13 Желтоқсан 12:52
...

Биылғы жылы қандай саяси науқандар болды?

Фото:

2023 жылды аяқтап, 2024 жылға қадам басуға таядық. Былтырғы ірі саяси науқандар биылғы түрлі саяси іс-шаралармен жалғасып, елдің дамуындағы бір-бірімен байланысқан қадамдарға ұласты.

«Жаңа Қазақстанның» іргесін қалау, негізін бекіту алдағы жылғы шаралармен де күшейіп, негізін орната түседі. Былтырғы жыл Қазақстанда ауқымды саяси шаралардың негізгісі болса, биыл жалғасын сәтті тапты деуге болады, келер жылдан үміт көп.

Былтырдан бері Қазақстанда бірқатар сайлау науқандарының көптеп өтіп жатқаны мемлекетіміздегі өзгерістерге дәлел болса керек. 2022 жылы еліміздегі ең ірі саяси науқандардың бірі Қазақстан президентінің сайлауы өтіп, одан кейін Ата заңға өзгерістер мен толықтыруларды алғаш рет референдум арқылы қабылдауы мемлекетіміз үшін елеулі өзгерістердің бастамасы болды деуге болады.

Естеріңізде болса, мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында: «Президенттің кезекті сайлауы 2024 жылы, ал Парламент сайлауы 2025 жылы өтуге тиіс екенін баршаңыз білесіздер. Жаңа стратегияға сәйкес басты мемлекеттік институттарды кешенді түрде қайта жаңғыртуға кірісу қажет деп санаймын. Бұл қадам бізге әр азаматымыздың әл-ауқатын арттыру және бүкіл елімізді өркендету жолындағы ортақ жұмысты жандандыруға мүмкіндік береді. Билік өзінің жоспарын қоғамнан жасырын ұстайтын саяси дәстүрден арылуымыз керек. Сондықтан, мен бүгін алдағы сайлау науқандарының кестесін барша халыққа жариялағым келеді» деп президент сайлауы болатынын айтқан еді. Солан былтыр 20 қарашада Қазақстан Республикасы президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаулысымен елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтіп, Орталық сайлау коммисиясы кезектен тыс президенттік сайлауды ойдағыдай ұйымдастырып, өткізді.

Сайлауға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен қатар Жигули Дайрабаев пен Қарақат Әбден, Мейрам Қажыкен және Нұрлан Әуесбаев, Салтанат Тұрсынбековалар қатысты.

Жалпы сайлауға белсенді қатысып, өз дауысын қалаған кандидатына берген  8 млн 282 мың адам болды. Бұл жалпы халық санының 69 пайызын құрайды. Сарапшылардың бірі бұл төмен көрсеткіш десе, басқалары елемізде халықтың саяси белсменділігі артып келеді деп баға беріп жатты. 

Еліміздің барлық өңірлерінде 10 033 учаске жұмыс істеп, шет мемлекеттердегі Қазақстан өкілдіктері жанында 68 учаске құрылған болатын. Ақырғы нәтижесінде 81,31 пайыз азамат, яғни 6 млн 456 мың 392 сайлауға қатысқан адам Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс беріп, қазіргі мемлекет басшысына сенім білдірді. Сөйтіп, еліміздегі ең елеулі оқиға Қ. Тоқаевтың кандидатурасын таңдаумен аяқталып, еліміз «Жаңа Қазақстан» құруға аяқ басты.

Президент сайлауынан кейін президентіміз Қасым-Жомарт Толқаев Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өткізу туралы ұсыныс тастады. Осы шараны «Жаңа Қазақстандағы» жаңа демократиялық бастамалардың алғашқысы деп те ерекше атап өтуге болады. Себебі елімізде бұған дейін екі мәрте ғана бүкілхалықтық референдум өткен болатын. Сондықтан 2022 жылы 5 маусымда өткен бұл науқан елді елең еткізіп, жұрттың жауапкершілігін арттырды. Себебі, Ата заңның 33 бабына 56 өзгеріс енгізіліп, еліміздің заңдарына елеулі өзгеріс әкелді.

Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгертулар мен толықтырулар енгізу мәселесі бойынша референдумда 7 985 769 азамат дауыс беруге қатысқан болатын. Бұл сайлаушылардың 68,05 пайызын құрайды екен. Соның ішінде 77,18 пайыз сайлаушы немесе 6 163 516 адам өзгертуларді қолдап дауыс беріпті.

«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет»

Былтырғы саяси науқандарға неге тоқталып отырмыз? Себебі, биылғы саяси науқандар былтырғының жалғасы деуге болады. Яғни былтыр ел президентін сайладық, Конституцияға өзгерістер енгіздік, одан кейінгі кезек Парламенттің Сенат пен Мәжіліс палаталарының депутаттарын сайлау мен мәслихат сайлауларын өткізуге жалғасқанын атап өту керек. Тіпті елімізде алғаш рет пилоттық режимде, облыстық маңызы бар қалалар мен аудан әкімдерінің сайлауы Республикамызға демократиялық оң өзгеріс әкелегендей болғанын да айта кеткеніміз жөн болар.

«Біз бүгін алдағы реформалардың бағыт-бағдарын айқындап алдық. Енді мемлекетімізді және қоғамның барлық саласын жаңғырта түсуге тиіспіз. Саяси реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласымен жүзеге асырылып жатыр. Бұл тұжырым – қоғамымыздың мызғымас тұғыры. Реформалардың мазмұны жан-жақты толыға түспек.  Жалпыұлттық ынтымақты және билік пен қоғамның серіктестігін нығайта береміз.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстану аса маңызды. Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлауымыз керек. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні – осы. Біздің алдымызда айрықша міндет тұр. Бұл – еліміздің егемендігін және жеріміздің тұтастығын сақтап қалу. Елдігімізді қорғаудың ең басты жолы – берекелі бірлік. Бұдан басқа жол жоқ.

  Ел бірлігі қашанда ең басты құндылық саналған. Қазір оның өзектілігі арта түсті. Халқымыз татулық пен тұрақтылыққа ерекше мән берген. Оны бәрінен биік қойған. Біз дәл осы кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білуіміз керек», - деп мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында айтқандай «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын жүзеге асырудың алғышарттары биыл іске асты деуге болады.

Сонымен, биылғы жыл Парламент сенатының депутаттарын сайлауымен ашылды. Республика бойынша Сенат депутаттығына 130 кандидат ұсынылып, 55 кандидат дауысқа түсті. Сенат сайлауында кандидаттардың және депутаттық мандатқа ие болғандардың басым бөлігі өзін-өзі ұсынушылар болды. Парламент Сенатының сайланған 20 депутатының 16-сы алғаш рет сенатор болады.

Сөйтіп, наурыз айында Парламенттің төменгі палатасына депутаттар сайлау науқаны өтті. Президенттің тапсырмасымен саяси партияларды тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдетіліп, Парламент пен мәслихаттарды партиялық тізім және бір мандатты округ бойынша жасақтаудың тың тәсілдері іске қосылды.

Сайлаушылардың 5 пайыздан артық дауысын жинаған партиялар  ҚР парламенті мәжілісінің депутаттық мандатын иеленген партия мүшелерін жариялаған болатын. Халықтың ең көп дауысын иеленген «Amanat» партиясы (40 адам) болса, «Қазақстан халық партиясы» (5 адам), «Ақ жол» партиясы (6 адам), «Respublika» (6 адам), «Ауыл» (8 адам), Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан (4 адам) мәжіліске өтті. Ал осы сайлаудың бір ерекшелігі бір мандатты округтер бойынша мәжіліске депутаттар сайлана алды. Дәл осы бір мандатты округтер бойынша мәжіліс құрамына 29 депутат кірді.

Биылғы сайлаулардың ішіндегі жаңадан енгізіліп, халыққа таңсық әрі жаңалық болғаны – Қазақстан Республикасы аудандарының және облыстық маңызы бар қалаларының әкімдерінің пилоттық режимде сайлауы болды. Сайлау биыл пилоттық режимде өткізілді деп айтқанымыздай, келесі жылы бұл саяси шара биылғыға қарағанда ауқымдырақ өтеді. Сөйтіп, бірте-бірте, 2025 жылға қарай Республикадағы барлық қалалар, аудандар мен ауылдардың әкімдерін халық өздері сайлап алатын болады. Биылғы сайлауда Абай облысының Курчатов қаласы мен Абай ауданы әкімін сайласа, Ақмола облысында Ақкөл, Астрахан, Есіл, Жақсы аудандарының әкімдерін сайлады, ал Ақтөбеліктер өздеріне Ырғыз, Қобда, Ойыл аудандарының әкімдерін сайлап алды.

Сондай-ақ, Алматы облысы Балқаш пен Жамбыл аудандарының әкімін, ал Атырау Исатай мен Қызылқоға аудандарында сайлау өткізді. Шығыста – Алтай, Глубокое, ал Батыста – Бөкей ордасы, Қаратөбе, Тасқала аудандарынан кандидаттар тартысқа түсті. Жамбыл облысы халқы Жуалы мен Тұрар Рысқұлов аудандарында өз таңдауларын жасаса, Жетісулықтар Кербұлақ, Сарқан аудандарында сайлау өткізді. Қарағандының Приозерск қаласы мен Ақтоғай және Осакаров аудандарында сайлау өтті.

Қостанайда Рудный қаласы мен Алтынсарин, Денисов, Қарабалық пен Федоров ауылдарының тұрғындары өз таңдауларын жасады. Қызылордада Шиелі мен Сырдария аудандары, сонымен қатар, Маңғыстауда Бейнеу ауданы әкім сайлап, Ұлытау облысында Ұлытау ауданы, Түркістан облысында  Бәйдібек, Мақтаарал, Созақ пен Шардара аудандары сайлау өткізді. Солтүстік Қазақстан облысында халық өз әкімін Есіл, Мамлют және Тимирязев аудандарында сайлауға мүмкіндік берсе, павлодарлықтан Ақтоғай мен Железин, Шарбақты аудандарында әкім сайлау құқығын пайдаланды.

«Біздің бүгінгі бастамаларымыз Қазақстанның болашағын айқындайды. Біз күн сайын ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдау жасаймыз. Баршаңызды ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырамын. Бәріміз бірлігімізді бекемдей білсек, ешқашан әділдіктен аттамасақ, берекелі ел боламыз. Әділетті Қазақстанды құру ісі енді ғана басталды. Алдағы жолдың қиындығы көп. Бұл бағдарымыз ешқашан өзгермейді, ішкі және сыртқы ахуал қандай болса да жалғаса береді. Қол қусырып отыратындар мен қасақана кедергі жасайтындарға орын жоқ.  Біз таңдаған жолымыздан айнымаймыз!» -деп президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында айтқандай, барлық жасалып жатқан іс еліміздің берік іргесін қалау үшін екені аян.

Осылайша, биылғы өтіп бара жатқан жыл маңызды сайлау науқандарын өткізуімен есте қалды деуге толық негіз бар. Алдағы 2024 жылы да бірталай саяси науқандар күтіп тұр. Келер жылы да халқымыз өздерін саяси өтірде белсенді көрсетеді деген ойдамыз.

Тегтер: