3 Шілде 18:31

«Бәсекелестікті қайтару қажет»: Энергия саласына қатысты петиция жарияланды

Электр энергиясы
Фото: Фото: из открытых источников

Ұлттық экономика және Энергетика министрлігі 500-ден астам компанияның жұмысын тоқтатып, нарықта тек тарифін мемлекет бекітетін ұйымдар ғана қалды. Бұл санаулы ұйым бәсекелестіктің жоқтығын пайдаланып, энергияны қымбатқа сатып жатыр.

Алматы, NEGE. Жақында отандық бизнес қауымдастық өкілдері жекелеген өңірлерде электр энергиясы тарифінің көтерілуі туралы дабыл қақты. Себебі, Қазақстанда 1 сәуірден бастап 105 реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың жұмысы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі комитеттің шешімімен тоқтатылды.

Бұған алғаш болып Шымкент қаласы мен Түркістан облысының кәсіпкерлері жаппай шағымданды. Іле-шала өңірдегі кәсіпкерлік субъектілері үшін электр энергиясының құны арзандады десе де, олар бұрынғысынан да көп төлейтінін айтқан.

«Атамекен» ҰКП мәліметінше, Шымкентте бизнес тарифі екі есеге жуық өскен. Бүгінге дейін кәсіпкерлер бір киловатт-сағат жарық үшін 21,84 теңге төлесе, электр энергиясын жеткізуші «Энергоағым» ЖШС бағаны 42,23 теңгеге жеткізген. Бұл бизнесмендердің арыз-шағымын туғызып, кейбір кәсіпорындардың жабылып қалу қаупін туғызды.

Бұл мәселеде үнсіз қалмаған Қазақстандық энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығы төрағасы Сергей Агафоновтың айтуынша, Қазақстан өз Тәуелсіздігін алғалы бері елде заңды тұлғалар электр энергиясын кімнен сатып алатынын өзі таңдау құқығына ие болып келген. «Яғни, бәсекелестік нарықтағы энергиямен жабдықтаушы ұйымды таңдай ма, әлде мемлекеттік реттелетін ұйымды таңдай ма, өз еркі. Бұл ретте біріншісінің бағасы төмен болатыны – заңдылық. Өйткені, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар арасындағы бәсеке электр энергиясының құнының төмен болуына әкелетін. Ал қазір Қазақстанда энергиямен жабдықтаушы ұйымдарды жаппай жою мақсатын көздейтін жұмыс жүріп жатыр. Есесіне, 10 мыңнан астам орта және шағын бизнестің шығыны артты. Тариф өскен соң олар да өз тауарын қымбатқа сатады», – деген С.Агафонов «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына, Бас прокуратураға хат жолдағанын мәлімдеген еді.

Энергетика
ғаламтордан

Енді бас көтерген ұйым өкілдері «Әділ және түсінікті тарифтер жөніндегі петиция» жолдады. Онда тарифтерді халықтың өзі бақылауы қажет екендігін, энергетика саласын олигархтардың қолына берген шенеуніктердің әрекетіне тосқауыл қою жайында тәптіштеп айтылған. Мәселен, петицияда:

«2024 жылдың 1 сәуірінен бастап нарықтағы тәуелсіз компаниялар жойылды. Бұл туралы халық хабарсыз болды. «Олигополиямен күрес» астарында бәсекелестерді алып тастағысы келетін, сонымен қатар шағын және орта бизнеске, сайып келгенде, ел халқына арналған тарифтерді көтергісі келетін олигархтардың әрекеті жасырылған. Билік өзі жазған заңдардың жетілмегендігін мойындай отырып, кәсіпкерлікті бір сәтте «жабуға» және статус-квоны бұзуға шешім қабылдады. Нәтижесінде не болады? Тарифтер одан сайын тез өседі, тозу артады, Ал мұның шығынын Қазақстан азаматтары төлейтін болады. Бұған нүкте қоятын кез келді! Не істеу қажет?

1. Энергетика саласына адал бәсекелестікті қайтару қажет.

2. Азаматтардың өздері әділ тарифтердің қандай болуы керектігін шеше алуы үшін тарифтер бойынша халықтық кеңестер қалыптастыру қажет. Бізге қазіргі таңда нақты тарифтік жүйе қажет.

3. Барлық өңірлік ЖЭО-ларды мемлекет меншігіне қайтару және осы ЖЭО-лардың капиталындағы 49%-ын өңірлердің азаматтары алуға тиіс.

4. Барлық тарифтер халықтың бақылауында болуы қажет! Әрбір адал азаматты осы петицияға қол қоюға шақырамыз! Олигархтарға ақшаңызды тартып алуға жол бермеңіз!» делінген.