Бала шығармашылығы қайтсе шыңдалады?
Қазір ақын-сазгер көп болғанымен, балаларға арнап тұщымды туынды жазатын авторлар некен-сақ. Солардың бірі – белгілі балалар композиторы әрі әнші Бота Бейсенова. Тик-токқа телмірген бүлдіршіндердің тілін тауып, оларды әдемі әуенге еліте білудің жүгі жеңіл емес екені анық. Мұның қыр-сырын кәсіби маманның өзінен сұрағанды жөн көрдік.
– Бота ханым, негізі музыка пәнінің мұғалімі екенсіз. Мамандық бойынша мектеп қабырғасында жұмыс істеп көрдіңіз бе?
– Мен оқытушы ретінде еңбек жолымды Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінен бастадым. Әкем – ғылым докторы, ал анам – ғылым кандидаты болғандықтан, ол кісілер менің де өздері салған сүрлеу бойынша ұстаз болғанымды қалады. Ал тұрмысқа шыққан соң ұстаздық жолымды Тараздағы мектептердің бірінде музыка пәнінінің мұғалімі ретінде жалғастырдым.
Жас маман болып барған соң оқу ордасында түрлі шаралар ұйымдастырып қана қомай, қоғамдық жұмыстарға белсене араласумен болдым. Бірақ менің жүрегім ән деп соққандықтан шығармашылықты, яғни өнерді таңдадым. Сондықтан Ғани (Бейсен-ред.) екеуіміз ата-анамыздың алдынан өтіп, ақ батасымен өнердің ордасы саналатын Алматыға жол тарттық. Тұрмыстағы әйел үшін жеке дара шығармашылықпен айналысу қиын болғандықтан, дуэт құруға бел байладық. Шүкір, қазіргі таңда халықты әсем әнмен қуантып жүрген жанұялық жұптардың қатарынадамыз.
– Бала атаулы Тик-токқа телмірген уақытта оларды есті әнге елітудің жүгі ауырлай түскен болар?
– Мұғалім болып жүрген кезімде мектеп басшылығы оқушыларға әр іс-шараның тақырыбына сай әндер айтқызу керектігімді тапсырды. Ол кезде түрлі тақырыптағы балалар әні тапшы, тіпті саусақпен ғана санарлық еді. Сөйтіп, «шын жыласаң, соқыр көзден жас шығады» демекші, өз жанымнан әндер шағарып, айтқызуды әдеке айналдырдым. Ал Ғани оларды баянмен немесе синтизатормен сүйемелдеп отыратын. Бір қызығы, ол әндердің авторы өзім екенін айтуға ұялып жүрдім. Кейін жұрт өзім жазғанын білген кезде таңданыс білдіріп, тәуір композитор екенімді алға тартты.
Бұл маған мотивация берді. Сөйтіп, Алматыға келген кезде әлгі әндерге аранжировка жасатып, арнайы әнжинақ етіп шығаруды қолға алдым. Нәтижесінде он екі әннен тұратын алғашқы альбомым қолдан қолға тимей, мектеп пен балабақша тәрбиешілеріне лезде таралып кетті. Өйткені біз туындыны пайданалуға ыңғайлы ету үшін мәтіні мен минусовкаларын қосып, методикалық нұсқаулық ретінде шығардық. Содан бері көпшілік сұрауы бойынша әр қайсы он екі әннен тұратын бес жинақ шығарыппын. Оның арасында «Балапан» арнасынан бірлесе жұмыс жасауға ұсыныс түсті. Қазіргі таңда аталмыш арнадан жарық көрген бағдарламалар мен анимациялық туындыларда менің әндерім жиі шырқалады. Жуырда ғана «Ғылымға саяхат» жобасына саундтрек жаздым. Ал сауалыңыз бойынша айтар болсам, мен көбінесе тапсырыс бойынша жұмыс жасаймын. Ұстаздар өзі қандай тақырыпқа ән қажет екенін айтады. Сол идея бойынша мәтіні мен әуенін жазамын.
– «Балабақша», «Көктем келді», «Ең соңғы қоңырау», «Наурыз көктем», «Жау, жау, жаңбыр», «Мектебім, аяулы, мектебім» сынды әндеріңізді бүлдіршіндер аузыннан жиі естиміз. Бұл да тапсырыспен жазылған әндер ме?
–Әрине, бұл әндердің көбісі ұстаздар сұранысы бойынша жазылған.
– Қарап отырсақ, бүгінгі таңда бала тіліне арнап ән жазатын ақын-композиторлар саусақпен ғана санарлық екен. Неге?
– Өйткені қазіркоммерцияның уақыты. Мысалы, композиторлар ересектерге арнап жазылған әнді қандайда бір әншіге қомақты қаламақыға сата алады. Ал балаларға арналған туындылар табыс табуға тиімсіз. Өз басым балаларға арнап ән жазуды алғаш қажеттіліктен қолға алсам, кейін көпшіліктің кәдесіне жарасын деген ниетте жаза бастадым. Мәселен, әр әнге бес жүз доллардан аранжировка жасатқанда, алпыс әнге отыз мың доллар қаражат кетіпті. Бұл жинақтар табыс әкелмей, керісінше, мені шығынға батырса да балалар репертуарына қосқан үлесім деп білемін.
–Бала тіліне негіздеп ән жазудың да өзіндік қыр-сыры бар болар?
– Әрине. Мәтіннің сөзі бала үшін тез жатталатын, яғни тілге жеңіл болу керек. Содан кейін мәтінде үндестік заңына басымдық беруе тырысамын. Яғни, қатаң дыбыстарға қарағанда ұяң дыбыстарды көп қолданамын. Сонда сөздері құлаққа жағымды естіледі.
– Күн сайын бір ғана Алматы қаласының өзінде көптеген байқаулар өтеді. Айтыңызшы, саны көп конкурстардың өскелең ұрпақ үшін берері бар ма?
– Сөзіңіздің жаны бар. Ұзын-саны жүз елу бала қатысса, елу балаға – бірінші, елуіне – екінші, қалған елуіне – үшінші орынды беріп, шығарып салатын байқаулар көбейіп кетті. Мұндай саны көп, сапасы жоқ байқауларды ұйымдастырушылардың көздегені – ақша табу. Қаражат жинап жасағандықтан баланың сағын сындырмау мақсатында жүлдесіз жібермеуге тырысады. Бірақ мұны өрескел қателік деп есептеймін. Жүлде атаулыны жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар ғана алу керек. Және мұны байқауға қатысатын әр балаға жіті түсіндіріп айту керек. Баласы орын алмай қалса, айқай-шу шығаратын да ата-аналар бар. Мұндай жерде қазылар алқасына құрмет те болмайды. Осындай мәселеге байланысты кейінгі жылдары конкурс ұйымдастыруды мүлде қойдым. Ал егер өткізер болсам, мана айтып өткендей мәселелер туындамас үшін қатысушылардың ата-аналарына алақан жаймай әрі конкурсанттарды қатаң сүзгіден өткізген болар едім.
– Шона Смаханұлының сөзіне жазылған Әбиірбек Тінәлінің «Анамның тілі» әні бала атаулының әнұранындай болған еді. Қазіргі таңда ән көп болғанымен, ыңылдап айтып жүретін туындылар қатары неге аз?
– Себебі балалар шығармашылығына насихат өте аз. Бір ғана «Балапан» арнасы қай жыртыққа жамау болады?! Оның үстіне телеарнаға телміретін көрермен саны да азайып барады. Көпшілік ютуб арналарға көп қарайласатын болды.
– Ұл-қызының ән айтуға қабілеті болмаса да вокалға беретін ата-аналар бар. Бұл баланың алтын уақытын текке ұрлау болып табылмай ма?
– Барлығы баланың ынтасына байланысты. Егер музыканы қабылдау қабілеті болса, бетін қайтармай вокалға қатыстырған дұрыс. Кейбір бүлдіршіндер ән айтуға дағдымен келіп жатады. Яғни, есту қабілетін дамыту арқылы әнді нотасыз сүйемелдейтін дәрежеге жетеді. Бірақ бұл ұзақ уақыт жүретін процесс. Жалпы шығармашылықпен айналысудың бала үшін зияны жоқ. Үйде телефон шұқылап текке отырғаннан көрі, үйірмеге қатысып, қандайда бір аспаптың тілін меңгергені жөн.
– Құпия болмаса бір ән мен сөз жазудың ақысы қанша?
– Авторлық ән жаздыратын болса, оны тапсырыс берушінің ұлы не қызынан өзге ешкім орындамайды. Сәйкесінше, ондай туындыларға қойылатын өзіндік қаламақым бар.
– Дегенмен, музыканы қабылдау қабілетіне қарамай, қолқа салған ата-ананың бәріне бірдей ән жазып бере бермейтін боларсыз?
– Әрине. Кезінде жеке дара музыка мектебім де болды. Сол кезде кейбір ата-аналар музыканы қабылдау қабілеті жоқ ұл-қыздарын алып келетін. Бірақ мен бірден «баланы қинамаңыз» деп айтатынмын. Сол сияқты ән жаздыруға тапсырыс түскенде де алдымен оның дауысын тыңдап көремін. Егер таланты болса, табиғатына сай келетін ән шығарып беремін.
– Ал мектебіңіздің жұмысын тоқтатуыңызға не себеп болды?
– Мен балалар шығармашылығына бет бұрып кеткен кезде Ғани екеуміздің дуэтіміз тоқтап қалды. Себебі, кешке дейін мектепте сабақ берумен жүретін болдым. Салдарынан ән жазуды да сиретіп алдым. Оның үстіне жалға алған жердің ақысы, арасында келетін тексеріс деген сияқты жүгіретін жұмыстары көп. Сондықтан мектепті жабуға тура келді. Менсіз де вокалдан сабақ беретін ұстаздар бар. Сондықтан сазгер есебінде ән жазуды жалғастырғаным жөн болар деген шешімге келдім.
– Балаға ән арқылы тәрбие беру идеологиялық құрал болып табылады. Осы ретте кішкентай тыңдармандарға қандай туынды тыңдатуға кеңес бересіз?
– Қазір отбасылық құндылықтар жойылып бара жатыр. Бір дастархан басында отырған жанұя бір-бірінің жүзіне қарамайтын жағдайға жетті. Себебі, бәріміздің қолымыздаабір-бір смартфон. Сондықтан ата-әже, ұстаз, тәрбиеші, туған жер, ауыл туралы әндер көбірек айтылу керек деп ойлаймын.
– Ұстаздардың статусын қалай көтерсе болады?
–Менің анам тіл білімінің маманы. Кешкісін үйге келген соң да түнімен дәптер тексеріп отыратын. Қазір де ұстаздар арасында осы мәселе жалғасын тауып келеді. Бұл дұрыс емес. Ол аздай, қандайда бір іс-шара, сайлау немесе санақ болса да мұғалімдерді жүгіртіп қояды. Мұндай жағдайда мұғалімдер өз құқықтарын қорғай білуі керек деп ойлаймын.
– Кейінгі кезде электронды ойыншықтардан сіздің әндеріңізді естіп қалып жүрміз. Бұл бала шығармашылығын дамытуға қаншалықты қолғабыс болады?
– Қытайдан шығып жатқан электронды бесікке менің бесік жырымды ойнатып қойыпты. Бала ән тыңдай тербеліп жатып, ұйқтап кетеді. Сол сияқты электронды киіз үйге де жиырмаға жуық туындымды енгізіпті. Бұл баланың ойнау арқылы ән айтуға деген құштарлығын оятады деп білемін. Бірақ тыңдаған кезде дыбысы құлаққа жағымды етіп жасаса, нұр үстіне нұр болар еді.
– Қазір той-жиында ересектер әнін айтып жүрген бүлдіршіндерді жиі кезіктіреміз. Осыған қалай қарайсыз?
– Себебі бізде бала өнер көрсететін алаңдар аз. Конкурсқа қатысайын десе, ақылы. Сондықтан делебесі қозған бала жиын-тойда ән шырқайды. Егер ағайын-туысының қуанышында ән айтса, оның әбестігі жоқ деп білем. Ал табыс көзін таптыру мақсатында тойға шығару – ол ата-анасының шешімі.
Бірақ баланың ересектерге арналған әнге салғанына қарсымын. Мысалы, бүлдіршіндерге арналған бір байқауда алты жасар қыз жаңбыр туралы ән айтып шықты. Әннің сөзі махаббаттан жолы болмаған бойжеткеннің жанайқайына құрылған. Жетекшісіне ескерту жасасам, тақырыпқа сай ән таппағанын алға тартты. Менің кішкентай орындушылар арасында жиі айтылып жүрген «Жау-жау жаңбыр» атты әнім осындай жағдайдан соң жазылған.
– Үйірме атаулының ақылы болып кеткені талантты балалардың сағын сындырып жатқан жоқ па, қалай ойлайсыз?
– Әрине баласын ақылы үйірмеге қатыстырғанға жағдайы жететін немесе жетпейтін ата-ана бар. Сондықтан әр мектеп қабырғасында тегін үйірмелер ашылса, игі болар еді. Қазір мүлде жоқ дей алмаймыз, бірақ орын саны шектеулі. Мемлекет осы жағын шешіп берсе, тасада жүрген біраз баланың таланты шыңдалар еді.