Батька және экономика. НЕГЕ Лукашенконың қайта сайлануы Беларусь экономикасын тығырыққа тіремек?
Беларусь экономикасының ғұмырын өткен президент сайлауына дейін және сайлаудан кейін деп екіге бөлуге болады. Себебі, сайлауға дейін Лукашенко қатаң жоспарлы экономиканы ебін тауып іске асырып келсе, енді оның болашақта тығырыққа тірейтін жол екені анық көрініп отыр.
Не президент Лукашенко экономистердің айтқанын тыңдап, 90-шы жылдары Қазақстан бастан кешкен жекешелендіруді бастап кетуі керек, не жоспарлы экономиканы жалғастыра беру үшін оның сыртқы байланыстарын үзіп, ішкі тұтынуға бағыттауы тиіс. Жоспарлы экономика кезінде 2016 – 2019 жылдар аралығында Беларусьтің ішкі жалпы өнімі жылына орта есеппен 1,1 пайызға өсіп отырған болатын. Коронавирус пандемиясының экономикаға қалай әсер еткені әлі толық зерттелмеді, бірақ мұндай жағдайда ІЖӨ-нің өспегені анық.
Алғашқы жарты жылда беларус бюджетінің тапшылығы 1,4 миллиард рубльді құрады. Енді экономистер бюджет тапшылығының жыл соңына дейін 5 млрд рубльге дейін өсетінін болжап отыр.
BelaPAN-ға түсініктеме берген BEROC Экономикалық зерттеулер орталығының академиялық директоры Катерина Борнукованың айтуынша, қоғамның биліктен нақты экономикалық реформаларды талап етіп отырғаны осы сайлау науқанында байқалды.
«Халық жұмыс істеп, өмір сүруге мүмкіндік беретіндей ақша тапқысы келеді. Ол үшін адамдар өзгерістердің қажет екенін түсініп отыр»
«Саясатты былай қойғанда, биыл президент болу үшін барын салған Лукашенко экономиканы қиын жағдайға тіреді. Ол экономикалық қарым-қатынас жасап отырған маңызды көршілері Ресей мен Польшамен тіресіп қалды», - дейді, Экономикалық бастамаларды қолдау қорының (ЭБҚҚ) сарапшылары.
«Ресейден келетін арзан мұнайсыз Беларусь мұнай-химия шаруашылығы түгелдей тоқырайды. Ал ол дегеніміз екі үлкен зауыт. Шикізат жетпесе, екі зауыттың бірін тоқтатуға тура келеді. Бұл ретте Украина, Норвегиядан реверспен мұнай алудың тек саяси ойын екенін айта аламыз. Шын мәнінде тек Ресейдің арзан мұнайы ғана беларустарға оны өңдеп, пайда табуға мүмкіндік береді»
Лукашенконың Польшамен тірескені беларустарды азық-түліктерін өткізіп отырған үлкен нарықтан айыруы мүмкін. Онда халық сарапшылар болжап отырған «картоп кризисін» бастан кешеді. Картоп көп, бірақ оны алатын ел жоқ болады қысқасы.
Тақырыпқа орай: Беларусь пен Ресей соғыса ма?
Беларус сарапшылары, қоғам мемлекеттің экономикаға дендеп кіріп алғанынан шаршады дейді. Бірақ бұл жерде Беларусьтің кіші КСРО моделінде қалғанын айтып кету керек. Бұл үлгіде экономиканы жүргізетін де, басқаратын да бір ғана институт - мемлекет болмақ.
Тақырыпқа орай: Досым Сәтбаев: Тихановская Қосанов емес
«Беларустар ел болашағын өздері анықтағылары келеді және мемлекеттің экономикаға шамадан тыс қатысуы елдің дамуына кедергі болады деп санайды», - дейді, BEROC экономикалық зерттеулер орталығының аға ғылыми қызметкері Дмитрий Крук. Халық өзінің жағдайының көтерілмей отырғанын мемлекеттен көреді.
«Бес жылдың ішінде номиналды жалақыны екі есе арттыру үшін инфляция айтарлықтай көтерілуі керек немесе жалақы өсімі еңбек өнімділігіне қарағанда бірнеше есе тез болуы керек. Екеуінің де жағымсыз әсері бар»
Лукашенко қайта креслоға отырғандықтан, Беларусь елінде түбегейлі реформалар болады деген үміт оты өшіп қалды. Енді ескі де жаңа президент экономикаға қауып төндіріп тұрған екі тажалмен айқасқа түсуі тиіс. Біріншісі - пандемияның салдары, екіншісі - өзі әбден ренжіткен көрші мемлекеттер.