22 Ақпан 16:22
...

Балалардың 21%-ы кибербулингтен зардап шеккен - ЮНИСЕФ өкілі

кибербулингтен зардап шеккен
Фото: Prensa Libre: Shutterstock

Биыл Қазақстанда Бала құқықтары туралы Конвенцияның қабылданғанына 30 жыл толды. Қазіргі уақытта Қазақстанда балалардың саны 7 млн-ға жуық, 2027 жылға қарай 8 млн-ға жетеді деп болжанып отыр. Мұны Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстелде Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері айтты.

Қазіргі таңда елімізде жетім балалардың 80%-ы отбасында тәрбиеленіп жатыр. Ал жыл сайын 1000-нан астам жетім баланы азаматтар бауырына басып, асырап алады.

Елдегі жетім бала саны 21 387 болса, 17 660 бала отбасында тәрбиеленіп жатқан көрінеді. Соңғы үш жылда 21 балалар үйі жабылған.

Балалардың әл-ауқатын және ұлттық саясаттың тиімділік дәрежесін бағалау үшін 2021 жылы балалардың әл-ауқатының индексі әзірленіп, енгізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылды, жоба шеңберінде Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы барлық балалар арасында бөлінетін болады. Кәмелетке толғаннан кейін қаражатты білім алуға немесе тұрғын үй сатып алуға пайдалана алады.

Қазіргі таңда елімізде 2,5 млн мектеп жасына дейінгі бүлдіршін бар екен. Сондай-ақ 7000-нан астам мектепте 3 млн 800 мың бала білім алады. Мектептердегі негізгі мәселе орын тапшылығы, үш ауысымда білім алу және мектептердің апаттылығы болып отыр, дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

«Оны шешу үшін «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы іске асырылуда. Жоба толық жүзеге асқан сәтте жоғарыда аталған мәселелер толық шешімін табады. Бұл шаралар балалардың сапалы білім алу құқығын қамтамасыз етуге бағытталған», – дейді комитет төрағасы.

Ал орта кәсіптік білім бойынша 500 мың бала білім алып жатқан болса, мамандардың айтуынша қазіргі уақытта колледж студенттерінің 80 пайызы тегін білім алады. 2025 жылға қарай олар 100 пайыз тегін оқитын болады.

«Мемлекеттің басым міндеті – балаларды көшеде, үйде және мектепте қауіпті жағдайлардан қорғау», – деп отыр Насымжан Оспанова.

«Сондықтан балалар объектілерінде бұрын-соңды болмаған Кешенді қауіпсіздік шаралары жүзеге асырылуда. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының 100%-ы бейнебақылау жүйелерімен қамтылған, жедел қызмет өкілдерімен байланысқа қосылған, лицензияланған күзетпен қамтылған, дабыл түймелерімен жабдықталған. Министрлік үшін білім беру ұйымындағы қауіпсіз орта тек техникалық қауіпсіздік құралдарымен ғана шектеліп қоймай, баланың эмоционалдық әл-ауқатын да қамтиды. Достық, жауаптылық және өзара сыйластық дағдылары мен мектепте оң қарым-қатынастарды қалыптастыру үшін білім беру ұйымдарында «ДосболLike» акциясы өткізілді. Акцияның жалғасы еліміздің 8 өңірінің 50 мектебінде «ДосболLike» буллингке қарсы бағдарламасын пилоттау болмақ. Сондай-ақ, мемлекет басшысының тапсырмалары аясында ЖП ХҒҰ-мен бірлесіп «Менің бауырым» волонтерлік жобасына старт берді. Жоба арқылы балалар дұрыс қарым-қатынас орнатуға, әртүрлі жағдайларды шешу үшін достық тілін табуға үйренеді», – деп отыр Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Балаларды зорлық-зомбылықтан, суицидтен қорғау және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар іске асырылып жатқан көрінеді.

«Аймақтық психологиялық қолдау орталықтарын дамыту бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл балалардың кәсіби психологиялық көмекке қол жеткізуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Балалардың зорлық-зомбылықтан зардап шегуін анықтау, алдын алу және оларға көмек көрсету әдістемесі қабылданды. Кеше Парламент Мәжілісінің депутаттары бірінші оқылымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасында көзделген Балалардың құқықтарын бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту жөніндегі шараларды мақұлдады», – дейді Насымжан Оспанова.

2023 жылы «Kazakhstan Kids Online. Қазақстандағы балалардың цифрлық өмірі« деген зерттеу жүргізіліпті.

«ЮНИСЕФ мәліметтеріне сүйенер болсақ, дүниежүзінде әрбір үшінші интернет қолданушы бала екен. Біз былтыр Оқу-ағарту министрлігімен бірге Қазақстандағы балалардың онлайн қауіпсіздігі бойынша зерттеу жүргіздік. Қазақстанда да балалар ерте жастан интернетке жылдам қосыла алатынын көрдік. Зерттеуге сүйенетін болсақ, интернетке қосылатын балалардың 49 пайызы 5 пен 8 жас аралығында. Ал 5 пайыз бала одан да ерте, яғни 4 жасқа дейін интернетке қосылады. Сондықтан осы мәселеге назар аударғым келеді. Бірақ интернет ең алдымен балалардың дамуына, білім алуы мен шығармашылығына және әлеуметтік бейімделуіне мүмкіндік береді. Мұны біле отырып, оның қауіпі де бар екенін түсінуіміз керек. Зерттеу бойынша, балалардың 21%-ы кибербулингтің түрлі формасына тап болған және ол балалардың жартысы ғана үлкендерге бұл туралы айтқан. Сондықтан ата-аналар бала интернетте қандай қауіппен кездесуі мүмкін екенін толық түсіне бермеуі мүмкін. Ол отбасында ересек адам мен бала арасында сенім қалыптаспағанын көрсетуі мүмкін», – дейді ЮНИСЕФ-тің балалық шақты қорғау бағдарламаларының жетекшісі Айсұлу Бекмұса.

Қазіргі уақытта балалардың интернеттегі қауіпсіздігін сақтау және балалар мен ата-аналарды ақпараттандыру мақсатында «Ата-ана бақылауы» және «КиберТұмар» – балаларды цифрлық ортада қорғайық» жобалары жүргізіліп жатыр екен.

Айта кетейік, биыл Қазақстанда Бала құқықтары туралы Конвенцияның қабылданғанына 30 жыл толды. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан 16 құжатты ратификациялады, олардың алғашқысы бала құқықтары туралы конвенция болды. Бұл құжатқа Қазақстан 53-ші мемлекет болып қол қойған еді.