«Бизнес по-казахски в Корее» көрерменге жол тартты

Отандық фильмдердің қатары тағы да бір комедиямен толықты. Күні кеше Алматыда «Бизнес по-казахски в Корее» атты кинотуындының тұсауы кесілді
Алматы, NEGE. Соңғы 4 жылда кино саласында өзіндік туындыларымен жақсы танылып жүрген белгілі әзілкеш, актер Нұрлан Қоянбаев жыл сайын дәстүр бойынша желтоқсанның аяғында жаңа фильмін көрерменге ұсынып келеді. Бұл жолғы кинотуынды 2016 жылы алғаш түсірілген «Бизнес по-казахски» фильмінің кезекті жалғасы. Көрермендерге жол тартқан туындының басты түсірілімі Оңтүстік Кореяның астанасы Сеул қаласында өткен. Ал, оқиға әдетінше Алматы қаласынан басталған.
Асылхан Мелдебеков, таспагер: Локацияларды ұзақ таңдадық. Кореяда біз он бес күн жүрдік. Корея халқына, сол елде бізбен бірге жұмыс жасаған мамандарға, Қазақстанда өкілеттігі бар корейлік компанияларға айтар алғысым шексіз. Корея елінің Қазақстандағы елшісі Ким Дэ-cик мырза бастаған азаматтар біздің түсірілімді қолдап, барынша көмек көрсетті. Алматыда екі апта түсірдік.
Жаңа туындыны түсірген таспагер Асылхан Мелдебековтің айтуынша, кезекті фильмнің сәтті шығуы актерлер мен режиссердан бөлек, сценаристердің еңбегі.
Асылхан Мелдебеков, таспагер: Ең бірінші алғыс айтатыным сценаристерге. Төрт жігіт жазды. Ауылдан шыққан қазақтың қара домалақ балалары жазды. Бұл комедияның қазақи болып шыққан себебі сол шығар деп ойлаймын. Режиссер мен актерлер тәжірибелі мамандар. Сәтті алып шықты.
Өзге елде серіктессіз фильм түсіру мүмкін емес. Әр елдің өз заңы мен тәртібі бар.Продюсер Нұрлан Қоянбаев кезекті туындыны Сеулдегі ірі продакшнмен бірігіп түсірген екен. Бюджет шығыны $400 000 АҚШ долларын құрапты. Ал, актерлер құрамы өзгермеген. Гүлназ Жоланова мен Дариға Бадықова көрермендерге жаңа қырынан танылды. Тіпті фильмнің сценарийі бойынша актрисаларға жасанды ерін жасатуға тура келген.
Дариға Бадықова, актриса: Көрдіңіз ба ерінді? Ерін қиын болды. Мәскеуден арнайы жасаттық. Гүлназ екеумізге жасанды ерін жапсырды. Тамақ іше алмайсың. Су іше алмайсың. Одан бөлек, терлеуге болмайды. Кондиционердің астында отырасың. Оңай емес. Енді әр жұмысың үшін уайымдайсың. Менің оқыған мамандығым ғой. Бекітілген рөлді абыроймен сәтті алып шыққың келеді. Сол себептен уайымдадым. «Халық қалай қабылдайды?» - деген ойда жүресің. Көрермендер жоғары бағасын береді деген ойдамын.
Фильмнің желісі бойынша, отбасылық қонақ үйде халықаралық конференция сәтті өтуі тиіс. Бас кейіпкер Жомарт келген қонақтарға жаңа техниканы яғни роботты таныстырмақшы. Алайда, қонақ үй қызметкері Бақдәулет аңдаусызда бағалы құрылғыны сындырып алады. Роботты қайта қалпына келтіру мақсатында басты кейіпкерлер Оңтүстік Кореяға аттанады. Шет елде күтпеген қиындықтарға тап болады.
Комедиялық жанрда түсірілген фильм көрермендердің көңілінен шықты ма? Жиналған киносүйер қауымнан сұрап білдік.
Санди Бексырға, визажист: Өте қатты күлдім. Бірақ, еркін отыра алмадым. Келесі жолы өзім келіп, тағы тамашалаймын деген ойым бар. Себебі, залда қасымда бірге отырған таныс әншілер, актерлердің көзінше эмоциямды сыртқа шығара алмадым. Фильм ұнады. Сапасы, мағынасы жағынан өте жақсы түсірілген.
Ақбота Нұрбайқызы, әнші: Ерекше әсер алдым. Фильмді тамашалап отырып өзімнің Кореяда жүрген бауырымды сағынып кеттім. Әсерлі, әдемі көріністер көп. Шет елге елу жыл бұрын кетіп қалған өзіміздің қандастарымызды көрсеткен. Осы жылы мен көрген киноларымның ішіндегі ең жақсысы осы шығар.
«Биснес по казахский в Корее» фильмін 26 желтоқсаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрларынан тамашалай аласыздар.