Бөріхан Нұрмұхамед: Халықтың талабы – репрессия емес, әділеттілік!

Бүгін еліміздің ақпарат айдыны айтулы оқиғаларға толы болды. Ескі Қазақстанда патшалық құрған лауазымды топтардың, шенеуніктердің аты-жөндері нақты аталып, олардың қанша қаржы жегені және шетелге кеткен ақшалары шетінен қайтарылып жатқаны мәлім болды. Ресми органдар бұл жөнінде нақты ақпар берді.
Мәселен, Қайрат Сатыбалды мен Қайрат Боранбаевтың сыртқа заңсыз шығарылған активтері қайтарыла бастады. Олар 70 млн АҚШ долларын өз еркімен қайтарыпты. ҰҚК-ның бұрынғы басшыларының шетелге тыққан 3 миллион доллары елге қайтқан. Осы мәселе төңірегінде саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамед NEGE-ге пікір білдірді:
– Бұрынғы лауазымды тұлғалардың сыртқа жасырған ақшасының бір бөлігі елге қайта бастады. Сондай-ақ Қаржы министрлігі бірнеше шет мемлекеттен қолма-қол шетел валютасын декларациялаған 340 қазақстандық туралы ақпаратқа сұрау жіберіпті. Бұл капиталды қайтаруда биліктің сөзден іске көшкенін білдіре ме?
– Менің ойымша, бұл – жақсы жаңалықтың басы. Үдерістің басталғаны дұрыс. Кейбір деректер бойынша, осы уақытқа дейін шетелге шыққан қаражаттың мөлшері – жүздеген миллиардтың төңірегінде.
Бірақ «шетелге кеткен қаржыны заңдастырып жатқан жоқ па екен?» деген де бір күдік бар.
Қайрат Сатыбалды, Қайрат Боранбаев
– Бұл қалай болғаны? Күмәніңізді тарқатып айтып берсеңіз...
– Мысалы, біреу бір миллиард долларды шетелге алып кетсін дейік. Кейін «бұл ақшаның 50 миллионын немесе 60 миллионын қайтарды» деген ақпарат пайда болады. Кейін үдеріс тоқтап қалады да, қалған ақшасы заңды болып есептеледі. Демек, қыруар қаражатты сол жақта заңдастырып алуы ықтимал.
Сауд Арабиясында іске асырылған жақсы бір тәжірибе бар. Жаңа патша өз әулетін жинап, бес жұлдызды қонақ үйге қамайды. «Жүз миллиард доллардан қайтарасыңдар, онсыз бұл жерден шықпайсыңдар» деп қатаң талап қояды. Осы әдіс біз үшін де дұрыс болатын еді деп ойлаймын.
Қанша ақша қайтарылатыны алдын ала айтылып, оның кемінде 80-90 пайызына қол жеткізсе, өте жақсы болар еді.
«Бес-он миллионға алданып қалмайық!» деген ойым, бұл.
– Әдетте, Қайрат Сатыбалды, Қайрат Боранбаев және Кәрім Мәсімовтің ұсталынуы, қаражаттарын түгендеуін Қаңтар оқиғасына байланыстырып жатады. Десе де, бұрынғы президентке жақын бірқатар шенеуніктер ұсталып, жемқорлық үшін айып тағылып жатыр. Мәселен, Нұрлан Нығматуллиннің ұлы Нұрхан Нығматуллин, бұрынғы мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. Десе де, қоғамда «жемқорлардың бәрін бірдей емес, іріктеп ұстап жатыр» деген де пікір бар. Бұған не дер едіңіз?
– Қазір айтылып жатқан қаражаттың көлемі соншалықты көп емес. Халықтың талабы – репрессия емес, әділеттілік! Яғни, халықтың, мемлекеттің қазынасын жымқырғандардың бәрінің ақшасы кері қайтарылуы тиіс. Тұңғыш президентпен байланысы бар ма, жоқ па, мәселе онда емес. Ақшаны жеді ме, қайтарсын!
Арыстанбек Мұхамедиұлы
Арыстанбек туралы ақпаратты көрдім. Мүлде құлаққа кірмейді. Сарапшылардың айтуынша, 84 миллион жұмсалатын жерге 1,2 миллиард «жұмсаған». Мемлекеттің қазынасын өзінің қалтасы деп есептеген бе?!
Әсілі, мемлекетке деген көзқарас мүлде басқаша болуы керек. Мемлекеттік қызметке баратын адам өзінің қара басын ойламауы керек.
– Аталған шенеуніктердің ұсталуы басқа шенеуніктерге берілген белгі ме?
– Бұл жағдай қатты әсер береді деп ойламаймын. Біздің шенеуніктер – «бұл маған қатысты емес, мен есебін тауып, аман қаламын» деген ойда жүретін адамдар тәрізді. Лауазымды қызметке адамдар «қалай жесем екен, қалай алсам екен?» деген пиғылмен барады. Сосын уақыт өте ұсталады. Өкіне ме, жоқ па, ол жағын бір құдай біледі?
– Мұндай адамдардан арылу үшін не істеу керек, сонда? Ескі кадрларды жаппай қызметтен кетіріп, жаңа адамдармен жасақтау қажет пе?
– Меніңше, рәсімдер ойлап табу керек. Көпшіліктің алдында, халықтың алдында шығып, шенеунік ант беруі тиіс. «Мен мемлекетің қаржысына қол сұқсам, халықтың қарғысына қалайын. Масқара болайын», - деген секілді сөздерді анттың мәтініне қосу керек.
Бұл сөздерді айтатын болсаң, өтесің. Айта алмасаң, әрі жүр. Ұсталып қалсаң, ешкімге ренжімейсің.
– Жемқорлықты ант мәтінін өзгерту арқылы тоқтатуға, қоғамның жегі құртын түбегейлі құртуға болады деп ойлайсыз ба?
– Меніңше, мұның оң әсері болады. Себебі, ондай сөзді айтудың өзі де оңай емес. Кеңес кезінде ант беру рәсімі әлі есімде. Айтпағым – этикалық талаптарды күшейту мәселесі. Халықтың алдында ант берудің өзі біраз адамға қатты әсер етеді. Көбі қызметке барудан да аяқ тартар еді. Қазір басшылардың келісімімен, мақұлдауымен жұмысқа тұрып жүр.
Жапонияда өзінің кінәсін сезінген шенеуніктер, мемлекеттік қызметкерлер отставкаға кетеді. Керек болса, өзіне-өзі қол жұмсап жатады. Ар-ұятты сезінеді. Меніңше, осындай әдістерді қолдану керек. Басқа амал жоқ.
– Шенеуніктерден бөлек, тағы да бір қызық жайттардың да шеті шығып отыр. Мәселен, Храпуновке тиесілі жерлер қайтарылса, Тоқтар Төлешевтің активтері қайта рәсімделген кезде заңның бұзылғаны айтылып жатыр. Сондай-ақ Алматы қаласындағы ірі базарлар мемлекет меншігіне өтті. Мұның астарында не бар?
– Гәп мынада. Мысалы, үш миллиард тұратын мүлікті бары-жоғы 600 миллионға сатып алғандар анықталып отыр. Енді олар қалған ақшасын – 2,4 миллиардын төлеуі тиіс. Яғни, толық құнын өтейді. Бұл да әділеттілікке жатады. Одан түсетін салықтар да көбейеді деп ойлаймын.
Тоқтар Төлешов
Шыны керек, 15-20 жыл ішінде жасалған былық-шылықтың есебі жоқ. Оның бәрінің есебін түгендеуге бірнеше жыл керек. Құқық қорғау органдарының ғана емес, қоғамның да пікірі қажет.
Айталық, мәслихат депутаттарының құрамын алып қарасақ, 20-30 пайызы жергілікті олигархтар.
Жердің, базарлардың, салықтардың мәселесін реттеу керек. Сонда ғана Жаңа Қазақстан құрылады. Бәріне әділетті көзқарас керек. Басты мақсат – бұдан былай мұндай істерге жол бермеу. Әңгіме осында.
– Мұның арты мүлікті қайта бөліске салуға ұласып жүрмей ме?
– Жаңа айтып өткенімдей, бізге репрессия емес, әділеттілік керек. Мүлік иелерінен құнды, салықты дұрыс төлеуді талап ету керек. Тартып алу мақсат емес. Істі жүргізу басқаның қолынан келе ме, жоқ па? Бұл да – үлкен мәселе. Сондықтан бір топтың екінші топтың дүние-мүлкін тартып алуына жол берілмеуі керек. Бір отбасынан құтылып, екінші отбасына тұтылып жатсақ, одан не пайда?
– Әңгімеңізге рахмет!