12 Желтоқсан 15:53

Статилер Ләззат Қиыновтың қызына не үшін ақша берді?

Фото:

Қазақстанның Әділет министрлігі әкелі-балалы Статилер ісіне қатысты жаңа талап-арызын жариялады. Және онда Анатол мен Габриэль Статилердің Қазақстаннан заңсыз ақша шығарғаны және оның бір бөлігін бірнеше елдегі беделді тұлғаларға пара беруге пайдаланғаны жөнінде айтылады. Статиден пара алған елдер тізімінде Қазақстан да бар.

ҚР Әділет министрілігінің Стокгольм Сауда палатасының Төрелік институтында Анатолий Стати, Габриэль Стати, Terra Raf Trading Ltd және Ascom Group SA талап-арызы бойынша 2013 жылдың 19 желтоқсанында № V (116/2010) іс бойынша шығарылған төрелік шешімді Швецияның Арбитраж туралы (1999: 116) Заңына сәйкес, заңсыз деп тану туралы талап-арызының қазақ тіліне бейресми аудармасы.

Аталған талап-арызда Әділет министрлігі 2003-2011 жылдары энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі болған, одан кейін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясын басқарған ірі шенеуік Ләззат Қиыновтың қызы Екатерина Қиыноваға Анатоли Статидің бір миллион АҚШ долларынан астам ақша аударғаны жөнінде тұңғыш рет ашық жазады.

Талап-арызда: Сондай-ақ, Статилер Hayden қаражатын қазақстандық саясаткерлерге жеке бас пайдасы үшін берген. 2007 жылғы қазаннан бастап 2008 жылғы маусымға дейінгі кезеңде Статилер жалпы алғанда Ләззат Қиыновтың қызы Екатерина Қиыноваға тоғыз жеке аударым арқылы 1 153 670 АҚШ долларын төледі. Ләззат Қиынов 2003 жылдың наурыз айынан 2011 жылдың желтоқсан айына дейін Қазақстандағы энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі болды. Төлемдер Hayden арқылы жүзеге асырылды және банктен алынған үзінді-көшірмелерге сәйкес «шәкіртақы үшін төлемдерге» қатысты болды. Екатерина Қиынованың аудармалары қазіргі уақытта пара алғаны туралы күдіктенуіне байланысты қазақстандық прокуратурамен тергеледі – деп жазылған.

Демек, 2007-2008 жылдары Екатерина Қиыноваға Статилерден 9 рет ақша түскен және Статилер оны стипендия ретінде көрсеткен. Статилер мен Қазақстан арасындағы соттағы тартыс 9 жылдан бері жалғасып келеді. 2010 жылы Анатолий Стати өзі қаржыландырған «Толқынмұнайгаз» бен «Қазполмұнай» компанияларын Қазақстан Үкіметі заңсыз тартып алды деген айыппен халықаралық сотқа жүгінген. 

Қазақстанға қатысы бар, Статилер басқаратын компаниялар схемасы

Әділет министрлігі талап-арызда «Толқынмұнайгаз» (ТМГ) мен «Қазполмұнай» (КМП) қаржылық проблемалары Қазақстанның іс-әрекеттерінен туындаған жоқ. Оның орнына, Статилердің өздері Tristan Oil-дың КПМ мен ТМГ-да облигацияларды шығару нәтижесінде алған қаражатын аудармаған, осы компаниялар сатқан мұнай мен газ конденсаты үшін КПМ мен ТМГ-ге төлемеген. Әрі жалған шығындар қалыптастырып, ТМГ-ның ақшасынан шығару үшін түрлі схемалар қолданған. Соның кесірінен екі компанияда қаржылылық проблемалар туындады деп жазады.

ҚР Әділет министрілігінің Стокгольм Сауда палатасының Төрелік институтында Анатолий Стати, Габриэль Стати, Terra Raf Trading Ltd және Ascom Group SA талап-арызы бойынша 2013 жылдың 19 желтоқсанында № V (116/2010) іс бойынша шығарылған төрелік шешімді Швецияның Арбитраж туралы (1999: 116) Заңына сәйкес заңсыз деп тану туралы талап-арызының қазақ тіліне бейресми аудармасы.

Осы екі қазақстандық компаниядан шығарған ақшаны Статилер Hayden фирмасына аударған. Ал Hayden-нің есеп-шотынан Статилер түрлі қымбат бағалы заттар, көліктер, үйлер сатып алып, қаражаттың бір бөлігін белді саясаткерлерге аударып отырған. Оның ішінде Екатерина Қиынова да бар.

Бір қызығы, Екатерина Қиынова тегін ауыстырған. Қазір ол Екатерина Ләззатова. Құжаттар бойынша 1985 жылы туған, Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Өзіне ақша аударыла бастаған 2007 жылы ол Чехияның Карловы Вары қаласында LEL Company деген атауман фирма ашқан. Фирма үйлерді жалға берумен айналысады. Компания жарнасына Екатерина 200 000 чех кроны, шамамен 3,5 млн теңге құйған. 

Қазіргі таңда, Әділет министрлігінің ақпаратында көрсетілгендей, Екатерина Қиыноваға (Ләззатова) аударылған қаржы бойынша Бас прокуратура тергеу жүргізіп жатыр. Бұдан бөлек, Қазақстан Үкіметі халықаралық соттарда әкелі-балалы Статилердің біздің елімізде алаяқтықпен айналысқанын дәлелдеу үшін барын салмақ.

Nege.kz

Тегтер: