24 Қазан 15:57
...

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру жұмыстары қалай жүріп жатыр?

Фото:

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында ауыл тұрғындарының табысын арттыру мәселесі алғашқы орында. Өйткені ауылдың деңгейі тұрғындардың табысына тікелей байланысты. 

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ауыл шаруашылығы кооперациясын, сондай-ақ ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру жолымен ауыл халқы табысының деңгейін арттыру жоба аясында кеңінен қарастырылады. Агроөнеркәсіп пен өндіріс орындарын жандандыру ауыл экономикасын жақсартуға үлес қосады. Сонымен қатар фермерлікті дамыту туралы да айта кеткен жөн. Ауылшаруашылығы техникаларының жеткілікті деңгейде болуы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға себепкер. 

Статистикалық мәліметтерге көз жүгіртейік, кірісі ең төмен күнкөріс деңгейінен аз ауыл халқының үлесі – (2023 жылы – 7,0%, 2024 жылы – 6,6%, 2025 жылы – 6,3%, 2026 жылы – 6,0%), 2027 жылға қарай – 5,8%. Ауылдық жерлердегі жұмыссыздық деңгейі – (2023 жыл – 4,9%, 2024 жыл – 4,7%, 2025 жыл – 4,5%, 2026 жыл – 4,3%) 2027 жылға қарай – 4,2%. 

Ауыл шаруашылығы министрлігі «2023 жылға ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша жобаны кеңінен тарату үшін ауыл тұрғындарына микрокредиттер берудің негізгі шарттарын бекіту туралы» үкімет қаулысының жобасын дайындады.

Микрокредит беру есебінен ауыл шаруашылығы кооперациясын белсенді дамыту арқылы ауыл халқының табысын арттыру жобасы іске асырыла бастады. 2023 жылы жобаны жүзеге асыру үшін барлық облыс әкімдігіне 52,4 миллиард теңге бөлінді. Бұл ақшаға 11 мың микрокредит беру және 12 мыңнан аса жұмыс орнын ашу жоспарланған. Сонымен қатар 350 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген.

Осы ретте «Ауыл аманаты» жобасы да ауыл тұрғындарының табысын арттыруға зор үлес қосады. Жобаға сәйкес, жеке қосалқы шаруашылықтарға жылдық 2,5% мөлшерлеме бойынша жеңілдікпен шағын несие беру, сервистік-өткізу кооперативтерін қалыптастыру, техника, жабдық лизингі және т.б. қамтамасыз етіледі. 

Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына Жолдауында ауыл кооперациясы аграрлық саланы дамытуға жол ашатынын айтқан болатын.

«Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал  мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет», – деген болатын Президент өз Жолдауында.

Бағдарлама аясында жыл сайын еліміздің барлық облыстарына жобаны іске асыруға бюджеттік кредиттер берілетін болады.

Жоба 2023 жылы басталып, 2025 жылға дейін жалғасады.

«Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. 

Тегтер: