7 Желтоқсан 12:12

Тоқырауды індет әшкерелейді: Қазақстанда ҚЫЗЫЛША дерті НЕГЕ өршіді?

Фото:
Желтоқсанның 6-сы күнгі дерек бойынша Қазақстанда қызылшамен ауырған 20 мыңнан астам адам тіркелген. Қызылша адамнан адамға тез жұғатынын ескерсек, оған қарсы ауқымды іс-шаралар жасалмаса

, бұл сан тез арада әлденеше есеге өсуі әбден мүмкін.

«Қазақстандағы қызылшаның күрт бас көтеруі 5 жасқа дейінгі 1,5 миллион баланың денсаулығына қауіп төндіріп тұр, енді оларға жаппай қосымша иммундау іс-шарасы жасау керек», – дейді ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау Комитеті төрағасының орынбасары Зәуре АХМЕТОВА.

Денсаулық сақтау министрлігі қараша айынан бастап қызылшаға қарсы екпе егу науқанын бастап, індетті тоқтатудың жалғыз амалы ретінде  халықты екпе алуға шақыруда.

Фото: ғаламтордан

Қызылша — бұл ауа арқылы жылдам таралатын жұқпалы ауру, әсіресе, тұрмысы төмен немесе туберкулезге шалдыққан балалар үшін аса  қауіпті. Ауру адаммен қарым-қатынаста болғандардың 90 пайыздан астамы осы ауруды жұқтырады. Ауру белгілері оны жұқтырғаннан кейін он күннен соң суық тиген секілді шығады: дене қызуы көтеріледі, тұмауратады, көз қабынады және жөтеледі. Кейін денеге қызыл бөртпе шығады. Осыған қарап ауруды қызылша атап кеткен.

Қызылша проблемасы қашан пайда болды және ол НЕГЕ осындай ауқымды мәселеге айналды?

Вакцина төңірегіндегі дау

Қазақстанда соңғы 20 жылда баласына қызылшаға қарсы екпе салдырудан бас тартқандар саны күрт өсті. Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ажар ҒИНАЯТ қызылшамен ауырған 20 мыңнан астам адамның 81% 14 жасқа дейінгі балалар екенін, оның ішінде 83% ешқашан қызылшаға қарсы екпе алмағанын мәлімдеді.

Қызылша елдің барлық өңірін шарпыған. Емхана мен аурухана атаулы қызылша белгісімен келгендерге лық толы. Бірақ билік әзірге мұны эпидемия емес деп санайды.

Ең жоғары көрсеткіш Шымкентте тіркелген. Мұнда 3 069 адамның ауырғаны анықталған. 100 мың адамға шаққандағы көрсеткіш 263,5. Бұл дегеніңіз – эпидемияның көрсеткіші!

Одан кейін Алматы қаласы, Алматы облысы, Жамбыл, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстары тұр.

Денсаулық сақтау министрлігі қызылшаға қарсы жаппай вакциналау кезінде екпеден бас тарту жағдайының әлі де көп екенін мәлімдеді. Вакцинадан бас тартқандардың 57% кейін  қызылшаға шалдыққан.

Вакцинаға қарсыларды шартты түрде екі топқа бөлуге болады: антиваксерлердің бірінші тобы елге әкелінген Үндістанда әзірленген вакцинаның сапасына сенбейді және оны басқа мемлекеттерден сатып алу керек деп санайды.

Үндістаннан әкелінген вакцина. Фото: gov.kz

Екінші топ бұл ислам дінін, оның ішінде ортодоксалды көзқарастағы ағымдарын қолдайтындардан тұрады. Бұлар сапасына, басқасына қарамастан кез келген вакцинаға қарсы. Және осындай әсірерадикал діншілдердің әрекетінен кезінде Қазақстанның, әсіресе, батыс өңірлерінде балаларына туберкулезге қарсы БЦЖ екпесін салдырудан бас тартқандар саны көбейіп кетіп, 10-15 жыл өткен соң сондай екпе алмаған балалардың арасында туберкулездің дәріге төзімді ауыр түрлеріне шалдыққандар қатары күрт өскен еді.         

Қызылшамен ең көп ауырған өңірлерге тағы бір мәрте көз салсаңыз, дені діни тәрбие мен түрлі діни ағымдардың ықпалы өте жоғары аймақтар екенін аңғаруға болады.

Денсаулық сақтау жүйесінің тоқырауы

Екінші жағынан антиваксерлердің вакцина сапасына көңілі толмауының, оған күмәнмен қарауының басты себебі – олар елдегі денсаулық сақтау жүйесіне сенбейді. Шымкентте балаларға СПИД жұқтыру, манту орнына байқаусызда вакцина егу, қызылшаға қарсы сапасыз деп танылған үнді вакцинасын қолдану секілді талай дауға куә болған ел азаматтарында отандық денсаулық сақтау жүйесіне деген сенім жоғалды.

Әлі күнге әміршіл-әкімшіл жүйемен жұмыс істейтін дәрігерлердің оң көрсеткіштер үшін талай жағымсыз оқиғаларды жасырып-жауып отырғаны да сенімсіздік диірменіне су құйып отыр. Ал екі жыл бойғы Ковидпен күрес науқаны еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің мүлдем тоқырағанын, пандемияға қарсы тиімді  әрекет ете алмайтынын одан сайын әшкереледі.

Фото: ғаламтордан

Ресми статистика бойынша ғана коронавирустан көз жұмғандар саны – 19 мың адам! Бұл деректің өзіне күмән келтіруге болады. Мысалы халқының саны бізден 2 миллионға кем, есесіне халқының әл-ауқаты әлденеше есе жоғары Нидерландыда коронавирустан көз жұмғандар саны 22 мың 992 адам. Ашықтық пен азаматтық қоғам бақылауы күшті елдің дерегіне сенесіз бе, жоқ әлде жоғарыдағы нұсқаулықпен реттелетін ресми статистикаға нанасыз ба? 

Халық ақымақ емес, бәрін көріп-біліп отыр. Медициналық деректерді бұрмалау, нақты жағдайды боямалап көрсету осындай жағдайларға душар етеді.

Биыл Қазақстанда қызылшамен ауырғандар алғаш наурыз айында анықталған. Ол кезде елдің жеті аймағында 20 жағдай тіркелгені туралы ресми айтылды. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі ауру елге Мысырдан, Түркия және Ресейден келгенін мәлімдеді. Алайда денсаулық сақтау министрлігі қызылшаны тоқтата алмады. 4 ай өткен соң шілде айында 2 мың адамның қызылша жұқтырғаны белгілі болды. Қарашада оның саны 13 мыңға жетті. 20 науқасты және онымен байланыста болған барлық адамды шұғыл оқшаулауға, аурудың тарауына тосқауыл қоюға не кедергі болды? Бұл еліміздегі инфекциялық медицинаның мүлдем тұралап қалғанын әшкерелейді. Ал одан әрі кеңірек алсақ бұл – еліміздегі медицина жүйесіндегі тереңдеп кеткен басқарушылық, кадрлық, экономикалық және жемқорлық дағдарыс пен құндылықтардың тоқырауының көрінісі. 

Фото: Хабар 24

Қазақстан қызылша және басқа қауіпті ауруларға қарсы вакциналар мен қажетті дәрі-дәрмектердің бәрін шетелден сатып алады. Бірақ осындай дәрі-дәрмек импортына тәуелділік сын-қатерінің барына қарамастан, вакцина сатып алу кестесі мен оны жеткізу мерзімдері жемқорлық, бюрократиялық сөзбұйда болсын түрлі себептермен кешіктірілетіні жасырын емес. Оған вакцина егу барысындағы медициналық талаптардың жаппай бұзылуын қосыңыз. Сондықтан бәрін антиваксерлерге жаба салу арқылы денсаулық сақтау саласының шенділері жауапкершілікті өзгеге арта алмайды. Өйткені вакцинаға қарсы қазіргідей тұрақты тенденция қалыптаспай тұрып та елімізде екі рет 2005 және 2019 жылдары дәл осы қызылшамен жаппай ауыру жағдайы болған.

Жасырған кеселді өлім әшкерелейді

Ковид кезінде құйылған триллиондаған ақшаның медицина саласына емес, біреулердің қалтасында кеткенін қызылша дерті анық көрсетті. Коронавируспен күресте шыңдалып шығуы тиіс медицина саласы, керісінше, мүлдем тоқырап, әбден қалжырап шыққанын көріп отырмыз. Қызылшамен күрестегі дәрменсіздігіміздің басқа себебін көре алмай отырмын. Бұл ситуативті емес, нағыз жүйелік проблемадан туған жағдай болып тұр. Дәл біздегідей медицина саласы жемқорлыққа батқан Ресейде де қазір қызылша өршіп тұр. Қазір онда 5 мыңға жуық науқас тіркелген.

ҚР Денсаулық сақтау министрі А.Ғинаят. Фото: gov.kz

Не істемек керек? Елдегі медицина саласындағы проблеманы жүйелік дағдарыс ретінде мойындап, оның басты себептерін анықтап және оларды жою, оның орнына саланы оңалтатын нақты қадамдарды қолға алу қажет. Ал барлық проблеманың түптамыры – жемқорлықта!  Бұған айқын дәлел: Дүниежүзілік денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2022 жылы әлемдегі ең ірі қызылша індеттері 37 елде  тіркелген. Оның 28 -і Африкада орналасқан, алтауы Сирия, Палестина, Мысыр секілді Шығыс Жерортатеңізі аймағындағы мемлекеттер, екеуі Оңтүстік-Шығыс Азияның Бирма, Лаос секілді кедей елдері. Бұлардың бәрі дерлік жемқорлық жайлаған, сөз еркіндігі мен адам құқықтары шектелген авторитарлық мемлекеттер рейтингінен түспейтін елдер.

Дәл қазір АҚШ-та мысалы қызылшадан көз жұму деңгейі 0,2% болса, дамушы елдерде бұл көрсеткіш 10%-дан асып жығылады.

Қорыта келгенде, еліміздің медицина саласының елдің көз алдында түсіп кеткен беделін көтермейінше, проблемаларды жасырып-жаппай, керісінше оларды ортаға талқыға салуға көшпейінше, медицна саласын коммерцияландыру тоқтамайынша, білікті кадр дайындау мәселесін қолға алмайынша, жыл сайын әртүрлі індетпен алысып, шулағанымыз – шулаған.

«Ауруын жасырған – өледі», ал шындықты жасырған – проблеманың көкесін көреді!

Дәнеш ҰЗАҚ.

Тегтер: