Қалам мен қылбұрау: Козачков ісінің құпиясы неде?

ұсталуы журналистер қауымын ғана емес, қоғам қайраткерлері мен сарапшыларды да тіксіндіріп қойды. Саясаттанушылардың пікірінше, күштік құрылымдардың заңды белшеден басқан әрекеті қауіпті саяси үрдістен хабар беріп отыр.
Олардың сөзіне сенсек, гәп – бір атақты журналистің басына түскен сынақта емес, сөз бостандығы мен азаматтық қоғамның, жалпы елдің ертеңінде екен.
NEGE-ге пікір білдірген сарапшылар төмендегідей ой айтты.
Тоғжан ҚОЖАЛЫ, саясаткер:
БАҚ-қа бұғау салу үрдісі көрініп тұр
– Біз құқықтық, демократиялық мемлекет құрып жатырмыз дейміз. Құқықтық мемлекетте заң мүлтіксіз орындалуы тиіс. Мысалы, Козачковқа «ұйымдасқан қылмыстық топтан ақша алды» деп айып тағып жатыр.
Журналистердің тапсырыс алуы заңсыз нәрсе болып есептелмейді. Бұл – пара емес, журналист – біреудің мүддесіне лобби жасайтын шенеунік емес. Журналист қандай да бір зерттеу жүргізу үшін грант ретінде қаржы алуына болады. Бұл – оның заңды, моральдық құқығы. Бәлкім, ол әлдебір топты қолдаған шығар. Бұл заңсыз нәрсе ме? Жоқ.
Заңдық негізсіз, қандай қылмыстық кодексті бұзғаны көрсетілместен, «понятие» бойынша танымал журналист тұтқындалып отыр. Куәгерлердің және адвокаттардың қатысуынсыз тінту өткізді. Бұл – тұтқындау процедурасын тікелей бұзу. Ал адвокаты кіре алмай, есіктің алдында тұрды.
Қазірдің өзінде бұқаралық ақпарат құралдарына бұғау салу үрдісі көрініп тұр. Мәселен, Ресейде әскерге тіл тигізгені үшін қылмыстық жазаға тарту туралы бастама көтеріліп жатыр. Біз қайда барамыз? Бұл не масқара!
Біз де Ресейдің жағдайына келе жатырмыз. Ресей мен Беларусьтің көшірмесіне айналып барамыз. Қазір ресейліктер ватсап арқылы бір-біріне бірдеңе жазуға қорқады.
Мұның соңы сөз бостандығының және саяси бостандықтың жоғалуына әкеледі. Азаматтық қоғам бұған жол бермеуі керек. 30-жылдары дәл осындай жағдай болды. Бұлай кете берсе, бәріміз жаппай репрессияға ұшыраймыз.
Әміржан ҚОСАН, саясаткер:
Қалам иесіне қорған болатын институт керек
– Меніңше, Козачковқа қатысты мәселенің үш астары бар. Біріншіден, өзін сынаған адамды кім жақсы көрсін? Өкімет те сондай. Козачков та билік ішіндегі былық-шылықтар туралы көп жазып жүр. Бәлкім, беделді біреулердің қытығына тиген болар.
Соңғы кезде тәуелсіз журналистерге қарсы қимыл-әрекеттер көбейіп кетті емес пе? Бұрын ол тенденция саяси сипатта болса (мәселен, билікке саяси талап қойған оппозициялық БАҚ-қа қатысты), бүгінде ол үрдіс таза экономикалық, керек десеңіз, кланаралық сипат алып бара жатыр. Екі түйе сүйкенсе, не болатынын белгілі, кей жағдайда қарапайым журналист сол күрестің құрбаны боп кетеді.
Екіншіден, белгілі бір адамға қарсы іс қозғағанда, құзырлы органдар процессуалдық нормаларды бұлжытпай орындауы керек. Әйтпесе, ондай іске ешқандай да сенім болмайды. Қаржы мониторингі агенттігі осы жерде шалыс басты деп ойлаймын.
Және де кез келген адамның кінәлі не кінәсіз екенін тек қана сот шешетінін олар естен шығарған секілді. Өйткені, сот болмай жатып, өздері таратқан ақпараттарында «Козачковтың кінәлары дәлелденген» деп айтып жатыр. Мұның өзі журналистке қарсы қозғалған істе заң талаптарынан басқа да себептер болуы мүмкін деген ойларға жетелейді.
Үшіншіден, Козачковқа қатысты іс мейлінше ашық, заң талаптарына сай, әділетті жүргізілуі тиіс. Өкінішке қарай, Козачковтың өзінің сөзі мен уәжін әлі естіген жоқпыз. Айтсын, ақтығын дәлелдесін. Оны біреулер қорқытып, үркітіп немесе басқаша қысым жасап жатса, оны да жеткізсін.
Елді дүрліктірген мәселеден президент хабардар екен. Ол да дұрыс болған. Күштеу органдары мен соттарға сенім азайған казіргі кезде тәуелсіз журналистерге құтырып кеткен кез келген шенді мен кланды орнына қоюға көмектесетін, шындық үшін қудалауға ұшыраған кез келген қалам иесі қорған таба алатын институт керек-ақ!
Қазбек БЕЙСЕБАЕВ, саясаттанушы:
Бұл – елдің демократиясында үлкен түйткіл бар деген сөз
– Осы мәселеге қатысты кереғар ақпараттар айтылып жатыр. Сондықтан әліптің артын баққан жөн. Козачков жай журналист емес. Журналистік зерттеулерімен көзге түсіп жүрді. «Неге бұлай болды?» деген сауалда бір гәп бар. «Төртінші биліктің – журналистердің ауызын жауып жатыр» деп түсінуге болады.
Бізде ақпараттық жұмыс жоқтың қасы. Ақпарат министрлігі қайда? Неге тіл қатпайды? Козачков жай адам емес. Сондықтан жұрт сан-саққа жүгіртіп жатыр.
Айта кеткен жөн, бізде кейбір блогер мен журналистер биліктен ақша алып тұрады. Билікке ұнамайтын материалдарды жарияламайтыны үшін. Ортада сондай келісім бар. Маған бір үлкен шенеунік шығып: «Мына әкімді жамандамаңдаршы», – деп өтініш жасаған. Келіспедім.
Ал Козачковқа келсек, мән-жайды әлі білмейміз. Оны жексенбі күні, кеше ғана ұстады. Ол көп нәрсе жазды. Көп зерттеу жүргізді. Сыбайлас жемқорлықпен де күресті.
Көп мәселе билікке келіп тіреледі. Ертең Козачков секілді үлкен мәселелерді көтергісі келген басқа журналистер де «мені де қамап қояр» деп аяқ тартатын болады. Қай мемлекетте болса да, журналист қамалатын болса, бұл – елдің демократиясында үлкен түйткіл бар деген сөз.
Бізде ашық жазып, датын іркілмей айтатын тек қана журналистер қалды. Қалғандары – «құп болады!» дегеннен басқа сөз айтпайтын болды. Басқа ешкім тыңдамайды. Парламентке кіргізбейді. Қоғамдық келісімнің есігінен сығалатпайды. Әкімдер мен депутаттарға да тосқауыл бар. Партия құрғызбайды. Сөзімізді әлеуметтік желіде ғана айта аламыз. Сөз еркіндігі тек қана әлеуметтік желіде ғана қалды. Біз үшін үлкен мінбер болып отыр. Бұған биліктің де кінәсі бар.