14 Қаңтар 08:43

Бүліктің бергі беті: Ақпараттық қауіпсіздік туралы депутаттар не деді?

Фото:
Алматыда жаппай тәртіпсіздікке соқтырған ереуілдің соңы кісі өлтіру, қирату, тонауға ұласты.

Қаламыз көз алдымызда қаскөйлердің лаң туғызған алаңына айналды. Осы күндері ел бойынша интернет бұғатталып, екі көзіміз телеарналарға телмірді.

Бір өкініштісі, мемлекеттік телеарналар бір видеоны шыр айналдырып көрсете берді. Тіпті көрерменді мезі етті. Көрсеткендерінің көбі – әлеуметтік желіден алынған видеолар. Сонда телеарна өзі не бітірді? Техникалық мүмкіндігі жоқ па?

Басқа-басқа, мемлекеттік телеарналар соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған. Сонау технологияның пұшпағы да жоқ соғыс заманында да небір сирек кадрлар түсіріліп, бүгінге дейін жетпеп пе еді? Оның жанында біз қазір бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз ғой. Бір сөзбен айтқанда, осы күндері қоғам «ақпараттық аштықты» қатты сезінді. Бұл біздің ғана емес, көрерменнің пікірі. Ал бұл жөнінде экс-әріптестер – бүгінгі Парламент депутататтары не дейді?

Нұртөре Жүсіп, Сенат депутаты:

Мемлекеттік арнадан шынайы ақпарат берілді

– Елдегі жағдай террорлық актілерге ұласты. Интернет бұғатталды. 19 қаңтарға дейін төтенше жағдай режимі енгізілді. Қазір жағдай тұрақталды. Алайда, төтенше оқиға кезінде ахуалды орнықтыру мақсатында шектеудің болуына түсіністікпен қараған дұрыс. Мемлекеттік телеарналар жұмысы, оның ішінде «Хабар 24» үздіксіз жұмыс істеді.

Журналистердің төтенше жағдай кезінде жұмысын ерекше атап өту керек. Олар басын қауіп-қатерге тігіп, барлық ақпаратты шынайы әрі дер кезінде жеткізуге тырысты. Әріптестердің арасында қаза тапқандары да бар.

Сондықтан тілші қауымының жұмысы осындай кезде қауіпсіздік тұрғыдан қамтамасыз етілуі керек. Бұл туралы депутаттық сауалымда да айттым. Әртүрлі жағдайдағы журналистердің қауіпсіздігі мәселесін көтеріп жүрмін. Бұл болашақта тиісті заңнамалық тұрғыда реттелуі керек. Өйткені, шетелде жедел жәрдем қызметкерлері сияқты «Пресса» деген белгісі бар журналистерді бірден таниды. Әйтпесе, көптің арасынан журналисті айыру мүмкін емес. Қорғанатын мүмкіндігі болуы керек.

Толқу кезінде журналист өзінің кәсіби міндетін атқаруы тиіс. Журналистің тәуекелге барып, хабар таратуы өміріне қауіп төндіреді. Бұл Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жұмысының бір парасы болуы керек деп есептеймін.

– Көптеген көрермен сіз айтқан телеарналар шынайы ақпарат бермеді деген пікірде...

–  «Хабар 24» арқылы көріп отырдым. Бірақ интернет қосылған кезде баламалы түрде елдегі және шетелдегі ақпарат құралдарының, агенттіктерінің хабарларын да шолып шықтым. Мына оқиғаның Қазақстанның халықаралық имиджіне тигізген теріс салдары да болды. Олар еліміздегі жағдайды толық білмегеннен кейін сырттан топшылай салады. 

Мысалы, ҰҚШҰ әскерінің кіруіне байланысты түрлі кереғар пікір айтылды. Бұл – президенттің дер кезінде қабылдаған шарасы. Өйткені, террорлық актіні тоқтатудың бірден-бір амалы осы. Сондықтан мемлекеттің беделіне нұқсан келсе, ертеңгі күні елімізге инвестиция құйылмауы мүмкін. Барлық жерде көп мәселе ақпараттық қауіпсіздікке байланысты.

Ақпараттық қауіпсіздікті ұлттық қауіпсіздік деңгейіне дейін көтеру керек. Өйткені, ақпараттық қауіпсіздік – ұлттық қауіпсіздіктің бір саласы. Бұл жерде ішкі және сыртқы күштердің қысым толқыны жүргеннен кейін Қазақстан халқы нақты, шынайы ақпаратқа ие болуы керек. Осы тұрғыдан мемлекеттік ақпараттық саясатты қайта қарап, пысықтап алу қажет.

– Ол үшін билік те ақпараттық кеңістікті қыспай, еркіндік беруі керек емес пе?

– Қоғамдық телеарна мәселесі біраздан бері көтеріліп келе жатыр. Бұл – еліміз бейбіт қалыпқа түскеннен кейін талқыланатын жайт. Қазір ең бастысы, жағдайды реттеп, болған оқиғадан қорытынды жасап, тиісті сабақ алу керек. Қалған нәрсе ретімен болады.

Ақпарат таратуға мүмкіндік берілмейді деп кім айтты? Кез келген ақпарат, мақаланың бәрі тексеріліп, жарияланады. Бұл – журналист жұмысының қалыптасқан тәртібі. БАҚ туралы заң аясында жұмыс істейміз. Бұл енді жай жағдай емес, төтенше жағдай. Қазір бір теріс ақпарат бүкіл мемлекеттің тағдырына әсер етуі мүмкін. Сондықтан мұндай кезде арандатуға жол бермес үшін кез келген ақпарат тексерістен, сүзгіден өтуі керек. Ақпараттың өзі мемлекетімізге қауіп төндіріп, іріткі салуға жол берсе, оны жарияламау – редактордың азаматтық міндеті. Меніңше, кейінгі оқиғалар туралы мемлекеттік арнадан шынайы ақпарат берілді, көрермен көп нәрсеге қанықты.    

Жанарбек Әшімжан, Мәжіліс депутаты:

Дұрыс ақпарат берілмегенін мойындауымыз керек

– Біздің ақпараттық салада ақаулықтар болды деп есептеймін. Қандай жағдай болмасын, бюджеттен қаржыландырып отырған мемлекеттік телеарналар, интернет сайттары шынайы ақпарат таратуы тиіс. Бұл мәселені жаңа министр Асқар Омаров тағайындалмас бұрын ұсыныспен келгенде сауал ретінде қойдым. Әлеуметтік желіден бөлек, халыққа нақты оқиға орнынан дұрыс ақпарат берілмегенін ақпараттық кеңістіктегі ақаулық екенін мойындауымыз керек. Бұл – ақпараттық жүйеде жұмыс істейтін басшылардан бастап қызметкерлердің де жауапкершілігі.

Осындай бей-берекетсіздік болып, бақылаудан шыққан кезде кез келген тұлға ақпарат тасушы құралға айналады. Халық мұның зардабын шекті.

– Кейбір телеарна қызметкерлері «Бұл күндері интернет болған жоқ» деген уәж айтып жатыр...

– Интернетсіз де кез келген нәрсеге дайын болуымыз керек. Журналист қауымы интернетсіз де өмір сүрген кездер болды. Бұл ақталу немесе жауапкершіліктен жалтару тәсілі шығар.

«Пресса» деген жазуы бар киім киіп жүрген кейбір ақпарат құралдары өкілдері оқиға орнынан ақпарат таратты. Мәселен, «Азаттық радиосы», интернет сайттарының журналистері бел ортасында жүрді. Меніңше, әлгіндей ақталу ешқандай жауапкершіліктен құтқармайды.

Өзім де журналистпін ғой, талай оқиғаның ортасында жүрдік. Сондықтан телеарна, газет не интернет сайт тілшісі болсын, оператор болсын, сол жерден нақты ақпарат таратуы керек еді. Жеке бас қауіпсіздігіне тірелген шығар, алайда қалай болған күнде де осы кәсіпті таңдағаннан кейін бел шешіп, елге дұрыс ақпарат беруіміз қажет.

– Өзіңіз осы күндер ішінде ақпаратты қайдан алдыңыз? Отандық телеарналардан ба?

– Әңгіменің ашығын айтайын, осы қиын жағдай болған күндері біздің жетекші арналарымыз ақпарат таратудың орнына түк болмағандай шетелдік сериалдарды көрсетіп жатты. Бұл өз басымды қатты қайран қалдырды.  

– Сіздіңше, қоғамдық телеарнаның қажеттігі туындаған жоқ па?

– Бізде қоғамдық телеарна болуы керек. Бұл халықтың салығынан құралатын дүние ғой. Бұған дейін де бірнеше рет айтылды, жазылды, бірақ жүзеге асқан жоқ. Тәртіпсіздік басталған күндері РБК, Россия-24 телеарналарынан ғана ақпарат алдық. Ал олар қандай мақсатпен, пиғылмен таратып отырғанын қайдан білеміз? Өзім қарағанда, көп ақпаратты басқаша сипатта бергендей әсер қалдырды. Сол күндері ақпарат құралдары жұмыс істемегендіктен біздің сарапшылар экраннан көріне алмады. Ал Орта Азияға жауапты ресейлік сарапшылар өз телеарналарынан пікір білдірді. Олар біздің тәуелсіздікке нұқсан келтіретіндей сипаттағы ойын айтты.

Бірақ амал жоқ, кабелдік желідегі шетелдік телеарналар – «Euronews», «Би-Би-Си», НТВ, РБК-ны қарадым. 

Осы мәселені неге Мәжіліс мінберінде көтермеске?

– Жаңа министрге тура осы мәселені айттым. Ол «дәл солай ойламаймын» деп басқаша жауап берді. Бірақ мен өз пікірімді ашық айттым. Алдағы уақытта да бұл мәселені тағы көтеремін.

– Бізге салалық, соның ішінде әскери журналистиканы дамыту керектігі анық сезілген жоқ па?

– Бұл да өте маңызды. Сарапшы әрі журналист Амангелді Құрметұлы сол күндері «салалық журналистерді дамыту кезеңі келді, тіпті уақыты өтіп бара жатыр» деген жақсы пікір айтты. Сондықтан журналистика мамандарын дайындайтын оқу орындарында салалық журналистиканы дамыту керек.

Тегтер: