«Әйгілі «Дос-Мұқасан» аядай жерді паналап отыр» – Ансамбльдің жаңа солисі Айбек Мұхамедәлі

Тарихы тереңде жатқан әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблінің құрамына жақында бұрынғы «Тарлан» тобының солисті Айбек Мұхамедәлі қосылды. Айбекті тыңдарманға таныстырып жатудың қажеті жоқ болса да, топтағы тыныс-тіршілігін бағамдап көруге тырыстық. Ол атағы дардай ансамбльдің жұрт біле бермейтін бейнетін жайып салды.
– Айбек, аңызға айналған ансамбльге қабылданудың сәті қалай түсті?
– «Шалқар» радиосындағы замандасым Гүлмира Нәлібай бір күні телефон шалып, өзіне жолығып кетуімді өтінді. Барсам, әйгілі «Дос-Мұқасан» тобына солист керек деп жатыр, мен сені ұсындым», – деді. Төбемнен жай түскендей болды. Ойлануға хақым да жоқ, бірден қуана келісім бердім. Себебі, әкем «Дос-Мұқасанның» ізбасары ретінде кезінде Алматы облысының Кеген ауданында арнайы ансамбль құрып, онда жұдырықтай кезімде «Іңкәрім-ай» әнін айтып шыққан болатынмын.
Бір жағынан Мұрат көкеміз (Құсайынов – ред.) «ол баланың өнерін білемін» дегенді айтып, мені қабылдауға ишара танытыпты. Өнеріне әкем табынған топта бірге ән айту мен үшін зор бақыт. Сөйтіп, өткен жылдың 30 желтоқсаны күні топтағы ағаларыммен жүздесіп, мені нақты қабылдайтын болып шешім шығарды. Содан наурыз айында екі-үш ән жаздық, ағаларым өнеріме оң бағасын берді. Бірақ марқұм Ақжол ағамыздың жылына дейін сахнаға шықпадық.
Бірде Мұрат ағам хабарласып, Республика күні мерекесінде ән айтуға шақырту түскенін жеткізді. Солай аяқ асты Республика сарайында алғаш «Алматы түні» әнін ансамбль құрамында орындап шықтық. Тіпті арнайы киім де тіктіріп үлгермедім, дайын ақ костюмге ағаларымның стиліне сай ою-өрнек жапсырып алдым да, сахнаға шықтым. Осылайша қызу жұмысқа кірісіп кеттік. Алға қойған жоспар көп, соған сай атқаруға тиіс жұмысымыз да жеткілікті. Мұрат ағамыздың Алматы қаласында конерт бермек ойы бар. Қазір арадағы концерттерге жүгіре жүріп, топтың тарихынан сыр шертетін әрі шырқаған әндерін нотасымен ұсынатын екі кітап әзірлеу үстінде.

– Ансамбльге жаңашылдық әкелуге тырысып жатырсыз ба, әлде керісінше, ондағы ағаларыңыз сізді тәрбиелеп жүр ме?
– «Дос-Мұқасан» алда үлкен өнер орталығына айналса деген тілекпен өз тарапымнан біраз идея қосып жатырмын. Өзінің мұражайы, сутдиясы, мектебі бір ғимараттан табылса деген ой ғой. Бұл, әлбетте, қыруар қаражат пен табандылықты талап етеді. Дегенмен, репертуарға қатысты мәселені Мұрат ағамыз өзі шешіп, реттейді. Мен де өз тарапымнан жұмысымызға жаңашылдық қосуға ұмтылып жүрмін. Бастапқыда қабылдай қоймағанмен, кейінгі кезде ағалар пікіріме құлақ асып жүр.
– Жарты ғасырдан астам тарихы бар ансамбльге мемлекет тарапынан лайықты құрмет көрсетіліп жүр деп ойлайсыз ба?
– Шынын айту керек, ансамбль өзін-өзі қаржыландырып келеді. Мемлекет қандайда бір мәртебе беріп, қанатының астына алам десе, оған толық лайық деп ойлаймын. Айтып өткенімдей, алға қойған жоспарымыз көп. Бірақ әзірге жоғары жаққа барып, есік қаға қойған жоқпыз. Жеке ғимаратымыз болса деп армандаймыз.
Кезінде Алматы қаласының қақ ортасында «Әуен» атты әжептәуір студиясы болған екен. Ол ғимарат Храпунов қала мэрі болып тұрғанда жекенің қолына өтіп кетіпті. Кейін Республика сарайының ішінен бір-екі кабинет беріліп, қазір сонда отыр. Оның өзін айтыс-тартыспен әрең алған. Алғаш келген кезде тарихы тереңде жатқан топтың аядай жерді паналап отырғанын көргенде өз көзіме өзім сенбей, таң болғанмын.
– Бұрын «Дос-Мұқасанның» әндерінсіз жиын-той өтпейтін еді. Ал қазіргі қызығы мен қуанышы көп уақытта неге тыңнан трек жазылмай жатыр?
– Мұрат ағамыздың кезінде жазып, кеңінен таралмаған әндері жеткілікті. Қазір соны жаздыру үстіндеміз. Тіпті оның ішінде мүлде естімеген туындылар да бар. Ал әзірге мүлде жаңа форматта ән жазу жоспары жоқ. Себебі, жоғарыда айтып өткенімдей, ағамыз кітап жазып жүр.

– Тарап кетсе де «Тарланның» қос жігіті тату болар?
– Топта ән салған Қазыбек (Әдікей – ред.) екеуміздің араластығымыз қаз-қалпында, еш өзгермеді. Отбасымызбен, тіпті ата-аналарымызбен жақын араласамыз. Бір-бірімізге барып-келіп тұрамыз. Сондықтан бір-біріміздің ешқандай қызық-қуанышымыздан қалыс қалған емеспіз. Ол да тек жанды дауыста ән шырқайтын «Абадан» атты топ құрып, өнерге өз үлесін қосып жүр.
– Қазақтың ән өнері таңғалдырудан тұратын кезеңнен өтіп кетті ме, қалай ойлайсыз?
– Таң қалдыру да, тамсандыру да бар. Бұрын Көркемдік кеңес бар еді. Онда Кеңес Дүйсекеев бастаған көкелеріміз радио-телевидениеге шығатын туындыларды сүзгіден өткізетін. Осы үрдіс құрдымға кеткелі шығаруға болмайтын әндерді естіп кеттік. Бәрі бір-бірімен араласып, быламық боп жатыр. Дегенмен, халық арасынан керегін алады. «Тесік моншақ жерде жатпайды» деген, тыңдарман шынайы талантты ерте ме, кеш пе бәрібір таниды. Бірақ мүлде құрдымға кеттік дей алмаймын, қалай деген күнде ән өнерінде даму басым. Түрлі тенденцияны меңгеріп жатқан жастардың бары қуантады.
– Жастар арасында өнер белгілі бір рамкаға сыймайтынын алға тартып, «Көркемдік кеңес керек емес» дейтіндер бар. Бұған не нейсіз?
– Сүзгіден өткізетін арнайы комиссия қажет. Себебі бейәдеп сөзден тұратын әндер көбейіп барады. Қандайда бір бақылау, тәртіп болғаны жөн. Мысалы, Роза мен Мақпал апамыз өнер көрсететін кеште сахнаға күні келген сары ауыз әнші де ән салып тұрады. Бұл елге еңбегі сіңген әртістерді қорлау емес пе?! Сондықтан қадағалау керек.

– Қазіргі эстрада жанрында жүрген жігіттер қатарында қызтекелер аз емесін естиміз. Бұл сізді өнерден жерітпей ме?
– Әлбетте, әлемде бар бұл ауру бізге де дендеп енді. Сондықтан бұл өршіп кетпей тұрғанда арнайы заң аясында, белгілі бір шара қолдану керек деп ойлаймын. Қолымен көрсетіп, ауызбен айтпаса да олардың кім екенін әріптестерім біледі. Бағана айтып өткенімдей, арнайы кеңестер құрып, саф өнерді тазалауға тиіспіз. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деп текке айтпаса керек. Әйтпесе, кейін зардабын шегеміз.
– «Ерігіп жүрген ешкім жоқ» деп шырқағаныңыздай, ансамбльден өзге жеке шығармашылықпен айналысып жүрген боларсыз?
– Жеке шығармашылығыма ешқандай кедергі келіп жатқан жоқ. Мұрат ағам бұл жолда о баста еркіндік берді. Осы ретте жеке концерт беруге әзірленіп, репертуарыма енгізу мақсатында жаңа әндер жазып жатырмын. Алда елімізді аралап, жеке шығармашылығымнан есеп берсем деген ой бар.