«Бабадан қалған сырлы әуен» атты көрме ашылды

ҚР Мемлекеттік орталық музейінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай музей қорындағы қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары коллекциясынан «Бабадан қалған сырлы әуен» атты көрме ашылды.
Алматы, NEGE. Мемлекеттік орталық музейінің бөлім басшысы Маржан Жүсіпованың айтуынша, қазақ халқының тарихи-мәдени, әлеуметтік және рухани өмірінде музыка өнері ерекше орын алады.
Сондай-ақ, қазақ халқының сан ғасырлық музыкалық дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын халық шығармашылығының ажырамас бөлігі.
Қазақ халқының музыка мәдениетінің негізін ән, ауызекі дәстүрге негізделген суырып салмалық, эпикалық, сондай-ақ аспаптық шығармалар құрайды.
ҚР Мемлекеттік орталық музейі қорындағы 200-ге жуық музыкалық аспаптар негізінде ұйымдастырылып отырған «Бабадан қалған сырлы әуен» көрмесіне музыкалық аспаптардың ішекті, үрмелі, тілшелі, соқпалы түрлері – жетіген, шертер, қобыз, сыбызғы, сазсырнай, асатаяқ, тұяқ, қоңырау және тағы басқа түрлері қойылған.
Сонымен қатар қазақ үшін заттық және әуездік төл мұра болуымен бірге ұлт үшін символикалық нышан болып табылатын домбыраның сан алуан түрлері ерекше қызығушылық тудырады.
«Көрмеде келушілер назарына қазақтың ұлы ақыны Абайдың жары – Ділда Алшынбайқызының қос ішекті қалақ домбырасы, қазақ тарихы мен мәдениетіндегі шоқтығы биік тұлғалар - Әміре Қашаубаев, Жаяу Мұса, М. Ержанов, Е. Өмірзақов, К. Байсейітова, сондай-ақ, Қ. Сәтбаев, Қ. Аманжолов, Ж. Молдағалиев, Ә. Жангелдин, К. Ақышев, Ө. Жәнібеков және тағы да басқа ғылым, мәдениет және өнер адамдарының музыкалық аспаптары ұсынылады», – дейді Маржан Жүсіпова.
«Бабадан қалған сырлы әуен» көрмесіне музыкалық аспаптармен қатар, сахналық аксессуарлар, бейнелеу өнері туындылары да қойылады.