Аймауытовтың абақтыда жазған соңғы өлеңі Президент архивіне өткізілді

Бүгін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ҚР Президенті архивіне келіп, бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған құнды материалдарды көрсетті.
Аумалы-төкпелі заманда қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш қайраткерлеріне қатысты құжаттың дені күні бүгінге дейін құпия сақталып келді. Олардың көбі жабық қорлар мен мұрағаттарда шаң басып тұрғанмен, жылдар өте келе қалпына келтіру мүмкін болмай қалады.
Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қуғын-сүргіннің салдарынан шейіт болған құрбандарды толық ақтау жөнінде жиі айтып, арнайы мемлекеттік комиссия жасақталуына түрткі болды. Тіпті, Түркістан төрінде өткен құрылтайда мұрағат қорларынан Жүсіпбек Аймауытовтың өзгеше шығармасы табылғанын сүйіншілей жеткізген еді.

Бүгін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ҚР Президенті архивіне келіп, бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған құнды материалдарды көрсетті.
«Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия Бас прокуратура, ҰҚК, Ішкі істер министрлігіне қарасты жабық қорлардағы материалдарды ашып, зерттеді. Бүгінде Президент архивінде 1918-2018 жылдар аралығындағы мемлекеттің бүкіл тыныс-тіршілігін қамтыған 700 мың құжат бар. Соңғы үш жылда оған жабық мұрағат қорларынан тағы 600 мың іс қосылды. Бұл – бір ғасырда жиналған жұмыс материалдарына пара-пар құнды дүниелер. Қазіргі таңда мемлекеттік комиссия жұмысын аяқтағанмен, алдымыздағы кем дегенде 5-10 жылда осы жұмыстарды толығымен зерделеу керек. Әр материалды сақтаудың өз тәртібі бар. Бірінші, залалсыздандыру жұмысы. Одан кейін қайта қалпына келтіру (реставрация), үшінші – цифрландыру», – деді Мемлекеттік кеңесші.
Айта кету керек, бүгінге дейін 2 млн-ға жуық материал құпиясыздандырылды. Одан бөлек үш жылда аймақтарда құрылған 20 комиссия жұмысының нәтижесінде әр облыста кем дегенде екі-үш саяси репрессия құрбандары жерленген, атылған белгісіз орындар табылса, олардың жалпы саны 100-ге жуықтаған. Тіпті, бұрын тарихта белгісіз болған лагерьлер, көтеріліс болған орындар да анықталған. Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхановтың Семей орталығына жіберілген хаты да тың дерек ретінде қарастырылып отыр.
«Мұндай ауқымды жұмыс Кеңес одағы құрамында болған респуликалардың ешбірінде жүргізілген жоқ. Мемлекеттік комиссияның негізгі мақсаты – іздестіру, жүйелеу, сараптама және талдау жасау. Әзірге комиссия жұмысын аяқтағанмен, енді ретке келтіру, заласыздандыру, цифрландыру қажет. Одан кейін тарихшы ғалымдар өзара талдау жасай береді. Сондықтан қаржыландыруды созып отырмыз. Қазір құжаттар 70 том болса, жыл аяғына дейін 80 том болуы ғажап емес. Алдағы уақытта Қазақстан тарихының 7 томдығын даындау жұмысы аяқталу үстінде. Оның құндылығы – бұрын белгісіз болған, жарияланбаған деректер енеді», – деп толықтырды пікірін Ерлан Қарин.
Бұдан кейін Мемлекеттік кеңесші Жүсіпбек Аймауытовқа телінген «Тез өлмен» өлеңінің ғалымдардың қолына қалай түскені жайында аз-кем баяндады.

Архив құжаттарында бұл туындыны Жүсіпбек Аймауытұлы абақтыда тергеуде жатқан кезінде жазғаны көрсетіледі. Ол ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты Қарағанды қалалық полиция департаментінің арнайы мемлекеттік архив қорындағы №01093 ісінде сақталған. Бұл құжат та жақында мемлекеттік комиссия аясында құпиясыздандырылған.
«Жүсіпбек Аймауытовтың бұрын жарияланбаған поэмасы үш бөліктен тұрады. Әуелгіде күдік те болды. Бес адамның куәлігі бойынша, оның ішінде тарихшы, лингвист мамандардан тұратын үш институт қызметкерлері бірлескен сараптама нәтижесінде «Бұл – Аймауытовтың бұрын жарияланбаған «Тез өлмен» поэмасынан үзінді өлеңі» деген тұжырымға келді.
Табылған деректерде елге деген сағынышын білдіріп, жанындағыларға рух беру мақсатында абақтыда жазған соңғы өлеңі делінген. Мұны сол түрмедегілер бір-біріне ауызша таратып, жеткізген көрінеді. Біз бұған дейін бұл ақжолтай ақпаратты ауызша айтып келдік. Комиссия нақты тұжырымға келген соң жариялауға шешім шығардық. Бұрын зерттеушілер ғана архив құжаттарымен жұмыс істеуге рұқсат алатын. Кейбіріне құпия құжаттарды пайдалануға болмайтын. Енді құпиясыздандырылған соң ғалымдар мен ізденушілерге қолжетімді болды. Шығарма төте жазумен қарындашпен жазылған. Архивтік істе шығарманың орысша аудармасы бар. Осы үш бет қағазды анықтап, растауға 9 ай уақыт кетті. Жалпы, бізге құжаттарды ақтарып, деректерді тексеріп, растап, жүйелеп, бірізге салуға әлі кем дегенде 5-10 жыл уақыт кетеді», – деді Е.Қарин.
Ал Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина мұрағатқа келіп түскен құжаттармен жұмыс істеудің арнайы тәртібі барын еске салды.

«Әр парақты қалпына келтіріп, реставрация жасап, залалсыздандыру керек. Бұл құжаттар ұзақ жылдар бойы жабық қорларда еш тәртіпке сай емес жағдайда сақталып келген. Олардың 51 пайызын толық, 47 пайызын ішінара қалпына келтіру жұмысы орындалды, ал 686 істі қалпына келтіру мүмкін болмады. Бұл жұмысты 5-6 жылға шегерсек, кейбір құжатты қалпына келтіре алмай қалу қаупі бар. Қолда бар деректердің анықтамалығын жасап, парақтарды өңдеп, анықтама ақпарат бойынша негізгі базаға енгіземіз.
Ғимаратқа жоба бойынша 1 млн-ға жуық құжат сияды. Бір жылда 600 мың іс материалы ішінде 40 мыңнан астам құжатты жүйелеп, сипаттама және тізімдеме жасадық. Ең үлкен іс – 500 парақ. Бір қылмыстық істе – 40 том бар. Мұны ғалымдар мазмұнына байланысты әрі қарай зерттей береді. Әрине, қоғам, Алаш қайраткерлері туыстарының тарапынан бұл тақырыпқа қызығушылық басым», – деді Ә.Мұстафина.
Құпиясыздандырылған құжаттарды тақырып бойынша жүйелеу барысында 70 том құнды кітап жазылды. Одан бөлек Алаш қайраткерлеріне қатысты құрылған бөлек жұмыс тобының еңбегі нәтижесінде ешбір ғалымның қолына тимеген тергеу материалдары жинағының алдын ала нұсқасы шықты. Сәтін салса, бұл көктемге таман 12 том болып жарық көрмекші.