22 Қараша 08:42

«Жоғарыдан революция жасау» Тоқаевтың қолынан келе ме?

Фото:

Сайлау өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев жеңді. Діттегеніне жетті. Алдағы жеті жыл билік тізгіні енді соның қолында. Осы жеті жылдықтан не күтеміз? Президент алғашқы қадамын неден бастамақ? Қандай реформаларды қолға алады? Не өзгереді?

Бұл сауалдарға әлден жауап айтып жатқан адамдар бар. Соның бірі және алғашқысы Ресейдің Каспий стратегиялық зерттеулер институтының аймақтық жобалар жөніндегі директор Юрий СОЛОЗОБОВ болды. «Сырт көз сыншы» деген, оған сенсек, Қазақстанды үлкен өзгеріс күтіп тұр.

«Сайлаудан кейін саяси жүйені қайта іске қосады. Бұл «жоғарыдан жасалатын революция» болады. Мемлекетті басқару жүйесі өзгереді. Кеңестік жүйеден мүлде жаңа жүйеге көшеді», – деп, Юрий СОЛОЗОБОВ НГ басылымына пікір айтқан.

Оның болжамынша, алдымен алып кадр оқтізері жаңартылады. Назарбаев дәуіріндегі ардагерлер мен салмағы бар тұлғалардан құтылып, жаңа саяси цикл үшін жаңа тұлғаларды саясат сахнасына шығаруға Тоқаевқа мүмкіндік туды.

Ал бұл жөнінде қазақстандық сарапшылар не дейді? Жауабы төменде.

Сайын БОРБАСОВ, саясаттанушы:

Тоқаевқа аванспен карт бланш беріліп отыр

­

– Менің ойымша, Тоқаев экономикалық мәселелерге басты назар аударады. Халықтың әл-ауқатын жақсартпаса, онда Қаңтар оқиғасы қайталануы ықтимал. Мұны сарапшылар да, президенттің өзі де жақсы біліп отыр.  

Бұған қаржыны қайдан аламыз? Олигархтардан. Заңсыз жинаған ақшасын тартып алу керек. Халықтың тұрмысын түзейтіндей басқа қаржы көзі жоқ. Мұнай немесе астықты көп өндіріп, ақша таба алмаймыз. Басты мақсат – олигархтар мен назарбаевтар жеп кеткен ақшаны қайтару. Бұл ­–миллиардтаған ақша. Бірнеше жылдық табысымыздан көп қаражат.

Сарапшылардың есебінше, офшорда және олигархтардың қолында 200 миллиард доллардан аса ақша бар. Мұның бәрі – Қазақстан халқының талан-таражға түскен қаражаты. Алдымен осы шаруамен айналысу қажет.

Ауыл шаруашылығын дамытпайынша, бізде ашқандай жақсылық болмайды. Экономикада басты бағыт осы болуы тиіс. Осы арқылы жеңіл өнеркәсіпті қалпына келтіре аламыз. Қоғамның драйвері ­– ауылшаруашылығы және шикізатты өңдеу.

Логистиканы күшейту керек. Кеңес өкіметі кезінде өнім өндіретін де, шірітіп алатын. Қазір де біз сол аурудан құтыла алмай отырмыз. Осы мәселені ретке келтірсе, Тоқаев Қазақстанның шаруасын дөңгелетіп кете алады. Оған сенімім мол. Тәжірибесі мол азамат. Жасы жетпіске келді.

Бұған бөгет болатын да ешкім жоқ. Ресейдің өз қайғысы басынан асады. Қытай бізге тиісейін деп жатқан жоқ. Назарбаев биліктен айырылды. Билік толық қолына көшті. Енді жеті жылда халық құрметтейтін, шын мәніндегі мемлекет қайраткері ретінде қызмет атқаруы керек деп ойлаймын. Оған күші де, білімі де жетеді.

Егер бұрынғыша Назарбаевтың әдіс-тәсіліне көшіп, халықты алдап, өтірік уәде беретін болса, онда күні қараң болады. Назарбаевты лақтырған халық оны да тақтан тайдыруы мүмкін. Тоқаевқа аванспен карт бланш беріліп отыр. «Билікті алдың, тағы да жеті жыл мұрсат берейік» деп халық дауыс берді. Екі-үш жылдың ішінде осы мәселелерді шешпесе, жағдайы мүшкіл болмақ.

Сергей ДУВАНОВ, саясаткер:

Ешқандай жылымық болмайды

­

– Меніңше, мұндай революция жасап, ірі саяси реформаларды жүзеге асыратындай оның үш жыл уақыты болды. Үш жыл өтті. Бірақ өзгеріс көріп тұрғаным жоқ. Ол енді реформаның иллюзиясын жасау үшін әрекеттенеді. Ең жақсы деген реформасының өзі түкке алғысыз болып шығады. Ахуалды мүлде ушықтырып жібереді.

Кеше өткен сайлауға қарағанда, Назарбаев қолданған тәсілдерге қайта иек артудан тартынбайтыны көрінеді. Оппозиция мен наразыларды қуғандайды. Бәрі қайта жалғасады. Ешқандай жылымық болмайды.

Дауыс алу үшін реформа, революция туралы уәде беру керек болды. Өз басымен ойлана алатын, саяси сауатты адамдардың өзі бұған сенді. Енді реформа күтіп отыр.

Айдос САРЫМ, Мәжіліс депутаты:

Бізге жаңа экономикалық құрылым қажет

– Бәріміздің көзіміздің жеткені ­– Қазақстанның экономикасы өзгеруі тиіс. Басқа шара жоқ. Өкінішке қарай, журналистер мен сарапшылар назардан тыс қалдырғаны ­– Тоқаевтың «орта табыс қақпаны» дегенді жиі айтып жүргені. Экономика қалай өзгерсе де, мұнай бағасы қаншалықты қымбаттаса да, халықтың табысы көтерілмейтіні анық. Сондықтан бізге жаңа экономикалық құрылым қажет. Жаңа даму керек. Ол үшін саяси реформа жасалып, тереңдей түсуі тиіс. Сонда ғана халықтың бойындағы ерік-жігері, қуаты жасампаз болады деген түсінік бар.

Көктемге қарай сайлау өтеді. Мәжіліс пен мәслихаттар жаңарады. Жаңа жылдан кейін әкімдерді сайлауға кірісеміз. Қалалық, аудандық әкімдерді сайлау деңгейіне жетеміз. Бұл да ­– үлкен жаңалық. Мақсат ­–  халық пен биліктің арасы жақындастырып, табыстыру. Осындай реформалардың қолға алынатыны анық.

Экономикаға байланысты басқа да бағыттар бар. Азаматтар мен мемлекет арасындағы міндеттерді айқындап, тұрақтандыратын әлеуметтік кодекс қабылдануы тиіс. Ең үлкен жаңалықтардың бірі осы. Бұл заң аясында көп дау болатыны анық. Оның ішінде зейнет жасы секілді түрлі әлеуметтік мәселелер де бар.

Салық кодексі – өз алдына бөлек мәселе. Соңғы рет 1995 жылы қабылданыпты. Оған 1200-ден аса өзгеріс енгізілген. Шынын айту керек, бұл заң шұрық-тесік. Олигополиялық топтардың бұған көп араласқаны ақиқат. Енді соны өзгерту қажет, осыдан кейін салық режимі 25-30 жыл өзгермейтіндей болуы шарт. Осы секілді кезек күттірмейтін шаралар аз емес. Мұның оңайға соқпайтыны анық.

Меніңше, осындай үлкен өзгерістер болады. Бұл кезең-кезеңмен қолға алынатын болады.

Тегтер: