«Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Канада әскері Украинаға кіруі мүмкін»

Канаданың Премьер-министрі Марк Карни алдағы уақытта Украинаның қауіпсіздігіне кепіл болу үшін Канада әскері Украинаға кіруі мүмкін екенін айтты. Бұл туралы ВВС хабарлады.
Алматы, NEGE. Украинаның Тәуелсіздік күніне орай Киевке келген Канаданың Премьер-министрі Марк Карни Украинаның Президенті Владимир Зеленскиймен бірге баспасөз мәслихатын өткізіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Канада әскері Украинаға кіруі мүмкін екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол Украинаның одақтастары жасамақ қауіпсіздік кепілдігі Ресейдің таңдауы емес екенін айтты.
– НАТО мүше елдердің Украинаға салған инвестициясы қорғанысқа бағытталғанын бекер айтпайды. НАТО-ға мүше елдердің ұжымдық қорғанысы үшін инвестиция аса маңызды. Өйткені Ресейдің агрессиясы жауапсыз қалса, ол мұнымен тоқтамайды, – деді Марк Карни.
Айта кетейік, бұл – Канада Премьер-министрінің Украинаға жасаған алғашқы сапары. Бұған дейін Украинамен одақтас мемлекеттер егер Ресеймен бейбіт келіссөз жасалатын болса, болашақта Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беретінін мәлімдеген болатын.
Ал В.Зеленский Украинаның тәуелсіздік күніне орай сөйлеген сөзінде күресті жалғастыратынын айтты.
«Бүгінгі күні АҚШ-та Еуропа да «Украина әлі жеңген жоқ, бірақ жеңілмейтіні анық» деген пікірде. Украина өз тәуелсіздігін күреспен алды. Украина құрбандық емес, ол жауынгер», – деді Зеленский.