23 Наурыз 11:42
...

Бақыт Беделхан, ақын: «Билік – Абылай болса, Бұқар жырау – Жазушылар одағы болуы тиіс»

Ақын
Фото: ғаламтордан

Қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар ақын Бақыт Беделханның өлеңді өтірік жазуға жаны қас. Ол бір пікірінде «Өтірік өлеңде ғана емес, өмірімізде де өріп жүр» деп жалғандықтан жиренеді. Содан болар, қасаң дүниеден шаршап, шынайылықты шырақ шаммен іздеген оқырман ақынның рухы асқақ, өрлі жырларын қайта оқуға құштар.

NEGE тілшісі шындықты биік шың қылған ақын, драматург Бақыт Беделханмен сұхбаттасқан еді. 

  – Бақыт аға, үнемі «НЕГЕ?» деген сұраққа жауап іздеп, «Орысша ойлаймыз, арабша құдайға құлшылық етеміз, латынша дыбыс таңбалаймыз, сарт-сауанның тамағын жеп... Сосын, жатып алып, қазақша қайғырамыз. Неге?!» деген ой-толғамыңыз еске түсіп отыр. Соңғы кезде тағы қандай «Негелер» мазалап жүр?

  – Жалпы, «Неге?» деген дүние арнайы шығармашылық жанрым сияқты қалыптасқан, саналы түрде жасалған дүние емес. Өзімнің рухани қажеттілігім үшін ғана. Мысалы, күнделік ретінде жазып, іштей шер тарқату, өзіме өзім қоятын сұрақтарға жауап іздеу, қоғамда болып жатқан жайттарды қопарып әкеп, кеудеңде қорыту. Қай қоғамда болсын, адам өзіне сұрақ қою арқылы ғана дұрыс бағыт-бағдарға, белеске көтеріледі деп ойлаймын. Олай болмаса, кәдімгі ойсыз-мұңсыз адам санатындасың.

Өмірдің бар философиясы, аксиомасы – сұрақ. Шекспирдің, Достоевскийдің, Некрасовтың да сұрағы сол. «Неге?», «Не істеу керек?» деген сұрақ қоғамның қордаланған, қайшылыққа толы дүниесін қалыпқа салады. Біз 30 жылда сұрақ қоюдан қорқатын, «Неге?» деп айта алмайтын қоғамға қызмет етіп келдік.

 Бірдеңе десең, сені жау санайды. Билікке қарсы, қоғамға қарама-қайшы адамсың. Осылайша, біз өз-өзімізді құртып, тұқырттық. Жегідей жейтін жағдайға жетіп, құлдырадық. Сондықтан есі дұрыс адам ақтық сапарында да «Неге?» деген сауалды қойып кететін шығар.

Сіз бен біз өмір сүріп отырған қоғамда «Мұны естіген құлағым керең болсашы. Мұны көрген көзім көрсоқыр болсашы» дейтіндей сұмдық жайттар, азғындық әрекеттер болып жатыр. Ақын әрі осы қоғамның саналы мүшесі ретінде сіздің жаныңызға бататын нәрсе не?

  – Қарныңды аштырғаны да, қадіріңді қаштырғаны да ештеңе емес. Жүрегіңді ауыртып, жүйкеңді жұқартады. Тағы да екпін түсіріп айтамын, мұның бәрі 30 жылда «НЕГЕ?» деген сұрақтың көп қойылмағанының кесірі. Нәтижесі мынау. «Мынау адам сенгісіз», «бұлай болуы мүмкін емес» десек те, қатыгездік, зұлымдық белең алып кетті.

Бақыт Беделхан
undefined

  Бізді бұл күйге не алып келді?

  – Бұған әкелген бір-ақ нәрсе бар, ол – жүйе. Біз тәуелсіздік алған жылдары тасып тұрған рух пен жігер арқылы ұлттық ұстынымызды жасап қалуымыз керек еді. Сол кезде жер иесі – қазақ екенін сезініп, басқа ұлттар соның айналасына топтасып, ұйыса бастаған, тіпті өзге ұлттар баласын қазақ мектебіне беріп жатқандай болып еді. Алаш қайраткерлерін мектеп бағдарламасына енгізіп, олардың рухын жалғастыруды қолға алып келе жатыр едік. Осы үрдіс 4-5 жыл ғана жүзеге асып келді де, сосын пышақ кесті тоқтады. Одан кейінгі мектеп бағдарламасында Әлихан, Ахмет, Міржақыптардың туған және өлген жылы, бірлі-екілі шығармасы ғана қалды.

Осы керек пе? Бізге керегі – олардың арманы, мақсат-мұраты еді ғой. Сол жолда қандай қиындық кешті? Саналы түрде бастарын кім үшін тікті және неге құрбандыққа шалды? Ұрпаққа осыны түсіндіру керек еді. Бірақ бәрін сыпырып-сиырып, Абайдың табиғатқа арнаған өлеңдерін, Ахметтің «Қырық мысалын», Мағжанның лирикалық өлеңдерін ғана қалдырған. Бұл өз тамырымызға өзіміз балта шабумен тең. Айналып келгенде, осының кесір-кесапаты, себебі мен салдары, түп-тамырының шіріген тұсы 30 жылдың сұрауында жатыр.

 Білім саласында 30 жылда 17 министр басқару деген қай мемлекеттің тарихында бар? Тіпті, бастауышта, жоғары сыныпта, жоғары оқу орнында нені оқыту керектігін түсінбейтіндер министр боп отырды. Бұл салаға үш қайнаса, сорпасы қосылмаса да өзінше «реформа» жасағыш. Осылайша, екі-үш буынның миын улау кімге керек болды? Кейінгі ұрпақ ар-намысты жыйып қой да, мал тап дейтіндер қатарынан табылып келеді. Тамырынан ауырған ағашты бұтағынан емдеуге болмайды. Ал 30 жылда шіріген бұтақ сынса да, заман, толқын ауысқан сайын қайта өніп шығады. Ең бастысы, тамырды сақтап қалуымыз керек. Оның түбіне қан жүгіртіп, «тағдырым, тарихым, болашағым» деп қарау қажет. Тамыр – балабақша тәрбиеленушілері, мектеп оқушылары. Осының әрқайсысын тарқатып, тәпсірлеп, қара сөзбен қағазға түсіруге жүйкем шыдамайды. Қиналсам да, бірақ өлеңге сыйдырамын. Поэзияның өз талабы бар. Оны аласартпау керек. Поэзия – сөз патшасы. Патшаны құл қып жұмсасаң күнәға батасың. Ондай «халтурщиктер» толып жатыр. Сондықтан қоғамның қоясын ақтарып, плакатты өлең жазып, поэзияны былғағым келмейді. Мүмкіндігінше, адам жан сезімімен ұғып, тебіреніп, содан селт еткізер рух алуы керек.

  Ұлттық рухты жанығаннан бөлек, кейде ұлттық мәселеге де бір кісідей үн қосатыныңыз бар. Жазиралы кең дала қойнауында талай шежіренің ізі жатқан Ұйғыр ауданы атауын «Қарадала» деп атасақ деп, ән де жаздыңыз. Осы бір күттірген шешім талайдың арманы боп қала бермек пе?

 – Бұл соншалықты қиын мәселе де емес. Президенттің қолында тұр. Ауылға барғанда қазақ пен ұйғырдың арасында да әңгіме айтқанмын. Ұйғыр мен қазақ «төбелесіп» өстік, бірақ оны «ұлтаралық мәселе» деген жоқпыз. Сол ұйғыр достарым ертең тойымда күтіп алады. Оған ши жүгіртіп, от жағып, қолтығына су бүркитін сыртқы күштер, пиғылы дұрыс емес пәруәрдігерлер көп. Алматыда бар Розыбақиев деген көше Шонжыда да бар. Сол қазір Мұқағали Мақатаев, ал орталық көше Абай деп аталса, аудандық орталық кітапхана әл-Фараби атындағы деп өзгерді. Мұның бәрі соңғы екі-үш жылда болған шаруа. Арғы жағында Шалкөде асуына Асанбай Асқаровқа арнап белгі қойды. Қоғам қайраткері Заманбек Батталхановқа ескерткіш тұрғызылды. Жетісу өңіріндегі алып ескерткіштің тұғырына Әлмерек бабамыз қонжиып отырды. Бұл – үлкен айбар, үлкен рух. Мәскеуде танысып дос болған қазақтың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаев пен ұйғырдың ақыны Илья Бахтия екеуінің бюсті композиция боп Шонжыдағы ту тұғырдың жанына қойылмақшы. Мұның бәрі ұлт пен ұлысты ұйыстыратын ұлы жобалар.

Қарадала
ғаламтордан

Ұйғыр ауданының атауын дер кезінде белден басып, шешіп тастайтын шаруа еді. Мысалы, 1991 жылдары бәрін бірден ауыстырып тастаса ешкім ештеңе демесі анық-тын.

Ең бастысы, қазақ даласында тарихи атауларға мән беріп, қайта жаңғырту, қалыптастыру деген мәселе президенттің аузымен айтылды. Осының аясында талай дүниені орнына қоюға болады. Бергі жағы – Бұғыты, мына жағы Үйсінтау, төменгі жағы – Іле, арғы жағы – Құлжа, Өртекешке дейінгі аймақ Қарадала деп аталады. Тарихи жеңістердің кілті болған жер – Қарадала. Ұйғыр ауданы – Қарадала боп өзгерсе, арғы жақтағы ұйғырларға да, бергі жақтағы қазақтарға да мақтаныш. Себебі, географиялық, тарихи атауы сол.

 Сосын қалмақ батырының басын алған жерді неге басы қалған Шонжының атымен емес, басын алған Әлмеректің атымен атамасқа? Біз басын алған емес, басы қалған адамның атымен аталғанына мәз боп жүрміз. Сондықтан саяси атаудан тарихи атауды қайтарып алудың еш сөкеттігі жоқ. Осының бәрі қазір қыжылдап айтатын нәрсе емес, дегенмен есең кетті ме, ашуға емес, ақылға салатын заман. Сол өңірдің тумасы, сыншы Сағат Әшімбаев айтқандай «Азаматтық позиция – айқындаушы күш». Ұлт, азамат ретінде сол позициядан айнымау керек.

«Халықтың ығына жығылып, театрды шоуға айналдырғымыз келеді»

  – «9 грамм» поэтикалық драмаңыз Ғ.Мүсірепов атындағы театрда сахналанғанда аяғынан тік тұрып тамашалаған көрерменнің сондай дүниеге сусап қалғанын байқап едік. Одан кейін басқа театрдан ұсыныс түспеді ме?

 – Бұл қойылым Мүсірепов театрында сахналанбауы да мүмкін еді. Жолы болып кетті. Алматы облысы Қарасай ауданының «Қарасай жастары» шағын театры қойды. Ол менің жеке театрым емес. Бірақ оның қауқарын күшейтіп, қанатын қалықтатып, халықтың алдына шығарған – мен. «Алаштың Алтынбегі» деп бастап, кейін «9 грамм» деп атадық. Бірақ аннотациясында «Әлиханнан Алтынбекке дейінгі Алаш арыстарының рухына бағыштаймын» деп алып шықтым. Онда ешқандай кейіпкер жоқ. Кейіпкерді әркім өзі қалай көреді, солай қабылдайды. Бірақ бәрі айқын тұр ғой. Егер цензура, идеология саласы мамандары қорқып кетсе «Кімнің аты-жөні бар, тауып алыңыздар» дер едік. Әрине, өңірдегі басқа театрлардың жас режиссерлері, актерлері қойылымды сұрайды, жіберсең екінші рет қоймайды. Себебі, облыстық театрдың бәрі министрлікке қарайды. Материалды алады, көркемдік кеңеске салады, артынан министрлікке жібереді. Сөйтіп, репертуарлық саясаттан өтпей қалады.

Алтынбек Сәрсенбаев
А.Сәрсенбайұлы мен З.Қалабайұлы.

