3 Желтоқсан 19:59

Шигео Катсу бүгін «жұмыртқа жарды»: NU-дегі ең маңызды адам кім?

Фото:

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде Назарбаев универитеті мен оның президенті Шигео Катсудың қызметкерлерімен қарым-қатынасына қатысты әңгімелер көбейіп кетті. Оған түрткі болған – блогер Дэнис Кривошеевтің жазбалары. Ол өзінің Фейсбук парақшасында университет репутациясына күмән туғызатындай бірнеше мәліметпен бөліскен еді.

Бүгін NU қабырғасында университет президентінің өзі журналистерге арнап пресс-конференсия өткізді. NEGE тілшісі жоғарыдағы мәселелерге қатысты сұрақтарды Шигео КАТСУДЫҢ өзіне тікелей қойған еді.

– Назарбаев университетіне мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржы көлеміне қатысты түрлі болжам айтылады. Осы жылы бөлінген сома біршама қысқарғаны, 2,8 млрд теңге екені рас па? Бұрынғы мен қазіргі қаржы арасындағы айырмашылық қандай?

– Сұрағыңызға рақмет. Біріншіден, бізге осы жолы бөлінген бюджет 2,8 млрд теңге деп айттыңыз, иә?

– Иә, кейбір деректерде солай дейді.

– Ал негізінде, біздің бюджет бұдан 20 есе көп.(күлді) Өкінішке қарай, сіздің 7 мыңға жуық студентіңіз болса және 600 оқытушы-профессорыңыз болса, оқытумен қатар, ғылыми-зерттеумен айналысатын болсаңыз – бұлардың барлығы өте қымбат нәрселер.

Бізге бұрын ұлттық бюджеттен 50-60 млрд теңге бөлінетін. Сіз «бюджеттен көп ақша алады екенсіз» деп айтуыңыз мүмкін. Бірақ естеріңізге түсірейін, бұл – болашаққа бөлінген бастапқы қаржыландыру.

Біз келген кезде болашақты қаржыландыру, әсіресе, 4 жылдық бакалавриат бағдарламасы жабылды. «Болашақ» бағдарламасы бойынша барлық студенттерге «Назарбаев университетіне түсіңдер» деп айтқан болатын. 11 жыл бұрын осыны жасау басшылық үшін өте батыл қадам еді. Жап-жаңа университет болғандықтан бізді ешкім білген жоқ. Бірақ сонымен қатар біз «Болашақ» бағдарламасының ресурстарын алдық. Ол өзін-өзі дәлелдеді. Қазір біз сияқты университетке тек мемлекетке тәуелді боп отырған дұрыс емес. Сондықтан өзіміздің қаржыландыру көздерімізді диверсификациялауға тырысамыз. Яғни өзіміздің табысымызды табуға тырысамыз.

– Бұл қалай сонда? Түсіндіріп берсеңіз.

– Қазақстанның экономикасының жағдайы әлемдегі экономика сияқты өте қиын жағдайда. Оған көп себеп бар. Постпандемия, Украинадағы соғыс салдарынан жаһандық экономика е төмен деңгейге құлдырады. Әрине, бұл Қазақстанға да ықпал етпей қоймады.

Біз Үкіметпен де талқылау жүргіздік. Сосын мынадай келісімге келдік. Біздің қаржыландыруымызды осы жылдан бастап қысқартып отырмыз. Яғни, ол 25-30 пайызға қысқарды. Бұл – біз үшін үлкен сын-тегеуірін.

Бірақ неғұрлым диверсификацияланған табыс көздеріне қол жеткізуге тырысамыз. Сонымен қатар біз «Болашақ» бағдарламасы аясында болғандықтан, біздің студенттеріміздің 90 пайызы оқу үшін ақы төлемейді. Қайта стипендия алады. Бір жағынан ол жақсы, бір жағынан қиындау. Біздің кейбір студенттер: «Назарбаев университетінде ешқандай ақы төлемей-ақ сапалы білім аламыз» деп ойлайды. Сіз бір нәрсені сатып алған кезіңізде ақы төлейсіз ғой. Сол үшін де егер студент оқу ақысын төлей алатын отбасынан болса, біз оқу үшін ақы төлеу бағдарламасын да бастаймыз. Яғни, біздің қаржылық тұрақтылығымыз үшін бұл маңызды.

А.Сәрінжіпов. Фото: ғаламтордан.

– «Экс-министр Аслан Сәрінжіпов екеуіңіздің араңызда келіспеушілік болған» деген сыбыс бар. Оның NU-дағы қызметінен кетуіне қаржылық мәселелер себеп болғаны рас па?

– Өте қызықты сұрақ. Бұл басқа адамдарды да қызықтырып отырған шығар. Осыған байланысты біздің жеке мәлімдемеміз де бар. Баспасөз хатшысы оны сіздерге береді. Мен өзім де бір нәрсені айтайын.

Өкінішке қарай, кейбір анонимдік келіспеушіліктер артқа қарай қадам жасауға мәжбүрлейді. Яғни, келіспеушіліктер болса келіп, ашық талқылау керек.

А.Сәрінжіпов университеттен кетіп қалған жоқ. Ол әлі де білім беру мектебінің басшылығында отыр. Ол – әлі де біздің қордың атқарушы директоры. Біз өзгерістер енгізген кезде «Әлеуметтік даму қорын» құрғанбыз. Ол – стипендиялар жағынан мемлекет көмектесе алмаған кезде кәсіби бағдарлау мен студенттерге көмектесу үшін құрылған қор. Соңғы жылдары былай болды. Қор өзінің жұмыстарын кеңейте бастады. Әрине ол – кішігірім ұйым. Біз университеттің ішіндегі департаменттерді нақтылағанбыз. Олардың нақты жауапкершіліктері бар. «Әлеуметтік даму қоры» соңғы жылдары көптеген функцияларды қайталай бастаған сияқты.

Жақында біз А.Сәрінжіповпен осы жөнінде талқылау жүргіздік. Оған: «Қордың бұрынғы міндеттемелері қайтарылуы керек», – деп айттық. Яғни, бұл қор өзінің бастапқы міндетіне қайта оралуы керек деп шештік. Қазір біз қаржылай тұрғыдан үнемшілдікке және неғұрлым осы департаменттердің дұрыс жұмыс істеуіне көңіл бөлеміз. Сұрағыңызға жауап бердім бе?

Фото: Кривошеевтің жеке парақшасынан.

– Иә, рақмет. Келесі сұрақ мынадай: Блогер Дэнис Кривошеев сіздің хатшыңыз Әсемгүл Қаленова басшылық қызметке тікелей араласып отыратынын айтты. Ол фактіні университеттің экс-қызметкерлері растаған көрінеді. Бұған не дейсіз?

– Мен жоғарыда айтып кеткеніме байланысты бұл. Егер шағым мен мәселелер болса, ашық айтуы керек. Менің ойымша, біреудің артынан сөйлеу қорқақтық сияқты. Ол дұрыс емес.

Біз әлемдік деңгейдегі университет болғымыз келеді. Тек қана білім беруде емес, ғылыми зерттеуде де. 2018 жылы біз өзіміздің жаңа стратегиямызды қабылдадық. Ішкі трансформация бағдарламасын іске асыра бастадық. Нақты айтқанда, мен былай деп шештім. Секретариатты жастар басқару керек. 2030-2040 жылға дейін менің университетім немесе менің ұрпағымның университеті болмайды ғой. Оны жаңа ұрпақ өкілдері қолына алады. Сондықтан мен осы жерде жастардың жұмыс істегенін қаладым.

Ш.Катсу.

Әсемгүл осы бөлімнің ішінде, иерархияда жоқ. Ол жерде офистің бастығы деген сияқты иерархия жоқ. Сол себепті бұл секретариат, яғни хатшылық сыни тұрғыдан ойлану керек, ішкі трансформация үшін идеяларды дамыту керек деп ойладық. Соның арқасында HR жүйе, ішкі басқару жүйесінде көптеген өзгерістер енгіздік. Құрылымдық платформа, менеджмент өзгерістері де болды.

Сіздер білсеңіздер, француз тілінде мынадай әдемі сөз бар: «Егер омлет жасағың келсе, міндетті түрде жұмыртқаны жару керек». Солай ғой? Барлығы керемет, әдемі болса жақсы . Дегенмен өзгерістер кезінде олай болмайды.

Каленова біздің трансформациялық бағдарламамыздың ең маңызды адамы болды. Және ол батыл түрде өте көп өзгерістерді ұсынды. Сондықтан мен ол сияқты адамдарды трансформацияға қатысуын сұрадым. Бірақ өкінішке қарай, ол менің атқарушы хатшым болғандықтан, осындай инсинуациялар пайда болды. Олардың көпшілігі шынайы емес. Біз өзімізді заңды түрде қорғау үшін қадамдарды жасап жатырмыз.

Мен осы жерде жұмыс істеп жатқаныма 12 жыл. Мынаны айтқым келеді: Қазақстанда мен көрген адамдар өте жағымды пікірлер айтады және олармен жұмыс істеу өте жақсы.

Өкінішке қарай, кішігірім бір топ бар. Шынымды айтсам, олар Қазақстанның имиджіне нұқсан келтіріп отыр. Мұндай жалған жала бумеранг сияқты өздеріне қайта оралады. Сондықтан осы туралы жазған блогер де осы жерде болуы тиіс еді. Неге екені белгісіз, біздің шақыртуымызды қабылдамады. Осындай кінәлаулар үшін ол Қаленова мен университеттен кешірім сұрауға міндетті.

– Қазір Әсемгүл Қаленованың университеттегі рөлі қандай?

– Қаленова осында жұмыс істейді. Күнделікті офиске келеді. Жасыратыны жоқ, ол – өте мықты адам.

Тегтер: