1 Қараша 16:46
...

АЭС-тің астары: МАКРОН қазаққа НЕГЕ француз тілін үйретпек?

Фото:
Франция президенті Эмманюэль М

АКРОН қарлатып, борандатып Елордаға келді. Құрметті қонақты әуежайдан премьер-министр Әлихан Смайылов бастаған делегация қарсы алса, Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күтіп алды. Бұл – жәй келіс емес, ресми сапар. Дәстүр бойынша резиденцияда екі елдің министрлер кабинеттерінің мүшелері бас қосты.

Айта кетерлік жайт, Франция – Еуроодақ секілді алып құрылымның екі діңгегінің бірі. Әсте, осал ел емес. Сапар аясында екі ел басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді талқыламақ.

Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға былтыр жасаған ресми сапары аясында 35 құжатқа қол қойылған еді. Макрон Қазақстанға Тоқаевтың шақыруымен келіп, сол құжаттардың егжей-тегжейін қарастырмақ.

Әрине, француздар – іскер халық. Бос далақтап, мақтан үшін ел кезбейді. Қазақстан билігі энергетикалық дағдарыстың алдын алу үшін АЭС салуға шешім қабылдағаны бүгін емес. Қоғам ішіндегі дау-дамайдың бір ұшы «оны кім салады?» деген сауалдың төңірегінде екені құпия болмаса керек. Қазақ АЭС-ін салуға жәрдем беретін ел осы Франция болуы бек мүмкін.

Мұны Энергетика министрі Алмасадам СӘТҚАЛИЕВ ашық айтып отыр. Екі президенттің кездесуі қарсаңында Сәтқалиев франциялық Electricite de France компаниясымен келіссөз жүргізуге дайын екенін мәлімдеген.

– Осы сапар аясында біздің EDF (Electricite de France – ред.) компаниясымен серіктестігіміз талқыланады. Қазір олар General Electric-тің атом электр стансаларына арналған турбиналар өндірісіне байланысты активтерін сатып алу келісімін аяқтап жатыр. Компанияның бұл салада бірегей тәжірибесі бар. Францияда олар 50-ден астам реакторды іске қосқан. Шетелде де салады. Өздеріңіз білетіндей, EDF Қазақстанда АЭС салуы мүмкін компаниялардың шорт-парағына енген. Егер Франция тарапы келіссөз жөнінде бастама білдірсе, біз оны жүргізуге дайынбыз, – деді Алмасадам Сәтқалиев.

Фото: ғаламтордан

Бұдан бөлек,  біршама ауқымды мәселе талқыланбақ. Соның бірі – Total Energy компаниясымен қуаты 1 ГВт болатын жел паркін салу туралы келісім. Бұған дейін жаһандық жылынуға қарсы күрес, аталған жобаға инвестиция тарту жөнінде үкіметаралық келісімге қол қойылған-ды.

Әрине, Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастықтың баспалдағы бүгін ғана қаланған жоқ. Әсіресе, атом саласында. Француздың «Орано» компаниясы мен біздің «Қазатомпром» акционерлеріне қарасты бірлескен «КАТКО» кәсіпорны Созақ уранын өндіріп жатыр. Мойынқұмдағы 46000 тонна ураны бар Оңтүстік Төртқұдықты игеру жоспарланып отыр. Бұл кеніш 15 жылға дейін өндіріспен қамтамасыз ету тиіс.

Эмманюэль Макронның қазақ мектептерінде француз тілін оқыту үшін бар күшін салатынын айтты.

– Мен мәдени байланыстың нығайғанын қалаймын. Біз қарым-қатынасымызды осы қырынан дамытқымыз келеді...

Мысалы, бізге қазақ мектептеріне француз тілін оқытудың қайта оралуы өте маңызды. Жағдайды өзгерту үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауға дайынбыз. Біздің білім беру ұйымдары арасында қол қойылған үкіметаралық келісімге көп үміт артамыз, – деді Макрон.

Мұнысы жай сөз емес. Француз тілі ежелден ХХ ғасырдың басына дейін бірден-бір халықаралық тіл болып есептелінген-ді. Кейін ағылшын тіліне есе жіберіп қойды. Десе де, Франция бұған көндіккісі жоқ. Көндікпейді де. Ана тілдерінің халықаралық тіл мәртебесін қайтаруға күш салып келеді.

Фото: Ақорда

Француз тілінің шетелдерде кең таралуын көздейтін бағдарламалары аз емес. Жан-жақты салаларды қамтып жатыр. Тіпті, Қазақстанда да бастап кеткен. Ғарыштан бастап инженерлік салаларға дейін.

Мәселен, еліміздегі медицина қызметкерлеріне француз тілін тегін оқытып, тәжірибе алмасу үшін Францияға жіберіп жатыр. Білім саласында аса белсенді. Қазақстанда француз тілінде білім беретін мектептер аша бастады. «Абай – Верн» оқу бағдарламасымен магистранттарымыз бен докторанттарымызды Францияда оқытуға мұрындық болып жатыр. Бұл аз болса, Макрон 2024 жылдың күзінде Қазақстан-Француз университеті жұмыс істейтінін атап өтті. Әскери салада да осылай.

Француздардан үйренеріміз көп. Атом саласын игеруде де, ана тілді сүюде де. Ал аса үлкен нарық – Еуропаға салынған көпір жері бай қазақ үшін дәулетке қол жеткізудің бір кепілі болмақ.

Тегтер: