25 Желтоқсан 13:36

Көлгіновтің Үкіметтен дәмесі бар ма?

Фото:

Бүгін Kozachkov offside Телеграм каналында Нұр-Сұлтанның әкімі Алтай Көлгіновке қатысты көңіл аударарлық дерек жарияланды. Көлгіновтің жарнамасын жасаушы әлдебір компанияға қатысты мәлімет осы арнада жарияланғаны сол еді, «Elorda aqparat» ЖШС директоры Жарқын Жұмаділов «өз еркімен» қызметінен кеткенін мәлімдеді. Сәйкестік пе?..

Алдымен Телеграм каналдағы дерек туралы. Онда М.Козачков былай дейді: «Алтай Көлгінов өз қателіктерінен сабақ алмапты. Лайктар мен комментарийлер үшін 125 млн бөлгені әшкереленгені аз болған сияқты. Енді төңірегіндегі оралдық жігіттер оны әлдебір «аналитиктердің» көмегімен үкіметке тықпаламақ. Кеше ватсапта Үкіметте болмақ ауыс-түйіс туралы сілтеме тарады. «Интернет имидж» деп аталатын әлдебір қор парламент сайлауынан кейін кім қандай қызметке барады деген болжамын жариялады. Әлгі қордың болжауынша, Алтай Сейдірұлына вице-премьерлік бұйырады. Мен бұл ақпаратты тексеріп көрмек болып едім, қор сайтын өшіріп тастапты.

Болжам болжамымен. Бізде саяси болжамды саусақ сорып отырып жасай береді. Бірақ бір түйткіл бар. Қордың артында кім тұр? Тереңірек қазып жібергенде, «Интернет имидж» Алтын Зайнуллинаның атына тіркелгенін анықтадық. Ол астанаға Оралдан көшіп келген (неткен сәйкестік!). Фейсбукте оның күйеуімен түскен фотолары бар. Оны да жауып үлгергенімен, ВК желісінде фотолары толып жүр. Сонымен, күйеуі кім?

Күйеуі – Жарқын Жұмаділов. Ол да Оралдан келді. Облыс әкімінің кеңесшісі, баспасөз хатшысы болған. Қазір Жұмаділов қаладағы БАҚ-тың барлығын немесе ішінара қаржыландыратын астана әкімдігі жанындағы «Elorda aqparat» ЖШС-ны басқарады.

Компания мемлекеттік тапсырыстан үлкен үлес алады. Тек ішкі саясат басқармасымен ғана 290 млн теңгеге келісімшарт жасаған. Ауысып жүргеніне қарағанда, Жұмаділов Көлгіновке жақын адам болса керек.

Бұдан шығатын қорытынды қандай? Әкімдік қаржыландыратын контора бар. Оны әкімнің өз адамы басқарады. Ол адамның әйелі әкімді әрдайым бірінші орынға шығаратын әлдебір қорға жетекшілік етеді. Енді міне, олар мұны вице-премьер «жасамақ». Оралдықтарға ерік берсең, Көлгіновті президенттікке дейін сүйреп апаруға бар. Және мұның бәрі сіз бен біздің – салық төлеушілердің есебінен жасалып жатыр».

Козачков «Интернет Имидж» қорының ешқандай салық төлемейтінін де анықтапты: «Көлгіновтің пиарщигінің әйелі басқаратын контора мүлдем салық төлемейді екен. тіркелген уақыты қазан деп көрсетілгенімен, ол қыркүйекте түрлі пабликтер арқылы пиар жариялап жүрді. Олар астана әкімін үкіметке тегін тықпалалайды немесе мұнда «қара кэш» айналымда жүреді. Нұрлан Қоянбаевқа таптырмас сценарий».

Сол сол-ақ екен, әкімдікте әлдебір қимылдар жасала бастады. Көз алдау үшін жасалған имитация ма, әлде Көлгіновтің креслосы шынымен қисая бастады ма, ол жағы әзірге белгісіз.

Әйтеуір, «Elorda aqparat» ЖШС директоры Жарқын Жұмаділов қызметінен кетті. Бір сағат бұрын Фейсбуктегі парақшасында ол былай деп жазды: «Құрметті әріптестер! Телеграм каналдардағы маған қатысты дүниеге түсінік беріп өтейін.

Біріншіден, жеке қор құруға әркімнің құқығы бар. Және ол қордың жұмысына араласқан емеспін.

Екіншіден, талқыға салынып отырған жеке қордың қандай да бір қаржылық операцияға қатысы жоқ. Жақында ғана құрылды, еш жерден қаржыландырылған жоқ.

Үшіншіден, болжамдар қай кезде де жасалып келген. Бұл болжамға менің де, «Elorda aqparat» компаниясының да еш қатысы жоқ.

Ішкі саясат басқармасына қарасты «Elorda aqparat» ЖШС жұмысымен және әкімдікпен жеке қордың жұмысын еш байланыстырудың қажеті жоқ. Ол зерттеуді саясиландырмауды сұраймын.

Сондықтан бүгіннен бастап, ішкі саясатқа қарасты «Elorda aqparat» ЖШС директоры лауазымынан өз еркіммен кету туралы шешім қабылдадым».

Бауыржан Байбекпен салыстырғанда, Көлгіновтің саяси амбициясы жоқ сияқты көрінетін. Жанталасқан жарнамасына қарағанда, олай емес сияқты. «Саяси ойын» ойнаған Көлгіновке ұнайтынын байқадық, бірақ бұл Ақорда мен «Кітапханаға» ұнай қояр ма екен?..

Тегтер: