Бағлан Ермаханов, ғалым: Салауатты өмір салты шкаласы әлемнің 26 елінде қолданылады
Дене тәрбиесі немесе дене шынықтыру пәні ғылымға жата ма? Қазақстанда дене шынықтыру, спорт мамандығы бойынша оқытатын оқу орындарында жалпылама дене шынықтыру, спорт мұғалімін ғана даярлайды. Шын мәнінде, мұның ғылым екенін жас ғалым Ермаханов Бағлан Өмірзақұлы дәлелдеп келеді.
NEGE тілшісі ғалымды әңгімеге тартып, дене тәрбиесі саласындағы біздің қоғамға таңсық дүниелерді талқыға салды.
– Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегімін. Бастапқы әскери дайындық мамандығы бойынша бакалаврды 2007-2011 жылы үздік дипломмен тәмамдадым. Одан кейін дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша 2013-2015 жылдары магистрлік дәрежесін алдым. Сол уақыттарда Қ.Ясауи атындағы кәсіби колледжінде Жастар комитетінің төрағасы болып жұмыс істедім. Дәл сол қызметті 2013-2015 жылдар аралығында Қазақ-түрік университетінде де жалғастырдым. Онымен қоса Құқықтану мамандығын қашықтан оқыдым. 2015-2021 жылдар аралығында Түркияның Анкара қаласындағы Гази университетінде дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша докторантура оқыдым. Яғни, Қ.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік унивесритетінде алған білімімді Гази университетінде жетілдіріп келдім.
Бүгінгі таңда PhD докторымын және қауымдастырылған профессор міндетін атқарушымын. Қазір Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде Дене мәдениеті кафедрасында еңбек етемін.
– Дене шынықтыру, дене мәдениеті мамандығын таңдап, оны ғылыми түрде терең зерттеуге деген ұмтылысыңыз таңдандырып отыр. Жалпы, бұл салада қандай жаңалық ашуға болады екен?
– Бұл саланың ерекшелігі туралы білгіңіз келіп тұр ма? Қазақстанда дене шынықтыру, спорт мамандығы бойынша оқытатын оқу орындарында жалпылама дене шынықтыру, спорт мұғалімін ғана даярлайды. Ал Түркияда балондық білім беру жүйесіне сәйкес, 4 бағыт бойынша – дене шынықтыру мұғалімі, спорттық сауықтырушы, жаттықтырушы, спорт менеджменті мамандарын дайындайды. Әр бағыттың бакалавры, магистратурасы, докторантурасы бар. Өзім ол жақта оқып, диссертациямды қорғадым.
Тақырыбы – Қазақстан мен Түркиядағы жоғары оқу орны студенттерінің салауатты өмір салты деңгейі мен бұқаралық спорттан хабардарлық арасындағы байланысты зерттедім. Яғни, Түркиядағы жоғары оқу орны студенттерінің салауатты өмір салтын ұстану және бұқаралық спорттың даму деңгейін зерттедім. Біздің елімізде де президенттен бастап қоғам да бұқаралық спортты жандандырып, 2030 жылға дейін айналысатындар санын 30 пайызға жеткізу туралы айтып жатыр ғой.
Осы бұқаралық спорттың ол жақтағы және Қазақстандағы деңгейін салыстырдым. Оған қосымша диссертация аясында Германия, Франция, Ұлыбритания, Африка, Балтық жағалауы және посткеңестік елдердегі арасындағы айырмашылықты зерттедім. Дүниежүзілік бұқаралық спорт федерациясының қызметіне де шолу жасадым. Мұнда әлемнің 170 мемлекетінен 300-ге жуық федерациясы арнайы мүше. Оның картасы да бар. Әлемдік картаны төрт түске бояған. Егер қайсыбір мемлекеттің тұсында көк түс қанық болса, бұл елде бұқаралық спорт жақсы дамыған деген сөз. Ал ашық көк болса, сол жерде жоғарыдан төменгі деңгейде, сұрт түс – орта деңгейде, ақ түспен боялса, бұл мемлекеттегі халықтың бұқаралық спортпен айналысуы төмен деңгейде екенін білдіреді.
– Қазақстан қай деңгейде екен?
– Бұл картада дүниежүзіндегі елдерді төрт деңгейге бөліп қарастырған. Әрине, Қазақстанды АҚШ, Еуропа, Жапония, Корея сияқты дамыған елдермен салыстыруға келмейді. Бұл елдерде қанық көк тұрса, Қазақстан тұсында ашық көк тұр. Біздің деңгейдегі мемлекеттер арасында Ресейден кейін тұрсақ, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекетінің алдында тұрмыз. Сол сияқты Түркия бізден жоғары, Әзірбайжанмен қатарлас тұрмыз. Яғни, әлемдік деңгейде алатын болсақ, статистика бойынша екінші және үшінші бағытта дамып келеді. Бұл статистика қаншалықты рас екенін білмеймін.
Сондай-ақ тақырып аясында «Бұқаралық спортпен шұғылданудың Еуропа мен Түркиядағы айырмашылығы қандай?» деген мәселеге көңіл бөлдім. Яғни, 3 жастағы бала мен 93 жас аралығында тұрғындардың бәрі бұқаралық спортпен айналысады. Мәселен, «3 жастағы бала бұқаралық спортпен қалай шұғылдануы керек?» десек, «3 жастағы бала неге қабілетті?» деген сауалдан бастайды.
Олар бұқаралық спортты ұғым ретінде қабылдап, федерация тарапынан арнайы бояуы қанық әдемі журналдар таратады. Баланың санасында спорт деген ұғым мен түсінік пайда болып, қалыптасады. Әрі қарай жас деңгейіне қарай алаңқайдағы спорт шаралар мен марафондарға қатысады. Қазақстанда да спорт федерациясы көп. Ұлттық спорт, баскетбол, волейбол, теннис, бокс тағысын тағы. Бірақ өкінішке қарай, бізде арнайы бұқаралық спорт федерациясы жоқ. Ал шетелдің кез келген мемлекетінде бар. Бұл жалпы халықтың бұқаралық спорт түрімен шұғылдануын зерттейді. Бізде көбінесе жоғары оқу орындарында немесе әкімдіктермен бірлесе отырып санаулы ортақ іс-шаралар, Наурыз мейрамын тойлау, марафондар өткізумен шектеледі. Ал өзім көрген Түркияда халық бұқаралық спортпен айналысуды күнделікті дағдыға айналдырған.
– Зерттеу жұмысыңыздағы басты ғылыми жаңалық не?
– Қазақстандағы жеткіншектердің салауатты өмір сүру салтын ұстану деңгейі Түркия мемлекетімен салыстырғанда төмен болды. Бұл жерде өзімізге қандай жаңалық әкелеміз дейтін болсақ, Түркия ғалымдары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аясында салауатты өмір салты деген шкала ойлап тапқан. Бұл шкала әлемнің 26 елінде қолданылады. Мәселен, Францияда, Германияда, Қытайда, Түркияда да енгізген. Ал Қазақстанда бұл шкала жоқ, ешкім қолданбайды. Соны мен диссертация аясында алғаш Қазақстанға интеграциялау бойынша авторлық куәлік алуға ниеттеніп диссертация қорғадым. Содан кейін шкаланың қазақ тіліндегі үлгісі туралы әлемдік деңгейдегі Scopus журналында арнайы мақалам жарық көрді. Оны қоғамға енгізу, интеграциялау және авторлық куәлік алу ретінде пайымымды білдірдім.
Сондай-ақ, Қазақстан бойынша «Дене тәрбиесінің теориясы мен әдістемесі» атты республикалық студенттердің олимпиадасы бар. Соған студенттермен бірлесе отырып, өзім жетекші болып осыны жоба ретінде ұсындық. Мұнда да шкаланың өзектілігін дәлелдеп жатырмыз. Оған тағы да қосымша диссертация аясында Scopus базасындағы Q2 журналында мақалам жарық көрді.
2021 жылдың тамыз айында Түркиядағы оқуымды бітіріп келгеннен кейін, 2023 жылы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ғылым комитетінің 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған байқауына қатыстым. Жобада 8 адам жұмыс істедік. Жетекшісі өзім болдым. Бұған дейін Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде дене шынықтыру және спорт саласы бойынша министрліктің грантын алғаш рет ұтып алған біз болдық. Жоба атауы – «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шкаласы ((WHOQOL-BREF) KАZ) көрсеткіштерін талдау негізінде жоғары оқу орны білімгерлерінің салауатты өмір салтын қалыптастыру». Бұл жерде Түркияда алған білімімді жинақтап, одан кейін диссертация тақырыбым арқылы монография шығарып қана қойғаным жоқ. Мұны арнайы жоба ретінде ұсынып сол тақырып аясында гранттық жобамен жұмыс істеуге кірісіп кеттік.
Жобаның жалпы сомасы (жобаның бүкіл іске асырылу мерзіміне және жылдар бойынша, мың теңгеде) 64587028,34 мың теңге, 2023 жылға – 16141148, 02 мың теңге, 2024 жылға – 25181204,56 мың теңге, 2025 жылға – 23264675,76 мың теңге. Қазір жобамен жұмыс істегенімізге екінші жыл болды. Осы тақырып төңірегіндегі халықаралық семинар, екі біліктілік арттыру курсына қатыстым. Оны Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, Халықаралық туризм және меймандостық университеті, Қазақ спорт және туризм академиясының оқытушылары қатыстырыла отырып ұйымдастырылды. Яғни, «Салауатты өмір салтын студенттер арасында қалай қалыптастыру қажет?», «Оны қалай жетілдіріп, оқу процесінде қалай қолдануға болады?» деген сауалдарға жауап ісздейміз.
Мақсат – салауатты өмір салтының үлгісін құру. Соған лайықты болу үшін жұмыс істеу. Осы мәселеге қатысты семинар өтіп, оған Түркиядан, Қырғызстан, Өзбекстаннан ғалымдар қатысты. Қазақстанда екі жерде біліктілік арттыру семинарын өзім ұйымдастырдым. Жоба аясында айналасы бір жылда Ғылым және жоғары білім министрлігінде сапаны қамтамасыз ету комитетінің (ВАК) журналына екі мақала жарық көрді.
Түркияда өткен V халықаралық конгресте бір мақала жарияланды. Қазіргі таңда салауатты өмір салты шкаласы бойынша бетпе-бет сауалнама жүргізу мақсатында Орал және Алматы қаласына іссапарға бардық. Биыл шкалаға авторлық куәлік алу жұмыстарына кірістік. Жоба аясында маусым айында Белорусь мемлекетіндегі 500 топтыққа кіретін оқу орнында өтетін шараға іссапармен барамыз.