Биылғы сайлауларда Астананың рөлі қандай болды?
Парламенттің екі палатасының, сонымен қатар Мәслихат сайлауы өтуімен және Республикамызда тұңғыш рет қала және аудан әкімдерін сайлауы өтуімен есте қалып отыр.
Елдегі ең маңызды саяси шешімдер қабылданып, саяси оқиғалардың көшін бастап жүретін әкімшілік орталығымыз – Астана осы саяси науқандарда алғы шепте жүрді десек артық айтпағанымыз болар.
Референдумнан кейін Конституцияның жаңа талаптарына сай билік тармақтарын түгел жаңғыртуға кіріскенімізді өз сөзінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде айтып өткен еді.
«Конституциялық өзгерістерге сәйкес Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті. Референдумды қосқанда бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды 5 саяси науқан өткізілді. Оның бәрі аса күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Қаншалықты күрделі болса да, біз еліміз үшін өте қажет жолды қысқа мерзім ішінде жүріп өттік. Қазақстанның жаңарып, жаңғыра бастағанына жұрттың көзі жетті», – деген еді Қазақстан Республикасы президенті Қ.Тоқаев.
Естеріңізде болса, жыл Парламент сенаты депутаттарын сайлаумен ашылған болатын. 14 қаңтарда өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауға 130 кандидат ұсынылып, 55 кандидат дауысқа түскен болатын. Орталық сайлау коммисиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлау тартысты өткенін мәлімдеген. Әр бір орынға алты адамнан таласқанын ескерсек, Әбдіров мырзаның сөзінің жаны бар деуге болады.
Сенат сайлауында кандидаттардың және депутаттық мандатқа ие болғандардың басым бөлігі өзін-өзі ұсынушылар болғаны қуантады. Жаңа сенаторлардың ішінде Бибігүл Нұрғалиқызы Жексенбай бас қаламыз – Астана қаласынан сайланған депутат болды.
ҚР Парламенті мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлау биыл 19 науырызда өткен еді, сайлау тартысты болып, бағы мен бабы шапқан кандидаттар еліміздің саяси аренасында маңызды мандатқа ие болды.
Сайлауда жеті партия, атап айтқанда: «Amanat» партиясы мен «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы және «Байтақ» «жасылдар» партиясы, Қазақстан халықтық партиясы, Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясы, сондай-ақ «Respublica» партиясы өз кандидаттарын ұсынды.
Сонымен бірге, айта кететін маңызды жайыт, бұл сайлауда мажоритарлы жүйе бойынша бір мандатты округтерден үміткерлер бәсекеге түскен болатын.
«Бәсеке жоғары болғандықтан, сайлау нәтижесін алдын-ала болжау мүмкін емес болды. Оның қорытындысы еліміздің нағыз көппартиялы мемлекетке айналу жолында маңызды қадам жасағанын көрсетті. Мемлекет басшысы ретінде айтарым, Мәжіліске көзқарасы әртүрлі саяси ұстанымдағы күштер келді деп есептеймін. Алғаш рет ұзақ жыл бойы оппозицияда болған партия Парламентке өтті. Біз осының бәріне ауқымды саяси реформаның арқасында қол жеткіздік.
Партияларды тіркеу мәселесін реттейтін заңнаманың өзгеруі де бұған септігін тигізді. Енді партиялар еліміздің болашағына зор ықпал ететін саяси үдерістің басы-қасында жүретін болады. Мәжіліске бір мандатты округтен де депутаттар сайланды. Яғни, Парламентке түрлі әлеуметтік топтан шыққан өкілдердің келуіне жол ашылды. Сондай-ақ ұзақ жылдан бері алғаш рет өзін-өзі ұсынған үміткерлер депутат атанды. Бірқатар азамат партия атынан шыққан үміткерлерді тартысты бәсекеде жеңіп шықты. Осылайша, елімізде демократия дәстүрі жаңа деңгейге көтеріліп, нығая түсті. Саяси күштердің бәріне бірдей мүмкіндік берілетініне азаматтардың сенімі артты», -деп айтты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жалпы сайлауда дауыс беруге 12 млн-нан артық адам құқылы болса, олардың жартысынан көбі, яғни 54,19 пайызы өз дауысын таңдаған кандидатына беріп, азаматтық міндетін орындапты. Оның ішінде Астана қаласының белсенділігі 42,91 пайызды құрады. Сайлау кезінде елордада заңбұзушылық тіркелмегені Астана халқының тәртіпке бағыну мен сайлаудың маңыздылығын түсінетінін көрсетсе керек.
Сайлауға түскен жеті партияның бесеуі тиісті дауысты жинап, парламентке өтті. Қазіргі уақытта ол партиялар атынан сайланған депутаттар өз міндеттерін абыроймен атқарып, ел алдындағы парыздарын орындап отыр. Айта кетейік, партиялардың ішінде «Amanat» партиясы басым дауысты, яғни 53,46 пайыз дауыс жинаған болатын. Ал бір мандатты округтер бойынша Астана қаласынан белгілі спортшы Дәулет Тұрлыханов өтіп, қазіргі уақытта елдегі өзекті мәселелерді парламент мінберінде көтеріп жүрген мәжілісмен.
Дәл сол уақытта еліміздің әр өңірінде мәслихат сайлаулары да тартысты өтіп жатқанын еске сала кетейік.
Республиканың бас қаласы Астананың өзінде мәслихатқа кандидат ретінде 143 азамат тіркелген болатын. Сонымен қатар, сайлаушы тізіміне 788 931 азамат кірген екен, олардың ішінде 332 694 адам сол кезде жұмыс істеп тұрған 17 сайлау округінде дауыс беруге келіп, саяси белсенділігін көрсетіпті. Әр сайлау учаскесінен бес кандидаттан он бес кандидатқа дейін болғанын ескерсек, бәсеке қатты, бәйге тартысты болғанға ұқсайды.