  Соңғы кезде театрда екі сағатқа созылатын қойылымдар бірсарын болып кеткен сияқты. Көбінесе шетелдің дайын шығармасын аударып, сахналау сәнге айналды. Егер драматург ретінде сізге ұсыныс түссе, жұп-жұмыр дүние жазып беруге келісер ме едіңіз?

  – Өзім жас театр ордасына кеңесші боп келген жайым бар. Қазіргі заманда ең оңай нәрсе – ақыл айту, кеңес беру. Ең қиыны сол ой-идеяңды жүзеге асыра білу. Біраз жоба-жоспар бар. «Алатау» дәстүрлі өнер театры – Орталық Азия түркі халықтарының ішіндегі бірден-бір театр. Мұнда труппа керемет, оркестр, ансамбль, дәстүрлі әнші, биші, күйші, бәрі бар. Осындай потенциалмен кез келген режиссер ойындағы дүниесін қоя алады. Ансамбль боп бір қойылым неге қоймасқа? Сондай форматтағы театрды қалыптастыру кезеңі жүріп жатыр. Әуезов пен Мүсірепов театрында мұндай мүмкіндік жоқ.

Алаштың Алтынбегі
Nege

1926 жылы алғаш театрдың негізін қалаған Ж.Шанин актер іздеген кезде біз пір тұтқан корифейлерді қайдан тапты? Қоянды, Қарқара жәрмеңкесінде ән айтып, жұртты күлдіріп жүрген дала театрынан тапты. Солар кейін кәсіби театрдың атасына айналды. Өйткені, олар кәсіби актерлік мамандықты оқығандар сияқты қатып қалған қағидаға бағынбады. Дала театрының өкілдері халықпен тікелей байланыста жұмыс істеді, сахнаны еркін сезінеді. Кәнігі сегіз қырлы, бес аспап болды. Осы ұлттық колоритті әдемі алып келе жатыр едік, орыс режиссерлері кеп, бәрін құртты. Сөйтіп, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық колорит жоғалып, орыстың, Еуропаның калькасына айналдық. Бізде талғам жоқ. Аударған шығармаң ұлттық идеологияға қызмет ете ме? Қазақтың ұлттық сана-сезіміне, жандүниесіне, менталитетіне әсер ете алатындай өзекті ме? Ал оны шала қазақ драматургтер аударып, режиссерлер қойған соң өзіміз де, өзге де түсінбейді. Оны екі сағатқа созып, түкке қажеті жоқ сюжетті ұсыну – халықты қинау, азапқа салу, жүйкесін жұқарту.

  Бірақ қазір театрға барайын десең, билет таппайсың. Оған да бөрікті аспанға атып қуанатынымызды қалай жасырамыз?

– Бұл театрлардың репертуары керемет боп кеткеніне дәлел емес. Бар болғаны халық рухани дүниеге шөліркеп қалды. Шоудан, сайқымазақ әзілден, өтіріктен шаршады. Бірсарынды, өз жанынан сөз қоспайтын, ең болмаса ақынның бір шумақ өлеңін тұздық етпейтін әншілердің концертінен жалықты. Шіркін, осындайда саналы көрерменге лайықты дүниелер қойылса деп ойлаймын.

100 жылдық тарихы, кәсіби майталман режиссерлері бар Әуезов театры заманға лайық, қоғамға қажет, халықтың сұранысына жауап беретін жақсы қойылымдарды неге жандандырмайды? Мүсірепов театры неге заман көшіне ілеспейді? Неге эксперимент жасауға, фестивальге арналған спектакль қоюға құмар? Тіпті, кейде «халықтың сұранысы осы» деп сол деңгейдегі қойылымдарды сахналайды.

 Ал театр халықтың рухани деңгейін, интеллектуалын көтеретін, эстетикалық талғамын арттыратын өнер ордасы емес пе? Халықтың ығына жығылып, театрды шоуға айналдырғымыз келеді. Егер академиялық, дәстүрлі театрлар ұлттық идеологиядан айрылмай, ұлттық реңкті бұзбай, модернизацияланып, заманауи форматта қызмет ете берсе, рухани қарны ашқан халық айналадағы у-шу, даңғаза, дақпырт шоудан қашып, театрға келе бастайды.

Қойылым
ғаламтордан

 – Шынында, әлем таңдай қаққан салт-дәстүріміз, Еуропа есі шыққан әдемі ән-күйіміз, өзімізге ғана тән ұлттық мінез-болмысымыз бола тұра неге біреудің қаңсығына таңсықпыз?

  – Өйткені, театр, кино саласындағы мамандар өз тарихын білмейтін, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптан құнарланбаған, тамырынан өнбеген, ата-бабасынан келе жатқан дәстүр сабақтастығын бойына сіңіре алмағандар өзгенікіне қол созып, өзеуреп тұрады. Қазір қазақ ұлт ретінде ұйысудың орнына, қожырап барады. Онымен күресетін бір-ақ нәрсе – ұлттық иделогия керек.

1926 жылы Мағжан «Табалдырық» деген манифесінде «Ұлт болып қалыптасу үшін не істемек керек?» деген сұрақ қойып, «Алашорда жеңілдік, еңсемізді түсірмейік, біз 15 одақ болып отырған Кеңес үкіметіне отарландық. Енді сол отар болып жүрген кезде, өз қасиетімізден, ұлттық ұстанымымыздан, бағытымыздан, дәстүр-салтымыздан айырылып қалмас үшін не істемек керек?», – деп жазды.

Сол заманда орыстың отарына айналмау туралы айтылса, қазір «Жаһандануға жұтылып кетпес үшін не істеу керек?» деген сауал маңызды. Екеуі де өзекті. Ол үшін бүкіл тарихыңды, шежіреңді, ұлттық болмысыңды, философияңды, қадір-қасиетіңді өнеге, өсиетке айналдырып, қағида етіп ұстану керек. Сол Мағжан тәпсірлеп, кестелеп жазған дүниені қайта жағыртып, іске асыру 1991 жылдан басталуы керек еді. Бізді құртқан – менменшілдік пен көкіректік. Әуелгіде президент ақылдасқан болды да, кейін тізгінді қолға алған соң «біз» дегенді ұмытты.

Ол істеді, бірақ кінәлі біз. Сол заманның кесір-кесапатын көрген балаң «Әке, сол кезде неге істемедіңдер? Неге?» деген сұрақты қойса, жауап бере алмай қаламыз. Бір адамның менмендік тәкаппарлығының кесірінен «біз» деген обал-сауапты арқалап келе жатырмыз. Бұл түбі айтылатын шындық. «Адамның жақсылығын айт, жамандығын жанына сүйеп қой» деген бар. Ең құрымағанда, соны да айта алмадық. Жамандығын жанына сүйеп қойған адамдардың өзін қудалап, түрмеге қамап, атып, сатып құртты. Ұлтын, елін ойлайтындарды емес, қара басының қамын күйттейтіндерді билікке алып келді. Бір адамның ғана тапсырмасын орындап, халықтың төбесінде отыру деген өте қауіпті. Ал біз пышақтың жүзінде отырсақ та, жұтылып кетпей, аман шыққан қандай шыдамды халық едік.

«Ақын келе жатыр» десе, әкімнен бастап бәрі қашып кетеді»

  Жұрт сіз шет-жағасын айтқан қоғамдық-саяси түйткілдерге қатысты зиялы қауымның үн қатқанын күтіп, тұшымды пікір естігісі келетіні жасырын емес. Жазушылар одағында басшылықтың айналасында 15 жылдан астам еңбек еткен қаламгер ретінде айтыңызшы, сондай аузы дуалы зиялы қалды ма?

 – Билік – Абылай болса, соның кем-кетігін айтып, бағыт-бағдарын айқындап, кейбір қателігін бетіне басып отыратын Бұқар жырау – Жазушылар одағы болуы тиіс. Кезінде қаламгерлер Бұқар жыраудың миссиясын мазмұны жағынан атқармағанмен, формасы жағынан ұқсас еді. Керек жерде айтып тастап, алшаң басып жүрді. Кеңес үкіметі ақын-жазушыға пәрмен беріп, пайдаланды. Сол арқылы идеологиясын жүргізді. Қазір ауылда «Әкім келе жатыр!» десең тік тұрады да, «Ақын келе жатыр» десе, әкімнен бастап бәрі қашып кетеді. Ал бұрын орташа деңгейдегі ақын облыс орталығына барса, өңір әкімі, тіпті болмаса, идеология істері жөніндегі екінші хатшы немесе Мәдениет басқармасының басшысы қарсы алатын.

Бақыт Беделхан
ғаламтордан

Әйтеуір өзіңді танитын шағын ортаң бар. Бірақ «Жазушылар одағының мүшесі келе жатыр» дегенде қоғам болып қоғадай жапырылып, мемлекеттік деңгейде мәртебеңді көтере қоймайды. Халыққа қызық емес. Егер билік таразыға салғанда руханиятты тең ұстаса, көп нәрсе жөнге келеді. Қай қоғамда да шығармашыл, рухани тұлғаларды мемлекет үшін пайдаланса, біз тәуелсіздіктің 30 жылында беделін түсіріп алдық. Сондықтан парламентте қос палатаға тандем ретінде, Жазушылар одағын үшінші палата деңгейіне көтеру керек еді.

Көзбен көріп, көңілге түйгенді еріксіз айтасың. Қазір қоғамда, әдебиет пен мәдениетте ауыздың амалы кетіп, самалы қалды. Кешегі дуалы ауыздың бәрі кетіп жатыр. Қалам ұстап, ұлт руханиятының туын көтеруге қызмет етемін дейтін тұлғалардың аузынан дуасы кетіп бара жатқанын да байқадым. Сөз құдыреті, сөз патшасы тағынан тайып барады. Бетіне айтсаң табалағандай, сыртынан айтсаң, жамандағандай боласың. «Онсыз да кәрі қойдың жасындай жасым қалғанда бізге қатты айтпа» деп шығады.

Біз де ердің жасы елуге келдік. Осы жасқа келгенше корифейлердің алдынан өтіп, батасын алып, еркелеп жүріппін. Сол еркеліктен бе, ешкімге бағынған жоқпын және сөзімнен тайқып, жасқаншақтап, жалпылдап көрген адам емеспін. Барды – бар, жоқты – жоқ деймін. Жазушылар одағында жүргенде айтқызбайтын, кей жерде аттатпайтын кездер болды. Бірақ ортақ мүддеге келгенде аянып қалған жоқпын. Сосын атақ-мәнсапқа жалмаңдап, марапатқа жәутеңдеп көрмеппін. Сыңғырлаған темір-терсектің бәрі өлгенде сыпырылып түсіп қалады. Жанкештілігім – шығармашылықпен айналысу, рухани ортаға қызмет ету, әдебиет пен өнерге қолдан келгенше үлес қосу. Оған қабілет-қарымым, ішкі пәтігім жетеді. Ал соның бәріне үлгеріп, «Бақыт Беделхан» деген атымды қалдырып кетсем, ең үлкен атақ-дәреже сол.

Сіздің асабалық та өнеріңіз бар екенін білеміз. Қазір той-томалаққа шықпай кеттіңіз, неге?

 – 10 жылдай болды. Бұрын қылшылдап тұрған кезде бір тойды басқарып, екінші күні құдалығын күтіп, үшінші күні шығармашылықпен айналысып жүре беретінмін. Қазір бір тойға барсам, бір апта мең-зең боп жүресің. Бәрібір жастық энергия басқа ғой. Тіпті, шағын әдеби кештерді ұйымдастырып, жақсы өтуін уайымдап, бір жарым сағат жүргізгенге шаршап қаламын. Сөйте келе той емес, өлім-жітімнің асабасы боп кетеді екенсің. Жазушылар одағында талай жазушының асын жүргізіп, ақтық сапарға шығарып салдық. Сондайда бір жазушының «Бақыт Беделхан бабында тұрған кезде өліп алу керек еді» деп айтқаны аңыз боп кетті.