25 Қыркүйек 15:42

«Ауыл аманаты» шалғайдағы шаруалардың кәсібін дөңгелете алды ма?

аманаты
Фото: chrysotile.kz

«Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз». Бейімбет Майлиннің бұрнағы айтылған бұл сөзі әлі де мәнін жоғалта қоймады. Себебі қаладағы жұртты ет, сүт, май, жүн және дәнді-дақыл өнімдерімен шалғайдағы ағайынның жарылқайтынын ескерсек, ауылды өркендету күннің басты мәселесінен түспеуге тиіс.

Осы ретте бірқатар бағдарламалардың қолға алынып жатқаны белгілі. Соның бірі – «Ауыл аманаты». Аталмыш жобаның мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алғаны белгілі.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – ауыл-аймақта екі қолға бір күрек таппай жүрген жұмыссыздар мен түрлі әлеуметттік көмек алушылар санын азайту болып табылады.

Атап айтар болсақ, ауыл-аймақта жаңа жұмыс орындарын құрып, мал мен құстың санын арттырып, түрлі шағын кәсіп­кер­лікті ашу арқылы халықтың табы­сын жақсартып, азық-түлікпен қамтамасыз ету көзделген.

2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылуға тиіс деп жоспарланған жобаға қатысты талаптар да күшті деп айта алмаймыз. Алдымен несие алу үшін ауыл тұрғындары жергілікті әкімдікке өтінім білдіру қажет болады. Шарт бойынша, несиеге өтінім беруші кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуға міндетті. Сондай-ақ кепілге қоятын қандайда бір жылжымайтын мүлкі болуы да шарт. Ал кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пайдалануға мүмкіндік бар.

Айта кетейік, әсілінде ауыл тұрғындарының банктен несие алу жолында бірқатар кедергіге тап болып жататыны анық. Мәселен, кепілге қоятын мүлкі немесе құжаттары талапқа сәйкес келмеуі мүмкін. Ал «Ауыл аманатының» ерекшелігі сол – ауылдық жердегі үйді кепілдікке қоюға болады. Сондай-ақ өзге қаржы мекемелерімен салыстырғанда берілетін несие пайызының аздығы көңілге медеу болып отыр.

Тағы бір тілге тиек ете кететін тұсы, «Ауыл аманаты» аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік те қарастырылған.

Жобаның микрокредит мерзімі – 5 жылды қамтыса, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін табысталады. Жылжымайтын кез-келген мүліктің 60 пайызы бағаланатыны тағы бар.

Жобаны қаржыландыру ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы саласындағы тауарларды өндіру, өңдеу немесе қайта өңдеу, өсімдік шаруашылығын дамыту, жылыжай құру, ауыл шаруашылығына қажетті техника мен жаңа жабдықтарды сатып алуға бағытталған.

бизнес
egemen.kz

Егер несие талаптарына тоқталар болсақ, өтінім беруші зейнет жасына жетпеген болуға тиіс. Бұдан өзге ауыл шаруашылығын жүргізу үшін қажетті жағдайының, мәселен жер телімі немесе қорасы болуы қажет. Мемлекеттік кірістер органдары алдында қарызының болмауы, сондай-ақ несие алушы жеке кәсіпкер ретінде тіркеуде болуға тиіс. Бұдан өзге кепілмен қамтамасыз ету әрі несиелері бойынша мерзімі өткен жарналар болмауы керек деп бекітілген. 
Жоба аясында берілетін номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз екенін ескерсек, мұндай несиенің халыққа пайдасы зор екенін айтады мамандар.

Әсілінде, ауыл тұрғындарының бүгінгі таңда бірде-бір коммерциялық банк­тен мұндай шарттармен несие алуға мүмкіндігі жоқ екені әмбеге аян. Сондықтан «Ауыл аманатының» қандай да бір өндіріс ошағын ашып, оны дамыту жолында беретін мүмкіндігі мол деуге әбден болады.

Бюджет қаржысын талан-таражға салмау мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында арнайы скрининг те жүргізілді. Мәселен, 2023 жылы респуб­ликалық бюджеттен 52,4 млрд теңгеге дейін шағын несие беру көзделсе, жергілікті әкімдіктер осы қаражат­қа қосымша қажеттілікті анықтау үшін ауылдық округтерде талдау және түсіндіру жұмыстарын жүргіз­ді. Осы ретте Amanat партиясы тарапынан әкімдерді әдіснамалық оқытуды, қаражатты бөлу және өтінімдерді қабыл­дау процесінің монито­рингін қамтамасыз ететін шағын жобалық кеңселер құрылып, жұмысын бастады.

Биылғы жылдың басында Amanat партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында мәжіліс депутаттары «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру жөніндегі Үкіметтің 2023 жылғы есебін тыңдаған болатын. Жиын барысында сөз алған партия төрағасы Ерлан Қошанов ауылды дамыту мәселесі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында екенін айта келе, бағдарлама аясында қолжеткізген табыстар жайлы есебін ортаға салды.

Жоба өз тиімділігін көрсетуде екенін алға тартқан Қошанов жылдық мөлшерлемесі 2,5%-ды құрайтын 12,7 мың шағын несие берілгенін жеткізді. Бұл мақсатта бюджеттен шамамен 80 млрд теңге жұмсалса, оның 43 млрд теңгесі Жамбыл және Түркістан облысына қарасты шаруаларға берілген.

Жоспар бойынша 2029 жылға қарай аталмыш жоба аясында 350 мың жаңа жұмыс орнын ашып, 1 млн ауыл тұрғынын жұмыспен қамту көзделіп отырса керек.

Иә, ауылды дамытудың жаңа драйвері саналатын «Ауыл аманаты» жобасы мемлекет басшысының биылғы жолдауынан да қалыс қалмады.

Аманат
akorda

Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және оны сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру маңыздылығын айтқан президент жергілікті басшыларға тапсырма берді. Осы тұста әр ауданда азаматтарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталық ашу қажеттігі міндеттелді. Мұндай жобаның Amanat партиясының бастамасымен Жамбыл облысы Меркі ауданында жүзеге асырылғанын тілге тиек еткен ел президенті Үкімет пен әкімдерге осы тектес тәжірибені өзге де аймақтарда қолданысқа енгізуді тапсырды.