12 Мамыр 17:03

Алатаудың күнгейін шалған өртті өшіруге Путин НЕГЕ құлықсыз?

Фото:

Қырғыз парламенті Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан (ҰҚШҰ) шығу мәселесін көтеріп отыр. Жогорку Кенештің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары осындай ұсыныс жасады.

Бұған Тәжікстанмен шекарада Баткен облысындағы үш күнге созылған қантөгіс түрткі болған. Қырғыздың халық қалаулылары соғыс кезіндегі ҰҚШҰ-ның үнсіздігіне наразылығын ашық мәлімдеді.

«Осы ұйымға мүше бір ел екінші мүше елдің аумағына әскермен басып кіріп жатса, әу деуге жарамады. Біз қырылып жатқанда араша болмаған, болғысы да келмеген бұл ұйым бізге керек пе?! Әрі қарай мүше болып қала беру не үшін қажет?», – деген сауалдарды қырғыз депутаттары қабырғасынан қойып отыр. Дастарқан басында емес, биік мінберлерден.

Естеріңізде болса, Ресей президенті Владимир Путин тәжік-қырғыз шекарасындағы қақтығыстан кейін «мұндай қақтығыстар ол жақта күнара болып жатыр ғой» деп мәселені шешуге құлықсыздық танытқан.

Осылайша, бір ұйымдағы одақтасы аузына құм құйып алып әрекетсіз отырғанда, қақтығысты реттеуге арағайын болайын деп, мұхиттың арғы жағындағы АҚШ қол созды. Кейбір сарапшылардың айтуынша, қырғыздар елге АҚШ-тың әскери базасын орналастыруға да кет әрі емес көрінеді.

Рас, АҚШ бұл жанжалға бейжай қарамады. АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі орынбасары Джонатан Хеник Атлантикалық кеңестің онлайн-семинарында: «Қырғыз-тәжік шекарасындағы жанжал әлі аяқталған жоқ», – деп мәлімдеме жасады. Оның сөзіне қарағанда, босқындарды үйлеріне қайтарып, қалпына келтіру үшін, бейбітшілік пен тұрақтылық керек.

«АҚШ екі елдің басшылығына тығырықтан шығуға жәрдем беруге әзір. Біз Бішкек пен Душанбедегі елшіліктеріміз арқылы екі елдің басшылығымен тікелей байланыста отырмыз. Вашингтонда да осы жердегі елшілермен қатынастамыз. Біз кез келген тәсілмен жанжалды бейбіт реттеуді ұсындық. Басшыларды жауапкершілікті мойнына алып, мұндай оқиғалардың қайталанбасы үшін барлық жағдай жасауға шақырдық», – дейді Хеник.

Джонатан Хеник. Фото: reporter.kg

Түркия президенті Ережеп Тайып Ердоған да осы тақілеттес мәлімдеме жасады. АҚШ-пен, Түркияның ҰҚШҰ елдеріне мүше мемлекеттер арасындағы жанжалға араласуын Кремль көзге шыққан сүйелдей көрері хақ.

Қырғыз саясаткерлерінің пікірінше, ҰҚШҰ-ның ұстанымы АҚШ пен Түркияның мәлімдемелерімен салыстырғанда ерсілеу көрінеді. Үшінші тараптың қатысынсыз, екі ел үш күннен соң атысты тоқтатуға келіскен. ҰҚШҰ болса, содан кейін ғана «жақсы болған екен» дегеннен әрі аспаған.

«Депутаттардың реакциясы түсінікті. Баткендегі оқиғадан кейін қырғыз қоғамының бір бөлігі: «Қырғызтан – ҰҚШҰ мүшесі. Олай болса, Тәжікстан неге тікелей агрессияға көшті?» деген сұрақ қоя бастады. Еліміз Ресейді (ҰҚШҰ дегеніміз – Ресей емес пе?!) төреші ретінде көріп үйренген. Адамдар егжей-тегжейін біле бермейді. Ұйымның өз құрылымы мен ережесі бар күрделі тетіктерден тұратынын түсіне бермейді. ҰҚШҰ жарғысында  ұйымға кірген екі ел жауласа бастаса, не істеу керектігі көрсетілмеген», – дейді саясаттанушы Марс Сариев.

Марс Сариев. Фото: tengrinews.kz

ҰҚШҰ-ның өзін ақтап алатын дәйегі бар көрінеді. Әйтеуір, баспасөз хатшысы Владимир Зайнетдинов ұйымның шұғыл әрекет жасағанын айтқан. ҰҚШҰ тараптарды дереу атысты тоқтатуға шақырып, бейбіт түрде реттеуге көмектесуге әзір екенін мәлімдеген.

«ҰҚШҰ араласу тетіктерін енгізе алады. Қырғыз тарабы ұйымның көмегіне зәру емес екенін алға тартты. Қазір кикілжіңге араласуға ұйымның ешбір негізі жоқ. Екі ел де ҰҚШҰ-ның тең құқылы мүшелері. ҰҚШҰ көмегі керек деп мәселе көтерсе, көмек көрсету тетігі қосылады», – деп мәлімдеген осы ұйымның баспасөз хатшысы.

Қырғыз саясаттанушыларының пікірінше, қырғыздар Кремльді Душанбенің жағына шығып кетті деп есептейді. Өйткені, Мәскеу үшін Тәжікстан Қырғызстанға қарағанда маңыздырақ болып шықты. Себебі бұл ел – әскери тұрғыдан Ресей мүддесінің оңтүстіктегі алғы шебі. Ресей үшін Душанбенің АҚШ-тың азғыруына түспеуі маңызды. Америкалықтар Ауғанстаннан әскерін әкеткен соң, тәжік жеріне әскер әкелуді көздеп отыр-мыс.

Қырғыз елінің пайымдауынша, Ресейдің кикілжіңге араласпайтынына көзі жеткен Тәжікстан Ворух анклавына дәліз орнатқысы келген.

«Қырғыздар «Орыспен жолдас болсаң, айбалтаң қойныңда болсын» деген патшалық Ресей кезінен келе жатқан мақалды еске түсірді. Қырғызстанда қазір осындай көңіл күй күшейіп тұр. Ресей қысым ретінде арзан жанармай жеткізуді тоқтатады деген қауасет өршіп тұр», – дейді саясаттанушы Марс Сариев.

Ресей президенті Владимир Путин қырғыз президенті Садыр Жапаровқа телефон соғып, Мәскеуге шақыруы отқа май құя түсті.

В.Путин мен С.Жапаров.

«Ресейде жүйелі ойлау жоқ. Оңтүстік Кавказдағы, Грузия мен Украинадағы оқиғалардан бұл анық көрінеді. Қырғыздардың пайымдауынша, Ресей төреші болып келуі үшін оттың тұтануын әдейі күткен. Жағдайды АҚШ пайдаланып кетті. Өзбекстан бас тартқан соң, АҚШ Тәжікстанға әсерін орналастыруға талпынып отыр. Мәскеуге сапарында Рахмон өз билігіне, оны мұраға қалдыруына жақсы қолдау тапты. Оның үстіне, қаржылай көмекке қол жеткізді. Сондықтан Рахмон америкалықтардан аулақ жүреді. Ал АҚШ-тың Қырғызстанға қайтып келу бек мүмкін», – дейді қырғыз саясаттанушысы.

Десе де, Ресей қаракет етпесе де, қырғыздар үш күндік ұрыста жалғыз емесін түсінген.  Түркі халықтарының қолдауын анық сезіпті. Сондықтан түркі бірлігі идеясы елеулі түрде күшейе түскен.

Қырғыз мамандары: «Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың соққан қоңыраулары шешуші рөл ойнады», – деп ашық айтып отыр.

Бұдан бөлек, Ердоған дереу назар аударып, Қырғызстанға көмек қолын созуға, қираған ауылдар мен инфрақұрылымдарды қалпына келтіруге дайын екенін айтқан.

Ал қазақ сарапшыларының айтуынша, Қырғызстанның Кремьге қанша жерден өкпесі қара қазандай болса да, ат құйрығын кесісуге әзір емес. Себебі, экономикалық тұрғыдан барынша тәуелді.

Қ.Бейсебаев.

«Қырғыз депутаттары бізге қарағанда еркін. Жоғарыға жалтақтамай, өз ойларын ашық айтады. Бұл жағынан алғанда, Қырғызстан бізден оқ бойы озық. Салиқалы көзбен қарасақ, оларды түсінуге болады. «Баткендегі ұрыста болыспады» деп ҰҚШҰ-дан алыстасын дейік. Одан кім ұтады? Қырғызстан Ресейге экономикалық жағынан тәуелді. Қырғызстан азаматтары қай мемлекетке барып жұмыс істеп, бала-шағасын асырап жүр? АҚШ-ты шақырса, Ресей қырғыз гастарбайтерлерін бір күнде елден қуып шығады. Қырғызстанның жағдайы өте қиын. Қытайға шаш етектен қарызға батқан. Бейжің бір бүйірінен қатты қысып тұр. Екінші бүйірден Ресей қысатын болса, Қырғызстан мемлекетінен түк қалмайды. Сондықтан қатты өкпелесе де, ҰҚШҰ-дан шыға алмайды», – дейді тілшімізге түсініктеме берген саясаттанушы Қазбек Бейсебаев.

Тегтер: