17 Ақпан 09:47
...

Бақыт Шадаева Сейфуллин Жолбарыспен НЕГЕ дауласты?

Жолбарыс
Фото: ғаламтордан

Тыңдарман арасында әнші-сазгер Сейфуллин Жолбарыс жайлы айтылатын әңгіме аз емес. Біреулер әлеуметтік желідегі масаң күйін сынаса, ендібіреулер «орыстан әйел алды» деп сөкті. Ал Бақыт Шадаевамен арадағы дау жайлы әңгіме тіптен таусылар емес. Десе де,әркімнің өз шындығы бар. Тілшіміз мәселенің анық-қанығын С.Жолбарыстың өз аузынан естіді.

– Ән өнерінде сән көбейген сайын мән кете түсетін болды. Неге?

– Ән өнерінің мәнін де, сәнін де кетіріп жатқан – ақша. Бәрі тек пайда тапқысы келеді. Бірақ жұрттың бәріне қалайда бала-шағасын асырау керек, сондықтан бұған бола ешкімді сөгуге келмейтін сияқты. Нарықтық экономика өнерге де келді. Енді жағдайдың өзгеруі екіталай.

– Кей әріптестеріңіз мемлекет медианы басқару тізгінін өз қолына алса, жағдай оңалар еді дегенді айтады. Сіз қалай ойлайсыз?

– Мемлекет құзыретіне қарасты республикалық теле-радиолардың да ұсынып жатқаны сол той мен кавер әндердің айналасындағы шығармалар ғой. Әнді қойып, небір жарнамалар да көрсетіледі. Олар да коммерцияны көздейді. Себебі әр мекеме өз күнін өзі көретін уақытқа тап болдық.

Әнші
Фото: ғаламтордан

– Әннің сөзін де, сазын да өздері жазып, өздері орындай беретіндер аз емес. Мұның қазақ ән өнеріне пайдасы не зияны бар ма?

– Құнды туындылар ешқашан құнын жоғалтпайды. Мысалы, қанша ән шығып жатса да Абайдың «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» сынды шығармалары жұтылып кеткен жоқ. Сол секілді есті әндер ешқашан ел жадынан шықпайды. Керісінше, сапасыз әндердің өмірі ұзақ болмайды. Сондықтан ондайдан үрейленудің еш қажеті жоқ.

– Тұшымды туындылардың азайып кеткенін кей әріптестеріңіз ақын-сазгерлерден көреді. Сіздің де қаламақыңыз қымбат па?

– Туындыларымды жастар көп орындап жатқандықтан бұрын жазған әндеріме сұрау салуда. Оған бола ешкімнен ақы алмаймын. Тек автор ретінде аты-жөнімді атаса болғаны. Ал жаңа ән жазып беруімді өтінсе, әлбетте ақысын төлейді. Өйткені бір әннің айналасында жалғыз мен ғана жұмыс істемеймін ғой, әрлеуші, сөзін жазушы деген сияқты бірнеше маман жұмылады. Ал жеке дара жазып жатқан туындылар жайында айтар болсам, кейінгі кезде «Хафиз» сынды аспапты музыкалар жазуға ден қойып жүрмін. Бұдан өзге жуырда екі бейнебаян түсірдім. Ұлым Бейбарыс та әке жолын қуып музыкант болғандықтан, соның шығармашылығымен де айналысып жүрген жайым бар. «Әке – балаға сыншы» демекші, өнерге жаңа қадам басқан соң бағыт-бағдар беріп отырғаным жөн.

Ұлымен
Фото: ғаламтордан

– Сонымен, балаңызға қандай жол сілтеп жатырсыз?

– «Ешқашан бір күндік әндер жазуға ұмтылма» деп құлағына құйып отырамын. Ән қанша жыл өтсе де, әдемі болып естілу керек. Осы жағына мән бер деймін. Қазіргі жастардың талғамы басқа. Сонда да кәсібилікті комерцияның тасасында қалдырмаса екен деп алаңдаймын. Көлікте отырсам да, үйде отырсам да халық әндері мен аспапты музыканы көбірек тыңдатуға тырысамын. Кейбір әндерді өздігінен аспапқа салып орындап жатады. Гитара мен пианино тартып, барабанда еркін ойнайды. Әзірге бастамасы жаман емес.

– Бақыт Шадаева өткенде бір сұхбатында сізді менің орындауымдағы барлық әндерді рұқсатымсыз өзге орындаушыларға таратып берді дегенді айтты. Бұған айтар уәжіңіз бар ма?

– Ол кісі мен жазып берген әндерді авторлық құқығыммен бірге сатып алған жоқ қой. Жасырмаймын, кезінде орындауға ақысын төледі. Бірақ әнді сатып алу – оны түп-тамырымен иемденіп алу деген сөз емес. Құқығы маған тиесілі, ҚазАҚ авторлар қоғамында тіркеуде тұр. Егер оларды саудаға салып сатып жатсам, онда өкпелеуі орынды болар еді. Мен олай істеген жоқпын. Жиырма жыл бойы бір әнімді орындамай, бәрін көміп тастады. Енді сұрап жатқан соң «өлтірмеу» мақсатында жастарға бердім.

Кейбір әндерімнің ел ішіне тарап кеткені сонша, менен сұрамай айтып жүргендер көп. Мысалы, Құрмаш Махановтың орындауындағы «Жан сырым» әнін көптеген таланттар шырқап жүр. Біз оларға «мынаны неге айтасың?» деп жармассақ, орынсыз болмай ма? Әйтеуір жүрген жердерінде Құрмаш Маханов орындап шыққан, Сейфуллин Жолбарыстың әні деп атымызды атап қойса, соған дән риза боламыз.

Сол сияқты «Хафиз» күйін де Жәния Әубәкірованың кешінде Ринат Гайсиннің өңдеуімен симфониялық және халық оркестрі бірлесе орындап шықты. Бірақ туындыны алғаш сахнаға алып шыққан Асылбек Еңсепов олардың жағасына жармасқан жоқ. Сондықтан Бақыт кезінде өзі салған әндерді қазіргі жастар қайталай айтып жатса, өкпеге салмай, керісінше, қуануы керек. Дегенмен, Бақыттың орындауы ерекше. Ол жағынан еш күмәні болмасын. Дауысы да, тембрі де, кәсібилігі де тамаша!

әнші
Фото: ғаламтордан

– Ал үйіме кіріп алып, ақшасын бермеді деген дауға не дейсіз? Қарызыңызды қайтардыңыз ба? 

– Алдап-арбап үйіне кіріп алған ештеңем жоқ. Оның бәрі бос сөз. Анығын айтқанда, хайп. Дегенмен, ол кісіден үй екі бөлмелі үй алғаным рас. Бұл негізі сонау 1999 жылдары болған жағдай. Соның ақысы есебінде қаншама әндер жазып беріп, олардың аранжировкасы мен өңдеу жұмыстарын жасадым. Себебі басында солай келіскен болатынбыз. Әйтпесе нотариуске қолынан байлап апарып, басына тапанша тақап «қол қой» демедім. Нәтижесінде бір альбом жарыққа шығардық. Орындауындағы өзге композиторлардың да әндерін өңдеп бердім. Көптеген конкурстарға да қатысты, онда орындалатын әндерінің де аранжировкасын жасап бердім. Ол кезде екі бөлмелі үй тоғыз мың долларға бағаланатын. Ал мен он сегіз мың доллардың жұмысын атқардым деп ойлаймын.

– Сіздің масаң күйіңізді желіден көрген жұрттың біраз сынға алғаны бар. Мұны кім түсіріп жүр?

– Мұны түсірген адамдардың қандай пиғылда болғанын зерделемедім. Сүріндіргісі келген адамдардың тірлігі деп білем. Сондықтан жабулы қазанды жабулы күйде қалдырдым. Қалай деген күнде бұл менің жеке өмірім. Кейбіреулер «халықтан кешірім сұрайсыз ба?» дегенді айтты. Егер мен ішіп алып сахнада біреуді қуалап жүрсем, онда әңгіме бір басқа. Біреулер тіпті жақын жолдасыма шығып, «досың солай жүр» деп бетіне басса керек. Ол да «Сен өзің періште ме едің?» депті.

Дегенмен, «ұят болды» деп өкінгенім рас. Бірақ ойлап қарасам, дарға асылып өлетін жағдай емес қой. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ». Әйтпесе, ойлап қарасаңыз, қай жерде кім ұрыспай жатыр?

Келіншегіңіз Екатерина қазақша таза сөйлейді екен. Сізге деген махаббатының белгісі ретінде мұсылмандықты да қабылдағанын естідік.

– Әрине, мұсылманша некемізді қиып, бас қостық. Басына орамал салып, жеті шелпек пісіріп, өмірден өткен ата-бабаларымызға құран бағыштау деген сынды жоралғының бәрін жасайды. Тіпті әкесі орыс болса да қайтыс болған күнінде дастархан жайып, құран оқытады.

Сейфуллин
Фото: ғаламтордан

– Жарыңыз алғашқы некедегі қызыңызбен араласпайтын көрінеді. Өзара тіл табыстыру ойыңызда бар ма?

– Ол рас. Бірақ мен «араласыңдар» деп қинамаймын. Себебі үлкен қызымды да түсінемін. Қыз бала шешеге жақын болады ғой. Әркімнің өз тағдыры бар. Бұйырса, болашақта ол да тұрмысқа шығып, ана болады. Сол кезде түсіністік танытып, екеуара тіл табысып кетіп жатса, қуанамын.

Алғашқы жарыңызға көмектесіп тұрасыз ба?

– Әлбетте. Құдайға шүкір, қызымды Малайзияда оқыттым. Қазір кішігірім бизнесін бастады. Ұлым қасымда, бізбен бірге тұрады. Аналарына бір үй, дөңгеленген кәсіп қалдырдым. Бұйырса, ұлды ұяға, қызды қияға қондырсақ дейміз. Басында өкпе-реніштің болғанын жасырмаймын. Қазір оның бәрі өтті-кетті. Пенде баласы болған соң тағдырдан аттап кете алмайды екенбіз.

– Жұбайыңызды көргендер Сейфуллин жас қызды қалай қаратып алған деп таңданып жатады...

– Көлік, пәтер сынды қомақты сыйлықпен жүрегін жаулауға тырысатын бай емеспін. Сезім ғой. Оның үстіне таныстырған бойда әкеме бірден ұнады. Содан соң соңынан қалмай қойдым.