«Бәріне бірдей жаңа үй берілмейді». Вице-министр өрттен жапа шеккендерге қатысты айтты

Қостанайдағы өрттен зардап шеккен адам саны көп. Тоқаев «апат кезінде үйінен айырылған тұрғындарға 2-2,5 айда баспана салып береміз» деп уәде берген еді. Алайда оны өрт кесірінен баспанасыз қалғандардың барлығы алмайтыны туралы айтқан болатынбыз. Қазір Әулиекөл ауданында үй салатын жер тегістеліп, құрылыс жұмыстары басталып кеткен.
NEGE тілшісі сол маңда бір топ мердігермен бірге жүрген вице-министрдің өзінен істің анық-қанығын сұраған еді.
Еркебұлан Дауылбаев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі:
– Облыс әкімі осы өңірдегі ең мықты, білікті деген 10-нан аса мердігер мекемелерді таңдап алды. Қазір жұмыс қызу. Электр желісінің бағаналарын тарттық. Жаңа алқап болады, асфальт салынады. Апат кезінде өртеніп кеткен үйлердің заңды иелерінің барлығы үймен қамтамасыз етіледі. Тек меншік иесіне ғана беріледі. Егер оның ішінде басқа біреу тұрып жатқан болса, ол есептелмейді. Бұрын пәтер жалдап тұрғандар, міне, осы үйлер біткен соң қайтадан жалға ала алады.
– Олардың да апат кезінде бар дүние-мүлкі, қолдағы малы мен жинаған отыны сол үймен бірге жанып кетті ғой.
– Әкімдікте төтенше жағдайлардың салдарын жою бойынша құрылған арнайы комиссия бар. Солар шешеді бұл мәселені.Одан бөлек, Халық банкі зардап шеккендерге 1 миллион теңгеден таратпақ. Жергілікті кәсіпкерлер ақшалай қолдау береміз деп жатыр. Оларға міндетті түрде көмек көрсетіледі.
– Жаңа үйлердің сапасына кепілдік беріле ме?
– Құрылыс барысын тексеретін арнайы жауапты мамандар бар. Олардың барлығы әрбір мердігер мекемеге заңмен бекітілген. Одан бөлек, штаб қойылды. Әкімдік пен министрлік азаматтары күнделікті қатаң бақылап жүреді. Сол үшін сапаға қатысты ешқандай мәселе болмайды.
Вице-министрдің айтуынша, 100-ге жуық үйді бірнеше мердігер бөлісіп салады екен. Барлығы негізгі архитектуралық жоспар бойынша жүзеге асып жатыр.
Тілшіміз мердігерлермен де сөйлесті.
Валерий Полешко, «БК-Строй» ЖШС директоры:
– Біз тек қана мердігерміз. Жалпы, 91 үй салынады. Соның ішінде біздің салатынымыз – 14 үй. Норматив бойынша әр үйге 100 шаршы метр белгіленген.
Кешегі болған өрт – үлкен қасірет. Адамдар қыста далада қалмауы керек. Сол үшін қазір әр мердігер өз техникаларын, мамандарын әкеліп, жұмысты бастап кетті.
Қайрат Бижанов, «ЭкспоТранс» ЖШС директоры:
– Осы жердегі жұмыстарға Қостанай облыстық Құрылыс және сәулет басқармасының басшысы Берік Таңжарықов жетекшілік етеді. Салынатын үйдің 4-еуі бізге жүктелген. Оншақты фирма бар шығар шамамен. Солардың бәріне бөліп-бөліп берді. Екі айда бітіру керек қой жұмысты. Шақырып айтты «салыңдар» деп. Саламыз, – деді ол.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жаңа үй құрылысы басталған жер ұтымды таңдалмаған. «Бізбен ақылдаспай, өздері бастап кетті. Бұл – үй салуға қолайсыз сортаң мекен» деген ауыл тұрғындарының шағымын вице-министрге жеткізген едік. Ол бұл пікірді жоққа шығарды.
– Жоқ, ол – дұрыс емес әңгіме. Онда ешқандай сортаңдық жоқ. Жердің геологиясы өткізіліп, тексерілген. Бас жоспарға сәйкес, мұнда бұрыннан бері жеке тұрғын үй құрылысы жоспарланған. Сол себепті ол – бүгін емес, бұрыннан бар келісім, – дедің вице-министр.
Десе де, бұл апаттан біреудің үйін жалдап тұрған ауыл тұрғындары көбірек зардап шегіп отыр. Олардың біразы қаржылай көмектің тиісті, қажетті мөлшерде берілетініне де күмәнмен қараса, біразы Президент берген уәденің орындалатынынан үмітті.
Әсем Құлманова, Елорда.