«Битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа» – Жігер Аупбаев шәкіртіне НЕГЕ өкпеледі?
Жігер Аупбаев – ерекше әндерімен тыңдарманды елең еткізген әнші. Шоу-бизнесте жеке дара жортқанды жөн көрген өнер иесі талғамы биік тыңдарманға тағы бір тосынсый әзірлеп жатқан көрінеді. «Қойшы бала» жөнімен кеткен соң,«Жылқышы баланы» бауырына басқан продюсерге хабарласып, біраз жағдайдың жай-жапсарын сұрадық.
– Сізді кезекті бейнебаянның түсіріліміне қызу кірісіп кетті дегенді естіп едік. Тыңдарманды тағы қандай трекпен таң қалдырмақсыз?
– «Перижан» атты жаңа әніме үнді фильмінің желісінде бейнебаян түсіріп бітірдік. Түсірілім жұмыстары бір ай уақытты алды. Машақаты да, шығыны да аз болмады. Басы-қасында біраз маман тер төкті. Дегенмен, творчествомдағы ерекше дүние болайын деп тұр. Қазір өңдеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұйырса, көрерменге тарту етеміз.
– Қоянбаевқа ұқсап, Үндістанның актерлерін алдыртпадыңыз ба?
– Қазақ-үнді араласқан коллаборация болады. Бірақ алыстан әртіс алдырмай, Алматыда жүрген студент жастарға қолқа салдық. Басты рөлді кейіптеуге актерлік өнерге енді қадам басып жатқан талантты аруға таңдау салдым. Себебі, кәсіби актрисалардың қаламақысы қомақты болады.
Екіншіден, талғамы биік көрерменге жалындаған жастарды таныстырғым келді. «Болам деген баланың балағынан тарпа, белін бу» деген ғой. Дегенмен, ол қарындасымды құралақан қайтармай, келіскен гонорарын бердім.
– Сіздің әндеріңіздің атауы да қызық: «Өзінше қыз», «Жаман қыз», «Жоғал әрі»... Неге?
– Баяғыда бір кісінің «Жеке тұлға болып қалыптасқың келсе, өз сүрлеуіңді сал» дегенін құлағым шалған еді. Сондықтан өнерде өзіндік жолымды жасағым келеді. Осы мақсатта ерекше туындылар орындағанды жөн көремін.
– Енді Береке Мұрат есімді «жылқышы баланы» бауырыңызға басқан екенсіз. Жасөспірімнің талантын ұштау мақсатында жұмысты бастап кеткен боларсыз?
– «Меломен» тобында жүрген кезімде біраз уақыт Алтынбек көкемнің (Қоразбаев – ред.) тәлімін алдым. Ұстазымның жүрісі де, тұрысы да, болмысы да, бауырмалдығы да ерекше ғой, шіркін! Қазақ сахнасына Мейрамбек Бесбаевтай қанша қаркөзді қанаттандырғаны көпке үлгі. Сондықтан көкеміздің бойындағы жақсы қасиеттерін сіңіруге тырыстым. Өнерде өз жолымды қалыптастырғанда мен де шәкірт тәрбиелесем деп армандайтын едім. Осы мақсатта «Қойшы баланы» қанатымның астына алған болатынмын. Кейін бір шәкіртпен ғана шектеліп қалмайын деген ниетте «Жылқышы баланы» жетектеуге бекіндім. Бірге жұмыс істеп жатқанымызға екі-үш айдың жүзі болды, бастамасы жаман емес. Барған жерімде қасымнан қалдырмай, халыққа таныстырып жүрмін.
– «Қойшы бала» кетіп қалған соң аузыңыз күйіп қалған жоқ па?
– «Битке өкпелеп тоныңды отқа жаөпа» деген. Тамшы да ауырлығымен емес, тұрақтылығымен тасты жарған ғой. Біріншіден, бұл маған сабақ болды. «Қойшы бала» өнерден алшақтай қоймас, бүгін болмаса да, ертең жолымыз түйісер. Бәлкім, сахнада бірге өнер көрсетерміз. Жаратушы Алланың өзі кешірімді болғанда, біздің кеудемсоқтағанымыз не, тәйірі?!
– Яғни, қайтып келіп жатса қабылдайсыз ба?
– Әлеуметтік желі арқылы кешірім сұраған екен. Мен де қатты айтпастан, «кім қателеспейді?!» деп түйдім. Егер бетпе-бет жүздесем десе, кек сақтайтын пенде емеспін. Айдостан маған ештеңе керек емес, тек әдемі дауысымен халықтың алғысына бөленіп жүрсе деген ағалық ниетім болған еді.
– Бәлкім, ол бала көлденең сөзге еріп кеткен болар?
– Ол да бар. Қалай десек те, болар іс болды. Менің бар айыбым – қанатымның астына алып, бауырымдай бауыр басып қалғанымда шығар.
– Бірде, желіде өнеріңізге тілекші жандардың бірі «Жігер жиі қызғаныштың құрбаны болады» деп жазған екен. Мұнымен келісесіз бе?
– Өз басым өнердегі қызғанышты қалыпты жағдай деп қабылдаймын...
– Сіздің топтан кеткеніңізге де «көреалмаушылық себеп болды» деген сөз бар...
– Адам баласының ішін танып білмейсің ғой. Дегенмен, ондай жағдаймен бетпе-бет келмеген соң ешкімді қаралай алмаймын. Жалпы өнер жолында қызылкөз қызғаныштық болу керек тәрізді. Ол сені өсірмесе, өшірмейді.
Кезінде бір танымал әнші мерейтойлық концертінде «менің осындай дәрежеге жетуіме септігін тигізген көре алмастық танытып, аяқтан шалған адамдар» деп ақтарылыпты. Дегенмен, мені бағалап та, қаралап та қарайтындарға ниетім бір.
– Қатарластарыңыздың алды бір-бір атақ алып жатқанда, «маған қайда?» деп үміт артпайсыз ба?
– Маған халықтың қошеметінен артық атақ жоқ. Сахнада төсбелгі тағыну үшін жүрген жоқпын.
– «Жоғал әрі, сүймесең одан әрі... » Шынтуайтында бұл жолдар жүрек түкпіріңіздегі аруға қаратып айтылған емес пе?
– «Жоғал әрі» әні Мұхтар Жақсылық есімді ақын досымның сөзіне жазылған. Бірақ туындының жеке өміріме ешқандай қатысы жоқ. Менің түсінігімде махаббат деген екі жанды бір-бірімен жақындастыратын себеп қана. Оның беріктігі кешірім, сыйластық, адалдық, түсіністікпен жалғасын табады. Мінез түйіпсей қалғанда ұрыс-керіс шығады. Ондай жағдайда кешірімге бой алдырған абзал. Қазір біздің қоғамда ажырасу мәселесі басым болып кетті. Бұл қазақты іштен құртып жатқан жаһанданудың жұрнағы деп білем. Ғаламторда да түрлі ақыл айтқыштар көбейді. Мұндай кезде психолог пен коучтың кеңесіне емес, ата-анамыздың ақылына жүгінгеніміз дұрыс.
–Ал сіз қайта отбасын құратын болсаңыз ата-анаңыздың таңдауына басымдық бересіз бе?
– Ата-анамды да, өз жүрегімді де тыңдап барып, ортақ шешім шығаруға тырысамын. «Анасын көріп, қызын ал» деп бұрынғылар текке айтпаса керек. Сондықтан алдымен шыққан тегіне қараймын.