29 Қараша 15:35

«ҚАЗАҚМЫС» қожайындарына ТЫҚЫР таяды ма?

Фото:
«Қазақмыс» мемлекетке қайтарылсын! Ұлытаулық ардагер кеншілер осындай талап қойып отыр. Бұл талап Активтерді қайтару жөніндегі комиссияның төрағасына, Премьер-министрге,

Парламент депутаттарына, Бас прокурорға және Президент әкімшілігіне жолданған.

Ұлытаулықтар әлеуметтік әділдікті қалына келтіріп, 90-жылдардың басында жабық аукциондарға құқықтық объективті баға беруге, билік құрылымдарына жақын адамдар бір кездері қара бақырға сатып алған активтерді мемлекет меншігіне қайтаруға шақырып отыр.  

Үндеуге қол қойғандарға аз-кем тоқталып өтейік. Олар – тау-кен инженері, Қазақстанның бұрынғы Төтенше жағдайлар министрі (2004-2005 жылдары), Мәжіліс депутаты, ҚР Парламенті Сенатының төрағасының орынбасары М.Ж.КӨПЕЕВ, Еңбек ардагері, «Құрмет» орденінің кавалері Р.А.АРЫСТАМБАЕВ, инженер-металлург, Жезқазған қаласының құрметті азаматы А.ТОМПАЕВ,  инженер-металлург, «Балқашмыс» Бас инженері (1993-1996 жылдары) М.Л.АЙСАУТОВ,  Еңбек ардагері, Мәслихат депутаты (1988-1990 жылдары), Сәтпаев қаласы әкімінің орынбасары М.Ж.БЕРЕЖАНОВ, Еңбек ардагері, бұрынғы Жезқазған облысының білім басқармасының бастығы К.Р.МАДИЕВ, тау-кен инженері, «Балқашмыс» ЖШС Бас директоры (1993-1995 жылдары) Р.А.ТӨЛЕБАЕВ, тау-кен инженері, еңбек ардагері, «Қазақмыс» ЖШС кәсіподақ төрағасының орынбасары К.К.ЖАҢЫЛБАЕВ, Жезқазған қ. қоғамдық кеңесінің төрағасы, Ұлытау облыстық мәслихатының депутаты Б.ДАЙРАБАЙҰЛЫ, Жезқазған Ардагерлер кеңесінің төрағасы М.К.КАЗАМБАЕВ.

Бұл азаматтар билікке ұзын-ырғасы мынадай бес талап қойып отыр. Атап айтсақ, холдингті жекешелендіру нәтижесін қайта қарап, «Қазақмыс» пен KAZ Minerals PLC-ті заңды жолмен сатып алынғанын тексеретін компаниялардың тізіміне қосу; Заңсыз жолмен тауып, сыртқа шығарған капиталды анықтап, қайтару үшін 1995 жылдан бері компанияны басқарғандарға қатысты қаржылық-шаруашылық қызметін тексеру; мыс кенішін әділетсіз бөлуді қайта қарау; жер қабатының опырылып түсіп, 4 бірдей ауылдың тұрғындарын лажсыздан көшіруге себепкер болған адамдарды жауапқа тарту; қайғылы жағдайларды болдырмау үшін корпорацияның барлық бөлімшелерінде өндірістік құрылғыларды жаңартуға тұрақты бақылау орнату.

«Біз, Ұлытау тұрғындары, Қазақстанның тау-кен кешенінің еңбек сіңірген ардагерлері, «Жезқазған түсті металл» комбинатының іргетасы қалап, дамытуға үлес қосқан, біліміміз бен тәжірибемізді және денсаулығымызды сарп еткен азаматтар, мемлекетіміздің ең жақсы және табысты мекемесінің «Форбс» журналының тізімін толтырған ат төбеліндей адамдардың талан-таражға салып жатқанына енді үнсіз қарап отыра алмаймыз.

Корпорацияның мекемелерінде тұрғын үймен, таза ауыз сумен қамтамасыз ету, экология, технологиялық құрылғыларды жаңарту секілді қарапайым әлеуметтік мәселелер жылдар бойы шешілмей келеді. Адамдардың денсаулығына қауіп төндіріп отыр», – делінген үндеуде.

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ бастамасымен «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы заң» қабылданғаны есте. Бұл жайт әлеуметтік әділдікті орнатады деп сенеді ұлытаулықтар.

Фото: kazakhmys.kz

Тарихқа қысқаша тоқталып өтсек, қолдан қолға  тұрақтамаған «Қазақмыс» холдингі 1999  жылы ақыры В.КИМНІҢ қолына түседі. Жеке тұлға. Холдингтің 35 пайыз акциясын сыйға берген. Келісімшарт бойынша, ол мемлекетке 7 миллион АҚШ доллар көлемінде қаражат төлеп отыруға міндеттеледі. Ал Холдингтің бір ғана 2000 жылғы табысы 95 млн АҚШ доллары болыпты!

Күтпеген жерден 2005 жылы жаңа қожайындарының есімдері белгілі болды. Холдингтің 45,694 пайызы – Владимир КИМГЕ,13,50 пайызы –  Олег НОВАЧУККЕ, 37,294 пайызы Юн Кю ЧАҒА тиесілі екен.

Қара бақырға сатылған активтерге 2009 жылы 2,7 млрд жеңілдігі бар кредит беріліпті. 2011 жылы China Development Ваnk атты қытай банкінен 1,4 млрд доллар қарыз алған. Оған Үкіметтің өзі кепілдік берген. Яғни «шетелдік инвесторлардың» қолына берілген холдингтен мемлекет пайда көрудің орнына сырттан алған қарызына кепілдік беріп, мемлекет қазынасынан жеңілдігі бар қарыз алып келген. Бұдан кейінгі кезеңдерде де солай.

Үндеуде аталған холдингтің қоршаған ортаға келтірілген залалдары жіпке тізіп көрсетіліпті. Қордаланған әлеуметтік мәселелер түрлі толқуларға түрткі болғаны да айтылады.

Десе де, холдингтің құрығы осыншалықты ұзын болуының өзіндік себебі де бар. Бар гәп – оның қағаз жүзіндегі емес, шынайы қожайынының кім екенінде.

Билікке жолданған бұл хат мәселенің ушыққанын көрсетеді. Олар бастапқыда-ақ туындаған. «Жезқазғантүстіметалл» заңсыз жекешелендірілді. Қандай талаптармен іске асырылғаны түсініксіз. Бұлыңғыр Владимир Ким деген біреу пайда болды. Оны сүйреп келген – Назарбаев тұсындағы Президенттің ісін басқарушысы Владимир НИ. Жылдар бойы кеніштерді жыртқыштықпен игеріп келді, – дейді осы мәселе бойынша тілшімізге түсініктеме берген экономист Айдар ӘЛІБАЕВ.

В.Нидің жерлеуінде В.Ким сөз сөйлеп тұр.

Оның сөзіне қарағанда, дайындалған мыс батыста тіркелген «Самсунг дойтчланд» атты төсемше кампанияға өте арзанға сатылып келген. Ал ол компания мысты батыс нарығында жоғары бағаға сатады.

– Арадағы айырмашылықтың қызығын көрген Назарбаев па, басқасы ма, оны білмеймін. Бір білерім, Қазақстанның халқына тиесілі болған жоқ. Жылдар бойы бұл жерде халыққа тиесілі байлық жымқырылып жатты. Бұл хаттың қисыны бар деп ойлаймын. Халық мұндай бассыздыққа бұдан әрі көне алмайды, – дейді сарапшы. 

Биліктің халық үніне құлақ асып, қожайындарынан алып, холдингті мемлекет меншігіне қайтаруы мүмкін бе, жоқ па? Айдар Әлібаев бұл сауалға жауап беру қиын екенін айтады.

А.Әлібаев.

Меніңше, бұл активте Назарбаевтың ықпалы зор. Интернетте Кимнің жәй ғана «ақша салатын қалта», басқарылатын тұлға екені туралы материал көп. Шын қожайыны Назарбаев көрінеді. Бұл рас болса, яғни, Назарбаев тікелей немесе жанама түрде «Қазақмысқа» иелік ететін болса, қазіргі билік әзірге ештеңе істей алмайды. Бірақ бұл меншікті мемлекетке әлдеқашан қайтару керек еді деп ойлаймын, – дейді экономист.

Десе де, «Қазақмыс» қожайындары үшін бұл – белгі. Активтерді қайтару туралы заң бар. Қоғамның талабы бар. Қалғаны – тек қана саяси шешім.

Тегтер: