ТІЛЕУХАН мен ТАЗАБЕК Дарын Мубаровтың «БҰЗАУЫ» ма?
жұртқа белгілі діндар Дарын МУБАРОВ журналист Аман ТАСЫҒАННЫҢ TALK LIKE хабарына қатысып сұхбат беріп, діни ұстанымы, жеке өмірі жайлы айтты.
Д.Мубаровтың сөзіне қарағанда, оның төр әйелі, 31 баласы бар. Балаларының үшеуі – әйелдерінің артынан еріп келген де, қалған 28-і «өз белінен» екен.
Мубаров сұхбат барысында ұстаздары мен шәкірттері туралы айта келе, Бекболат ТІЛЕУХАН мен Мұхамеджан ТАЗАБЕККЕ тоқталды. Сондай-ақ, ол «салафилік ағымның қолдаушысы» екенін де ашық айтады.
– Тоқсаныншы жылдары біз Орталық Азиядан мүфтиятымызды бөліп алдық. Одан кейін, өзіңіз айтпақшы жігіттер білімін жетілдіру мақсатында Пәкістанға, Түркияға, Сауд Арабиясына, Мысырға кетті. Діни білімді сырттан іздегеніміз дұрыс болды ма?, – деп сұрады журналист.
Фото: видеодан скрин
– Кеңес өкіметі кезінде шетелге жіберіп оқыту деген болған екен. Ол кезде атеизм болса да, «кімде-кім дінге жабысып, оқимын» десе, өкімет оны өзі қадағалап жіберген.
Ал енді өзі келіп, өзі кетіп жатқан соң, жасыратыны жоқ, кейбір олқылықтар орын алды. Тура осылай болады деп өкімет те ойлаған жоқ шығар. Ол кездегі адамдарды ешкім шығарып салған жоқ. Келген соң олардың аузы жабылып келмейді ғой, былайша айтқанда, өріске кеткен сиыр желіні толып келген соң оны бұзау емеді ғой.
Мейлі Түркиядан, мейлі Сауд Арабиядан, мейлі Египеттен оқып келейік, біз келгеннен кейін бізді біреу тыңдайды. Оқуға бара алмаған адамдар «сұрағым бар еді» дегеннен кейін ол сенің бұзауыңа айналып қалады. Ол сені құрметтейді, ұстаз санайды, – деп жауап берді Д.Мубаров.
А.Тасыған: «Сіз секілді салафилік жолды ұстанған шәкірттеріңіз бар ма? Бекболат Тілеухан, Мұхамеджан Тазабек, Балғынбек Имашты шәкіртім деп айта аласыз ба?», – деген сұрақ қойды.
– Енді олар сыртымнан сыйлап, «ұстазым» деп айтып қалмаса, мен оларды «шәкіртім» деп айта алмаймын. Біз енді дастархан басында кездесіп қаламыз. Көріп тұрам, өздері де сөздері де дұрыс адамдар. Парасаты бар кісілер. Біл – біріншіден.
Екіншіден, оларды салафи деп те айта алмаймын. Олар қалыптасып қойған. Дін оқып келген жас бала оларды отырғызып-тұрғыза алмайды. Менің білуімде, олар салаф деп айтатын кісілер емес, – деп жауап берді Мубаров.
Фото: ғаламтордан
«Уахабизмге қатысыңыз бар ма?», – деген нақты сұраққа: «Менің зерттеулерім бойынша, арнайы түрде ұйымдасқан уахабизм бар деп есептемеймін», – деп құтылды. Ал «Салафизмге қатысыңыз бар ма?» деген сауалға ол салафизмнің тарихын айта келе: «Біз – халафпыз. Бұл – пайғамбар заманынан кейінгілер деген сөз», – деп жауап берді.
Сұхбат барысында Д.Мубаров «өрістен желіні толып қайтқан сиыр» мен «бұзау» туралы айтты ғой, енді оқырмандар көкейінде тұрған қызық сұрақ бар: Бекболат Тілеухан мен Мұхамеджан Тазабек өздерін Дарын Мубаровтың бұзауы санай ма? Д.Мубаровты ұстазымыз деп есептей ме?
Бұл сұрақтарға жауапты Б.Тілеухан мен М.Тазабектің өзінен күтеміз.