25 Мамыр 08:57
...

Болашақ әкімдер НЕГЕ «Nur Otan»-ның табалдырығын тоздырып жүр?

Фото:

Әкімдерді сайлау туралы заңды Парламент  қабылдап, таяуда Президент қол қоюы тиіс. Осы жазда, шамамен шілде айының аяғы не тамыз айының басында ауыл әкімдерін сайлап қалуымыз да ғажап емес. Жаңа қабылданатын заңға сәйкес, бұл сайлауға партиялар да, жеке адамдар да кандитат ұсына алады.

Елімізде сайлаудың қалай өтетінін тәптіштеп түсіндіріп жату – басы артық нәрсе. Ол жағын отыз жылдық тәжірибеміздің өзі анық көрсетеді. Десек те, әкімдерді сайлау демократияға қарай жасалған бір қадам екенін жоққа шығаруға болмас. Бірақ бұл сайлау да «Қазақстанның өзгеге ұқсамайтын ерекше жолы» – қалыптасқан ереже аясында өтетіні анық.

Сарапшылар арасында кереғар пікірлер әлі де таласқа түсіп тұр. Сайлауды қолдағандардың қарасы көп. «Соңғы кездегі геосаяси сілкіністер әсіре демократияшылдықтан бой тартуды қажет етеді» дегенді жақтаушылар да бар.

Бұл радикалды оппозиция өкілдері ұдайы көтеріп келген мәселенің бірі болатын. Бір қызығы, енді мұны биліктің өзі қолға алып жатыр. Кітапхана мен Ақорда әкімдерді сайлаудың сәті, қолайы енді келді деп шешкен секілді.

Айта кететін жайт, бұл сайлауда жеке тұлғалардың сайлауға түсіп, бағы жанып, әкім атануы некен-саяқ жайт болары анық. Негізінен партиялардың атынан түскен үміткерлер шаппай бәйге алып жатса, таңғалудың қажеті болмас. Бұл жерде алдымен тағы билік партиясы «Nur Otan» еске түседі. Парламенттегі партиялар «Ақ жол» мен ҚХП-ға бірді-екілі ауыл мен кенттің тізгіні тиюі мүмкін. «Ауылдықтарға» да «ауыз тигізіп» қояр. Қалған партиялардың еншісіне байкот жариялау немесе «әділ өтпеді» деп шамдану ғана жазылатын сияқты.

Сондықтан әкім болудан үміткерлерге бір партияны таңдап, мүшелікке өтпеске лажы жоқ. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген тәмсіл алдағы сайлау науқанында өзекті бола түспек. Партиялардың беделі де зор ықпал етеді. Отыз жыл бойы сайлауларда қай партия бәйге бермей келе жатқанын ескерсек, әкім болғысы келетіндер енді «Nur Otan»-ның табалдырығын тоздыруына тура келеді.

Елнұр Бейсенбай, Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» фракциясы:

Біз үшін еш қиындық жоқ

– Кез келген саяси партияның мақсаты – сайлауға қатысып, жеңіске жету. Ауыл әкімдерін сайлау президенттің тапсырмасымен жүзеге асырылып жатыр. Бұл – өте жақсы үрдіс. «Nur Otan» партиясы бұл сайлауға сақадай сай. Біз партия ішінде үміткерлерімізді таңдап, партиялық конференциялар арқылы әрбір ауылға өз кандидаттарымызды дайындаймыз. Біздің бұған ресустарымыз да, мүмкіндіктеріміз де жеткілікті. Қазақстан бойынша 700 мыңнан аса мүшеміз бар. Біз үшін ешқандай қиындық тумайды. Сайлау болғандықтан, біз соңына дейін күресеміз. Мейлінше көп ауылда жеңіске жетуге тырысамыз. Өйткені, біздің алдағы бес жылдыққа арналған сайлауалды бағдарламамыз бар. Соның аясында 216 жергілікті бағдарламаны дайындадық. Әр бағдарламаның астында өзінің жол картасы бар. Қай ауылда қандай дүние салынады, қашан салынады, қалай іске асырылады, кім оған жауапты, бәрі анық көрсетілген. Біз оны ауыл, аудан әкімдерінің қолымен іске асыратын боламыз.

Тазабек Сәмбетбай,  ЖСДП төрағасының орынбасары:

Бұл реформа жартыкеш һәм шикі

– Ауыл әкімдерін сайлау туралы заң жобасын әзірлеуге қатыстық. Біз ұсыныстарымызды айтып, келіспейтін жайттармен пікірталасқа түстік.  Өкінішке қарай, ұсыныстарымыз қабылданбады. Партияның бағдарламасына сай, тікелей халықтық сайлауға барлық деңгейдегі әкімдер қажет деп талап етіп келеміз. Бәрі ауыл, кент, аудандық қалалар әкімдерінен басталған жөн.

Меніңше, тетіктері дұрыс емес. Қойылған талаптар өте ауыр. Өзін-өзі ұсынушы азамат үлкен талаптарға жауап беруі керек. Кандидаттар сол өңірдегі сайлаушылардың бір пайызының қолын жинап шығуы керек. 30 мыңнан бастап, 150 мың тұратын кенттер бар емес пе?

Біздің партия бұл реформаларды жартыкеш һәм шикі деп есептейді. Тәуелсіздігімізге отыз жыл толды. Ел өзін-өзін басқаруға, демократияға дайын. Халыққа сену керек.

Бөріхан Нұрмұхамед, «Ақ жол» партиясының өкілі:

Блогерлер билікті тартып алуы мүмкін

– Меніңше, бұл сайлауға тек партияның өкілдері ғана ұсынылуы керек. Өйткені, өз үміткері үшін жауапкершілікті партия көтеретін болады. Бірақ партиялардың өздері үлкен дағдарысқа ұшырауы да мүмкін. Әзірше партияның өкілдері болуы керек деп ойлаймын.

Бұл жерде екі қауіп бар. Партиялар абырой мен белсенділігін төмендетіп, дағдарысқа ұшырайтын болса, Трамп феномені секілді жеке тұлғалар пайда болуы мүмкін.

Бірақ еліміздің аумақтық ерекшеліктері мен ұлттық жағынан ала-құла болғандықтан, айналып келгенде, жеке тұлғалар, блогерлер билікті тартып алып, орталық билікті әлсіретуі ғажап емес. Пугачев секілді тұлғалар шығып, Қырым-Донбасс оқиғалары қайталанып немесе жергілікті бір қылмыс әлемінің өкілдері билікке келсе ше? Кейін мұның салдары тым ауыр болмақ.

Тегтер: