8 Шілде 17:39

Сауранбаев өзіне «крыша» тапты

Фото:

7 шілде күні «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевтың екінші бірінші орынбасары болып Әнуар Ахметжанов тағайындалды.

«Екінші бірінші орынбасары» дегенді әдейі айтып отырмыз. Н.Сауранбаевтың бұған дейін бірінші орынбасары болған. Ол – теміржолшы Қанат Әлмағамбетов. Ал Әнуар Ахметжанов екінші бірінші орынбасар болып тағайындалды. Бұл «тосын» тағайындау қазір қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бәлкім, бұл лауазымға басқа біреу келсе, мұндай резонанс тумас па еді, кім білсін.

Әнуар Ахметжанов – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжановтың туған бауыры. Енді Антикордың адуынды жігіттері «Қазақстан темір жолының» бас кеңсесіне бас сұға алмауы мүмкін.

«Екінші бірінші орынбасар» деген лауазымның не үшін керек болғанын енді түсінген боларсыз? «Сауранбаев өзіне «крыша» тапты» дегенді әлеуметтік желіде екінің бірі айтып жүр. Біз тек соны бас тақырыпқа шығардық.

Ә.Ахметжанов.

ҚТЖ-ның баспасөз қызметі ұлттық компанияда екі бірінші орынбасар бар екенін мойындады.

«Мұндай тәжірибе басқа елдер мен ұлттық компанияларда бар. Трансформация және бизнес-процестерді цифрландыру бойынша орынбасар тағайындау осы бағыттағы жұмысты күшейту үшін қажет болды. Қазір бұл – басымдық берілген бағыттардың бірі», – деді БАҚ-пен жұмыс департаментінің директоры Қайсар Жұмабайұлы.

Мұндай тәжірибе басқа елдер мен басқа ұлттық компанияларда бар екенін біз де түсініп отырмыз. Бірақ олардың туған бауыры Антикордың бастығы емес қой!..

Тегтер: