Бәс тігу бізден өтсін. Ресей НЕГЕ Қазақстандағы букмекерлік бизнеске ауыз салды?

DALA INSIDE телеграм арнасының зерттеуінше, нарықта "Nomapay" деп аталатын компания пайда болып, отандық банктерге төлем шлюзін резервтеу бойынша ұсыныс жасауда.
Бір сөзбен айтқанда, бұдан былай букмекерлік кеңсе мен ойыншы арасындағы транзакцияның барлығы осы компания арқылы өтеді деген сыбыстар таралуда. Алайда мемлекет тарапынан Букмекерлік ставкаларды бірыңғай есепке алу жүйесінің (ЕСУ) операторы әлі анықталып, жарияланған жоқ.
«2024 жылғы 20 желтоқсанда үкімет 100% мемлекетке тиесілі «Бірыңғай есеп жүйесінің операторы» ЖШС-ін құрды. Ол ЕСУ жұмысын қамтамасыз етуі керек еді. Компания 2025 жылдың 13 қаңтарында тіркелген. Қазір оның жарғылық капиталы мардымсыз, штаты жоқ, бағдарламалық жүйесі де дайын емес. Мемлекеттік сатып алу реестрінде осы жүйеге қажетті ІТ-платформа әзірлеу немесе сатып алу туралы бірде-бір лот жарияланбаған. Салалық Цифрлық даму министрлігі бұл жобаға ресми түрде еш тартылмаған», – деп жазады телеграм арна.
Арнаның мәліметінше, министрлік конкурсқа өтініш беруге небәрі бес күн берген және оның екеуі демалыс күндері болып шықты. Өз тарапынан Қазақстанның букмекерлер қауымдастығы бұл әрекетті тікелей манипуляция деп атап, қазіргі таңда Антикорға шағым жолдады. Онда конкурстың формалды түрде өткені, іс жүзінде басқа қатысушылардың бәсекелесуіне мүмкіндік болмағаны жазылады.

Өз тарапынан, Nege.kz редакциясы Спорт және туризм министрлігіне бірнеше сұрақ жолдайды:
1. ЕСУ жүйесіне арналған бағдарлама әзірлеуге техникалық тапсырма мен бюджет қайда? Егер жоба шілдеге дейін іске қосылмаса, кім жауап береді?
2. Конкурс НЕГЕ тек күнге созылды? Осындай қысқа мерзімді ұлттық ІТ-платформа тендері бұрын-соңды болып па еді?
3. «Nomapay» компаниясының банктерден интеграцияны талап етуге өкілеттілігі, құқығы бар ма? Мемлекеттік оператормен алдын ала қандай да бір келісім болды ма?
4. Бәс ойындарынан түсетін мақсатты төлемдер НЕГЕ мемлекеттік бюджетке емес, оператордың қалтасына түседі?
5. Егер жүйенің өзегі ресейлік ЕЦУПИС болса, ал операторы жеке фирма болса, қазақстандықтардың деректері мен транзакциялары қалай қорғалады?
Министрлік осы сұрақтарға толық әрі шынайы жауап береді деп үміттенеміз. Жауабы келсе жариялауға дайынбыз.
Жылдық айналымы 1,2 триллион теңгеден асатын саланы мемлекеттік мүдде аясынан шығарып, жекенің қолына беруге бүгін болмаса да, ертең құзырлы органдардың сұрағы туатыны анық.