4 Қараша 16:06
...

«БӨКЕҢМЕН арадағы қатынасқа баяғыда нүкте қойғанмын» – әнші Зивара СЕЙДУЛЛАЕВА

Фото:
Әнші

Зивара Сейдуллаева сахнаға қайта оралды. Ырғақты әрі лирикалық әндерімен тыңдарманын тапқан өнер иесі шығармашылыққа білек сыбана кірісіп кетті. Осы ретте жаңа туындылар жазып, ел өңірін аралап концерт беріп жүр. Тілшіміз ел арасында айтылған әңгімелерді әншінің өзінен сұрап, біраз сыр тарқатты.

Зивара, сізді тыңдарман біраз жыл сахнадан көрмей қалды ғой. Мұның себебі неде?

– Себебі, осыдан төрт жыл бұрын Астанаға қоныс аударған болатынмын. Сол жақтан үй алып, жеке кәсіппен айналысуға бел байладым. Негізі бала кезден ән айтумен қатар шаш қиюға бейімім бар еді. Осы мақсатта мектеп қабырғасында оқып жүргенде арнайы курс та тәмамдадым. Сондықтан бас қала мен Ақтаудан сұлулық салондарын ашып, олардың тіршілігі жанданғанша сахнадан жырақтай тұруыма тура келді.

Сол аралықта өзіме артық салмақ та қосып алдым. Сахананы киелі деп санайтын болғандықтан, толысқан тұрпатым үшін өзімді көпшілік ортада ыңғайсыз сезініп жүрдім. Бір қуантарлығы, тыңдармандарым әлеуметтік желідегі жекеме ән әлеміне қайта оралуымды, жаңа туындылар жазуымды өтінумен болды. Сол тілекші жандардың сөзі дем беріп, өнерге қайта оралып жатқан жайым бар.

Ақтау, Талдықорған, Тараз қалаларында жеке кештерімді бердім. Енді наурыз айында Республика сарайында үлкен концертімді өткізсем деп отырмын. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, қазір соның қамымен жүгіріп жүрген жайым бар. Келіңіздер, көріңіздер. Эстрада, оркестр және өзімнің сүйікті шығыс стилінде әдемі әндер шырқайтын боламын.

– «Ақтаудың жігітіне тұрмысқа шығыпты, күйеуі қызғаншақ екен» дегенді естіп едік. Тыңдарманнан тасада қалғаныңызға бұл да бір себеп емес пе?

– Бұл – қауесет әңгіме. Мен тұрмысқа шыққан жоқпын. Ал Ақтауда ата-анам мен бауырларым тұрады. Өз басым Алматы мен Астананың ортасында жүремін.

Өнерде өзгеріс көп пе екен?

– Өткенмен арадағы айырмашылық сол – қазақ сахнасына жаңа әншілер мен түрлі бағыттар келіпті. Бір кемшін тұсы – плагиат әндердің қатары артып, авторлық туындылар сиреген. Шәмші атамыздың жазғанындай, арада елу жыл өтсе де мәні мен сәнін жоғалтпайтын әндер жазылса игі болар еді.

– Қазіргі жастардың дені жаңа бағыттағы әндерге құмар екенін байқаған боларсыз. Тыңдарман тарту қиынға түсіп жатқан жоқ па?

– Әр адамның өз тыңдарманы бар. Мысалы, менің көбіне шығыс стилінде және лирикалық әндерді айтатынымды жұрт жақсы біледі. Ешкімге еліктемеймін де, жарыспаймын да. Өйткені біреудің алдына шығып, кесе-көлденең өту жақсы қасиет емес. Сондықтан өнерде өзім қалыптастырған сүрлеуді жалғастыруды жөн көрдім.

Қазіргі кезде белгілі сазгер Арман БЕКСҰЛТАНМЕН етене жұмыс жасап жатырмын.  Өзім де құр жүрмей, Диас атты жас жеткіншекті сахнаға баулып, бірлесе дуэт жазып, шәкірт тәрбиелеп жүрмін.

Намазға жығылыпсыз. Сәждеге бас июіңізге не түрткі болды?

– Ешкім де, ештеңе де себеп болмады. Бар болғаны, мұсылман баласы болғандықтан бес парызды өтеуге дайын екенімді ұғындым. Ұмыраға кіші қажылыққа барып келдім.

– Әріптестеріңіздің дені дінге келген соң көп ұзамай хиджаб киіп жатыр. Сіз ше?

– Намаз оқыған адамға хиджаб киіп жүру міндетті емес. Дегенмен, шашыңды көрсетпеу парыз саналады. Бірақ мен оған әлі дайын емеспін.

Бір жағынан орамал тартып алатындай тұрмыстағы әйел де емеспін. Ал күйеуге шыққан соң қатардағы  қазақ қыздарындай ата-енемнің алдында басыма орамал тағып, сәлем салудан тартынбаймын.

Меніңше, сахнаның адамы сәнімен жүру керек. Бірақ бұл қалай болса-солай, әуретті жеріңді ашып, жартылай жалаңаш жүр дегенді білдірмейді. Кез келген нәрсенің шегі мен орны бар деп ойлаймын.

Өнердегі қатарластарыңыздың алды жасы кіші жігіттерге күйеуге тиіп жатыр. Бұған қалай қарайсыз?

– Егер жан дүниесін түсініп жатса, жас жігітке тұрмысқа шыққанның несі айып? Неге еркектер ғана жас қыз алу керек?

Ал өзіме қатысты айтар болсам, мен жарымның өзіме қамқор болғанын, аяғынан нық тұрған азамат болғанын қалаймын. Ашығын айтқанда, біреуге мама болғым келмейді. Сана деңгейінде түйіскен дұрыс қой.

– Кезінде сахнадағы біраз сұлуларға  «дөкейлер» қамқорлық жасайтын еді. Сіздің «крышаңыз» кім болды?

– Мен 1999 жылдан бастап ән айта бастадым. Бар сүйенішім әке-шешем ғана болды. Ән таңдаудан бастап, қыл аяғы көйлек тіктіруге дейін анам бағыт-бағдар беріп отыратын. Сөйтіп, жерлестерімнің батасымен 2006 жылы Алматыға келіп, үлкен сахнаға арнап ән жаздыра бастадым. Екінің бірінің қолы жете бермейтін «Дастан» студиясында ән жаздырту бақыты бұйырды. Осылайша біртіндеп тасым өрге домалады. Қазір шүкір, репертуарымда поп әндерден бастап, халық әндеріне дейін бар.

Әли Оқаповтың дауға айналған ордені жайында айтарыңыз бар ма?

– Әли сахнаға көшеден келген жігіт емес қой. Ол – көзін ашқалы музыкамен сусындап кете жатқан адам. Жар салмай тасада жүріп-ақ қанша жұмыс істеп жүр. Жеке кештерін беріп, талай ән жазды. Өнерпазды жазған хитына емес, салмақты туындыларына қарап бағалау жөн болар.

Орденді қартайған адамға беру керек деген көзқарас дұрыс емес. Құрметті тірі кезінде көрсету керек. «Қуана білгенге құт қонады» деген. Біреудің қуанышына тілектес болуды  қашан үйренер екенбіз?!

Талдықорған қаласында берген концертіңізді  «Асыл жарыма» деп атадыңыз. Жалпы бұл ән репертуарыңыздан қалмай жүргеніңізге қарағанда, бұрынғы сүйіктіңізге деген сезім оты өше қоймаған секілді ғой...

– Бұл әнді бір кездері асыл жарыма арнағаным рас. Бірақ арамыздағы қатынасқа баяғыда нүкте қойғанмын. Дегенмен, жүректен шыққан туынды жүрекке жетсе керек, әнді әлі күнге дейін сұрап жатады. Ал мен әнші болғандықтан көптің өтінішін орындауым керек.

Білетіндер сізді Болат НАЗАРБАЕВТЫҢ нақсүйері болған дейді. Осы рас па?

– Өзім ұмытқан өткенді өзгелердің ұмытпай жүргеніне таңым бар. Бірақ сұраған екенсіз, айтайын. Ол кісіні (Б.Назарбаевты – ред.) көрмегелі көп болды. Бастысы, сәлеміміз түзу. Мен жалпы табиғатымда біреуге артық сөз айтып, ұрысып-керісуден аулақ адаммын.

Ол кісі туралы Динара ӘЛЖАННЫҢ айтқанын естіген боларсыз. Сізді де ақшамен еркелетті ме?

– Бұл менің жеке өміріме қатысты болғандықтан, ол жағы құпия болғанын қалаймын...

Тегтер: