11 Шілде 16:46
...

Басталды! Ресей Қазақстанға ақпараттық соғыс ашты ма?

Фото:
Ресей сотының Каспий құбыр консорциумын бір айға жабуға шешімі Қазақстан

ның мұнай тасымалының балама жолдарын іздеуіне түрткі болды. Бұл жайт ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының назарына ілігіп отыр. Қазақстанның басына бұлт үйірілетінін айтып ескерткен, кекесінді материалдар жиі көзге түсетін болды.

Мәселен, «Независимая газета» «Қазақстан егемендігінен айырылуы мүмкін» деген тақырыппен көлемді мақала жариялады. Авторы – тарих ғылымының докторы, Этноұлттық стратегия агенттігінің директоры Александр Кобринский.

Қазақ президентінің есімін енді басылымдар да қате жаза бастады

Материалдың сөз саптауы ғалымның қолтаңбасынан гөрі Кремльдің үніне көбірек ұқсайды. Ресей президенті Владимир Путинге еліктеп,  Ресей БАҚ-тары да Қазақстан Президентінің аты-жөнін қате жаза бастады.

Фото: Коммерсантъ

«Жақында Қазақстан Президентің Қосым-Жомарт Тоқаев (дұрысы Қасым-Жомарт – ред.) Еуропадағы энергетикалық дағдарысты реттеу бойынша бастама көтерді. Ұсынысының өзегі – ресейлік мұнайды Қазақстанның мұнайына алмастыру (ал біз Қазақстанның мұнайын өндіріп, тасымалдап жатқан «Шеврон және К», яғни англосаксондық компания екенін білеміз)», – деп жазады «НГ».

Автор Тоқаевтың «Қазақстан Шығыс пен Батыс арасын жалғап жатқан көпір болады» деген пікірін де жерден алып, жерге салып жатыр. Оның пікірінше, бұл қызметті ғасырлар бойы Ресей атқарып келген-міс. 

«Қазақстан – егемендігінен айырылуға шақ тұрған тайпалар одағы»

Ресейдің жоғары лауазымды тұлғалары Қазақстанды мемлекет деп ұдайы атаған емес. Мәселен, Сыртқы істер министрі  Сергей Лавров еліміз туралы сөз еткенде «аумақ» сөзін қолай көреді. Аталған мақалада да осы үрдіс байқалады. Жергілікті халықты «ұлт, халық» деп танымайтынын тұспалдайды. 

«Келесі қадам – посткеңестік кеңістіктегі маңызды келісім шарттар мен ұйымдардан Қазақстанның бас тартуы. Бірақ Қазақстанның Ресейден алшақтауы егемендігінен айырылу қаупін тудырады. Қазақстан – түрлі тайпалардың одағы. Қазақ тайпаларының бәрі бірдей түркі тегінен шықпаған».

Тағып отырған басты айыбы – «Қазақстан одақтас бола тұрып, Ресейдің басына күн түскен кезде, «серіктес» деуге келмейтін әрекетке барған».

«Ресей Қазақстанға қысым жасаған жоқ»

Ресейлік басылымның пікірінше, Ресей Қазақстанға қысым жасамаған. Новороссийк сотының КҚК-ның 30 тәулікке жабуының екі себебі бар.  Олар – қазақ тарапының «жан түршіктіретін» сөздері  мен әрекетіне қарымта жауап.  Бірақ бұл мұнайдың қожайындары – Қазақстан емес, Ресейдің «достары» «англосаксондықтар» екен.

   

«Екі жақын одақтастар – Ресей мен Қазақстан жақсы кезеңді басынан өткеріп жатқан жоқ. Қазақстан перзидентінің аузымен одақтастыққа жатпайтын мәлімдемелер легі  ресейлік сарапшыларды әрі-сәрі етіп, Ресей қоғамында наразылық толқынын тудырды», – деп жазады басылым.

Бұдан әрі «бұдан бірнеше ай бұрын Ресейдің 2022 жылы «түзсіз төңкеріс» барысында қаңтар күндері Қазақстанға көмектескенін» тағы бір еске салып өткен.

«Қазақстанның көзімен қарасақ, санкция салып жатқан –  ұжымдық Батыс емес, Құдайдың өзі сияқты әсер қалдырады. Оларды мүлтіксіз орындауы керек тәрізді», – деп түйреп өтпек болады.

«Бұл – тарихи шешім»!

«Ъ» FM cаяси шолушысы Дмитрий Дризе «КоммерсантЪ» басылымына осы мәселеге пікір білдірген. Оның айтуынша, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи, сонымен қатар саяси шешім қабылдаған.

«Оның мәні – қазақ мұнайын халықаралық нарыққа Ресейді айналып өтетін жолдармен жеткізу. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына осындай тапсырма берілді. Неге саяси дейміз? Себебі, әңгіме жүзеге асқан жағдайда аймақтағы күштерді өзгертетін жоба туралы болып отыр», – дейді сарапшы.

Оның пікірінше,  дәл қазір мұнай және газдың балама жолдарын ұйымдастыру қиынға соғады. Бірақ болашақта, әсіресе, батыстың көмегімен, қолға алуға болады.

Бұған мысал ретінде Әзербайжан және Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбырын тілге тиек еткен. Бұл жоба посткеңестік кеңістіктен Батысқа шикізат жеткізуде Ресейдің монополиясын бұзды.

«Егер Қазақстанды энергетикалық хабқа айналдырса (бұл қолдарынан келеді), онда Ресей тағы да көп нәрсе жоғалтады. Соның ішінде саяси салмақ та бар», - дейді Дмитрий Дризе.

Сарапшы да Қазақстанда 3,5 млнға жуық орыстар мен орыстілді азаматтар тұратынын, бұл соңғы фактор емес екенін еске салады.   

Неге Қазақстан Кремль үшін – дос, БАҚ үшін жауға айналды?

Кремль өкілі Дмитрий Песков Қазақстанның балама тасымал жолдарын іздеуінің астарынан ешқандай саясат жоқ екенін мәлімдеді. Елімізді Ресейдің достарының қатарына жатқызды. Десе де, ресейлік БАҚ-тар Қазақстанды дұшпандардың санатына қосуға асығып отыр.

Шынтуайтында, Ресейде еркін пікір айтатын тәуелсіз БАҚ атымен қалмаған. Украинада соғыс басталған соң, қылмыстық қудалауға ұшырайтын болған соң, «ақты ақ, қараны қара» деп көрсетке алатын тәуелсіз БАҚ өкілдері, соңғы буыны елді тастап кетуге мәжбүр болды. Қалғандары орыс билігінің қас-қабағын аңдуға көшті.

Сондықтан Ресейдің 2014 жылы халықаралық заңдарды, келісімдерді өрескел бұзып, Қырымды тартып алғаны, Украинаның шығысына лаң салғаны, биыл ақпан айында Украинаның үш жағынан басып кіріп, соғыс ашқаны, санкциялардың салынуына Ресейдің агрессиялық саясаты себеп болғаны туралы ләм-мим демейді. Кремльдің саясатын ресейліктердің бәрі бірдей қолдамайтынын да назардан тыс қалдырады.

Тегтер: