ТЖМ өкілі: Қасақана өрт қою фактісі болуы мүмкін

Қостанай облысында 3 қыркүйектен бері 4 күн бойы бірнеше өңірді шарпыған өрттің шығу себебі туралы айтылған болжам көп. Тілсіз жаудың зардабын тартқан елді мекендер: Озерное, Аманқарағай, Калинино, Лесное, Қазанбасы, Бағаналы.
Өрт сөндіру алаңындағы штабқа арнайы барған NEGE тілшісі Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлимен сұхбаттасты.
– Қазір қандай жұмыстар жүріп жатыр? Өрт ошақтары толық сөндірілді ме?
– Кеше Бағаналы мекенінде өрт көтерілген еді. Қазір жағдай тұрақталды. Тек бықсып, түтіндеп жатқандары болмаса, ашық жалынмен жанып жатқан өрт ошақтары жоқ. Қазір соларды сөндірумен айналысып жатырмыз. Жалпы, Қостанай облысы бойынша өрттің ауқымы 43 мың гектарды алды.
– Жергілікті тұрғындар 43 мыңнан да көп деп жатыр ғой?
– Нақты қанша гектар өртенгенін Экология министрлігінен біліп аларсыздар. Бізге алдын ала берілген болжам бойынша 43 мың гектар, ал орман алқабының көлемі 107 мың гектар.
Бұл жерде Төтенше жағдайлар министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар жұмыс істеуде. 150-ден астам техника, 2000-ға жуық адам әр түрлі жерде өрт ошақтарын сөндіріп жатыр.
– 100-ге жуық үй өртенген Аманқарағай ауылының тұрғындары өрт басталғанда құтқарушы техникалар тек мұнай базасын қорғап тұрғанын айтады. Және сол техникалардың өзіне өртті сөндіретін су жетпей жатты дейді. Рас па?
– Әрбір өрттің өзіндік өшіру алгоритмі бар. Біздің күштік құралдар мұнай базасына қойылса, ол – демек дұрыс шешім. Егер ол жарылатын болса, мұндағы орман ғана емес, бүкіл елді мекен өртеніп кетер еді. Мұнай базасына суыту жұмыстары жүргізілді, ол рас. Өрт ауылдың ішіне кіріп кетпес үшін негізгі күшті орманды алқаптарға жұмылдырдық. Одан кейін өрт аумағы кеңге тараған кезде адамдар эвакуацияланып, ауыл ішіндегі өрт сөндіріле бастады.
– Осы тілсіз жау кезінде өрт сөндіру техникаларының жетіспеушілігі қатты байқалған сыңайлы...
– Өрттің ауқымы өте үлкен. Оған бір ғана Қостанай облысының техникасының күші жетпейді. Төтенше жағдай анықталғаннан кейін министр осы жерде штабты басқарып, аспаннан аэровизуалды бақылау жүргізді. Содан өрт ошағы үлкен екенін анықтап, дереу көрші өңірлерден техника алдыру туралы шешім шығарды. Астана, Қарағанды, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау қалаларынан қосымша техникалар алдырдық. Осындай ауқымды төтенше жағдайлар кезінде өзге өңірлерден техника алдыру – әдеттегі практика.
– Өрт басталған кезде дереу әрекет етіп, біраз аумақты аман алып қалуға мүмкіндік болмады ма?
– Негізінде, орман алқабындағы өртті сөндіру жұмысы – орман шаруашылығы комитетінің құзыретіндегі шаруа. Бірақ ол мынадай үлкен көлемді шарпыған соң Төтенше жағдай министрлігі де жұмылдырылды.
Бізге өрт туралы хабарлама сағат 15:22-де келіп түскенде оның бірнеше аумақты қамтығанын білдік. Демек, біздің өзімізге қоңырау кеш түскен. Дегенмен біз құтқару шараларын барынша нәтижелі жүргізуге тырыстық. Қазірдің өзінде Юрий Ильин бастаған оперативті жедел штаб белсенді жұмыс істеп жатыр. Оған Мемлекет басшысы да өзінің оң бағасын берді. Өрт бастағалы тәулік бойы ұйықтамай тілсіз жаумен күрескен қызметкерлерді мемлекеттік марапаттарға ұсынуды тапсырды.
– Бұл апат тек Төтенше жағдайлар қызметі үшін ғана емес, бүкіл елге ауыр болды. Ол тағы қайталанбас үшін не істеу керек?
– Ол – әр адамның жауапкершілігіндегі іс. Бұл жерде болған өрттің себебі – адами фактор. Бірнеше болжам бар: ауылшаруашылығы техникасынан ұшқын шығуы, темекі тұқылын тастай салу немесе қандай да бір қасақана өрт қою фактісі болуы мүмкін. Оны қазір Ішкі істер министрлігі анықтауда. Сондықтан осындай орасан қасіретке душар болмас үшін әрбір тұрғын, әрбір азамат өзінің табиғат алдындағы жауапкершілігін ұмытпау керек.
–
– Сонда өрттің шығу себебі нақты анықталмады ма?
– Жоқ, бұл – алдын ала болжам. Нақты себеп анықталу үшін өрт бірінші толығымен сөндірілу керек. Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша Ішкі істер министрлігі іс қозғады. Оның нәтижесі кейін айтылады.
– Мұндай апатты болғызбау үшін әр адам жауапты екенін түсіндік. Ал осы жағдайдан соң сөндіру, құтқару техникаларының санын көбейту мәселесі қарала ма? Мысалы Аманқарағай, Әулиекөл маңында апат басталған кезде Қостанайдан өрт сөндіруші көліктер келем дегенше 1 сағаттан аса уақыт өтіпті.
– Әрине, ауқымды өртті сөндіруге аудан техникасының күші жетпейді. Ал өңірлік техниканы көбейту – жергілікті атқарушы органдардың міндеті. Яғни, осы өңірдің өрт қауіпсіздігі үшін әрбір әкімдік өзінің бюджетінен өрт сөндіру депосын арнайы құралдармен қамтамасыз ету керек. Егер қандай да бір тікұшақ сияқты қаражаты үлкен техникалар қажет болса, әрине, ол мемлекеттік бюджеттен Төтенше жағдайлар министрлігі арқылы сатып алынады.
– Өрт сөндіріліп болғаннан кейін қандай шаралар атқарылады?
– Біздің қызмет – өртті сөндіру және адамдарды құтқару. Ары қарай жергілікті атқарушы органдар, арнайы құрылған комиссия өрттің шығынын есептеп, ауаға, жан-жануарларға әкелген зауалын анықтайды. Әрине, ең бірінші өрттен зардап шеккендерге тұрғын үй салып беру жұмысы басты назарда.
Әсем Құлманова, Елорда.