2 Тамыз 10:21

NAK НЕГЕ нағыз проблемаға айналды?

Фото:

Астананың қақ ортасындағы құрылыс нысаны үлкен дауға айналды. «Nur Astana Kurylis» компаниясы салған «Асылым» тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алғандар «алданып қалдық» деп есептейді.

Үлескерлер үйдің сапасын көріп, жағасын ұстаған. Элит санатындағы пәтер деп бергендері сапасыз құрылыс материалдарымен жасалған және кемшіліктері көп болып шыққан. Ал компания кемшіліктерді түзетуге құлықсыз. Үлескерлердің пайымдауынша, компанияның жоғарыда тіреуіші бар, сол себепті де сот арқылы әділдікке жетуге кепілдік жоқ.

Құжат бойынша «Асылым» тұрғын үй кешенін «Kazbuild Pro» ЖШС салған, бірақ барлық жерде жарнамада нысан «Nur Astana Kurylis» компаниясына тиесілі екені айтылады. Мұнысы түсінікті де, өйткені екі заңды тұлға да бір мекен жайға тіркелген және екі фирма да бір адамның атына рәсімделген – Жомарт АХМЕТОВ.

Бұл мәселеге НЕГЕ шұқшия қалғанымызды кейін айтамыз, алдымен даулы нысанға тоқталайық.

«Асылым» ТК-ның орналасқан жері жақсы – Мәңгілік ел даңғылының бойында, Триумфалды арканың жанында, Назарбаев орталығына, ЭКСПО-2017 көрме орталығына, Р.Бағланов атындағы концерт залына, «Астана-Арена» стадионына және Ботаникалық бақ, Президент паркіне  де «таяқ тастам» жерде. Жарнамасын да қатырған: «Асылым» ТК – элит санатындағы заманауи тұрғын үй. Нысан қызықты архитектуралық шешіммен, пәтерлердің тамаша жоспарымен ерекшеленеді.

Артықшылығы сонда, кез келген талғамға сай кең пәтерлер бар, беруге дайын коммерцияның жылжымайтын мүліктер бар, үйдің айналасы абаттандырылған, тәулік бойы бейнебақылау және жеке күзет, сондай-ақ әр пәтерге «Ақылды үй» жүйесі орнатылған.

Нысан әрқайсысы 8 қабаттық 14 тұрғын үй секциясынан тұрады. Үйлер темірбетон-монолит технологиясымен салынған. Қасбеті заманауи материалдармен, экологиялық әрі жылы материалдармен қапталған.

Ғимарат Fuji жолаушылар және жүк лифтілерімен жабдықталған. Ауланы ландшафты жасыл желекпен көгалдандыру қарастырылған. Аулада балалар ойнайтын алаң, спорт алаңы, демалыс аймағы болады».

Армандаған пәтердің кілтін алған тұрғындар жөндеу жұмыстарын жасауға барғанда үйдің сыртқы түрі түгілі әр шаршы метрді көрген сайын көңілі қалған. Қымбат керамогранит пен басқа да сапалы материалдардың орнына арзан материалдар пайдаланған. Жапонның Fuji лифттерінің орнына қытайдың арзан Fuji Hujou лифттерін орнатқан. Кейбір жерде лифтті шақыратын түйме де орнатылмапты. Проводтары алқам-салқам, төбесі жабылмағандықтан тұрбалары арбайған, коммуникациясы жоққа тән үйлерді көрген тұрғындардың салы суға кеткен.

Түрлі ұсақ-түйектерден бөлек, құрылыс салушылар техникалық қателіктер де жіберген: паркингке кіріп-шығу қиын, өртке қарсы жүйенің қалай орнатылғаны белгісіз. Бәлкім, құрылыс салушылар су басуға қарсы жүйе мен қртке қарсы жүйені қоса салған шығар, кім білсін. Өйткені жуырда жауған нөсерде төбедегі су әлдебір тұрбамен ағып келіп, паркингті толтырып тастаған. Сол тұста бұл оқиғаның фото-видеосы әлеуметтік желіде хитке айналған еді.

Келісімшарт бойынша тұрғын үйлер тазаланып (предчистовая отделка) берілуі тиіс. Алайда пәтерлер ондай болмай шыққан. Пәтерлердің төбесі мен қабырғаларының қисықтығы жәй көзге көрініп тұр. Ішкіш прорабтар мен қыли тас қалаушылар туралы анекдотты еске түсіретіндей.

Наразылық танытқан тұрғындарды құрылыс компаниясы мердігерлер мен құрылыс бригадирлеріне жолдаудан шаршамайды. Ал олар бас изеп, наразыларды одан әрі жолдап жіберіп отырған. Осылайша құрылыс компаниясы тұрғындармен бірнеше айдан бері «футбол ойнап» жүр.

Қалалық әкімдік «Асылым» ТК проблемасын жақсы біледі, тіпті аудандық әкімдікке мәселені шешуді тапсырған. Тараптарды кездестіріп, құжаттарға қол да қойған. Бірақ құрылыс компаниясының кемшіліктерді түзейтініне күмән зор. Өйткені қазір NAK Астана әкімдігінің үлескерлердің мәселесін шешу жөнінен стратегиялық әріптесі санатында.

Дәл осы компания проблемалық нысандардың құрылысын аяқтауды өз мойнына алған. Мұны олар өз есебінен жүргізіп жатқан болса керек. Мұндай нысандардың ашылу салтанатына кейде әкімнің өзі барады. «Асылым» ТК тұрғындарының пайымынша, NAK компаниясы бір үлескердің проблемасын екінші үлескердің есебінен шешіп жүрген сияқты. Осылай істеуге бола ма?

NAK компаниясының қожайындары ағайынды Ахметовтерді «Ескі Қазақстанның» аты дақпыртты өкілдері Қайрат САТЫБАЛДЫМЕН, экс-депутат Бекболат ТІЛЕУХАНМЕН және Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан БАЙБЕКПЕН байланыстырады. Алайда сұхбаттарының бірінде кәсіпкер Саламат АХМЕТОВ Байбектен ат-тонын ала қашты. Айтуынша, 2012 жылы әкесі Қуат АХМЕТОВ пен Қыдырғали БАЙБЕК «Нұрлы Тау» және «Нұрлы Орда» ЖШС-ны құрып бизнес орталықтарын басқару жөнінен әріптес болған. Болған-біткені осы ғана.

Қ.Сатыбалды мен Б.Тілеухан. Фото: ғаламтордан.

Алайда біз Ахметовтердің бизнесі мен NAK туралы індете зерттеп көрдік. Ашық ақпарат көздерінен осы тектес тағы бірнеше адамды таптық. Бизнесмендердің әкесі Қуат Ахметовтен бөлек, олардың шешесі Бәтима Қанайқызы ТІЛЕУХАНОВАНЫҢ аты-жөні шықты. Одан кейін Азамат, Жайсаң АХМЕТОВТЕР бар. Екеуі де Жомарт пен Саламат сияқты – Қуатұлы. Туған жерлері де бір.

Азамат Қуатұлы Ахметов шенеунік екен. Оның соңғы қызметі – ҚР Қауіпсіздік кеңесінің Құқық қорғау жүйесі бөлімі жетекшісінің орынбасары. Ал Жайсаң Қуатұлы Ахметов – 2021 жылдан бері ҚР Президент әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аймақтық ұйымдастыру бөлімі басшысының орынбасары.

Айтқымыз келгені Ахметовтердің қызметі туралы емес – құрылыс нарығындағы күрделі жағдай мен халықтың көңіл-күйі. Жұрт ойлағандай емес, NAK компаниясы шынымен де нарықтағы мықтылардың бірі әрі кәсіпкерлер жұмысын адал атқарып жүрген де болуы мүмкін, кім білсін...

Тегтер: