенінен күдіктенетінін жасырмайды. Әкесін бірінші болып сол адам іздеуге кеткен әрі іздеу барысында қол-аяғы дірілдеп, сөйлей алмай жүрген.
Сондай-ақ ол әкесінің мойнында асулы болған мылтықтың екі метр жерден табылуы да көңілге күдік ұялататынын айтады.
«Әкемді тапқан кезде мойнына асып алған мылтығы жатқан жерінен екі метр жерден табылған. Ол да сұрақ болып қалып отыр. Ұйықтап алғысы келсе, барлығын қасына қоятын еді. Неге мылтығы қолы жетпейтін жерде жатыр?
Әкемнің досы мен күйеу баласы іздеген кезде атылған оғы көліктің қасында жатқан. Суреттерді көргенде "Неге тап көліктің қасынан атқан?" деген сұрақ туындады. "Адамды іздеп жүріп атпай ма?", "Айғайлап жүріп әрбір жерден атылмай ма?" деген ой келді.
Бір нәрсе жасырып отырғандары анық», – деп жазады ол.
Қызы қасындағы адамдар дер кезінде шара қолданса, әкесін аман алып қалуға болар ма еді деген өкінішін айтады.