«Ауғанстанда гендерлік мәселе сіз ойлағандай ушығып тұрған жоқ» – Сарапшы Филип Эйси
2021 жылы тамызда Ауғанстанда тәліптер билікке келгелі бері елдегі әйелдерге білім алуға, ер адамсыз саяхаттауға және көпшілік алдында сөйлеуге, әсіресе, ер адамдармен сөйлесуге тыйым салды. Ал жақында тіпті «әйелдерге бір-бірімен сөйлесуге тыйым салынды» деген хабар тарады.
NEGE тілшісі ТМД елдеріндегі, Таяу Шығыстағы және Ауғанстандағы саяси және қауіпсіздік мәселелерін зерттеуші Филип Эйсимен тілдесіп, біраз жайттың басын ашып берді.
– Әйелдерге қатысты заңдар үнемі толықтырылып жатады, бірақ әйелдердің бір-бірімен сөйлесуіне тыйым салатын әзірге талап жоқ. Тек жаңа қаулы бойынша әйелдерге мешіттердегі қауымдық дұғаларға қатысуға ғана тыйым салды. Оның орнына олар үйде құлшылық жасауы керек, – дейді Филип Эйси.
Сарапшының айтуынша, Ауғанстан – көтерілістерге, аймақтық жанжалдарға, түрлі шапқыншылықтарға және халықаралық заңдармен мойындалған шекараларының қайта сызылуына қарамастан, өзінің өмір салтын сақтай алған қызықты мәдени және саяси тарихы бар ел.
Ф.Эйси Канадада туып-өскенімен, әлемнің елуге жуық елінде саяхаттаған. Оның ойынша, өзге елдегі өмір мен саясаттың шындығын ашу үшін және оны шынайы түсіну үшін сол елмен етене жақын болу керек. Әрбір елдің, саяси және этникалық топтың түрлі факторларға негізделген өзіндік бірегей болмысы мен идеологиясы бар. Ол Ауғанстан туралы әлемдік ақпараттық кеңістікте көптеген жалған ақпарат тарайтынына қынжылады.
– Ауғанстанға бірнеше ай бұрын келдім. Мақсатым – ауғандықтардың медиа кеңістігінде олардың өз дауысын қалпына келтіруге көмектесу, қазіргі ішкі оқиғалар мен соңғы жарты ғасырда болған оқиғалардың шындығын ашып қана қоймай, мүдделерді тұншықтыратын жалған ақпарат пен үгіт-насихатқа қарсы тұру.
Мысалы бірнеше күн бұрын канадалық бұқаралық ақпарат құралында өз елінен жер аударылған ауған белсендісі канадалық әскерилерді Ауғанстанды тағы да басып алуға және елдегі азаматтық соғысты қайта тұтататын қарулы оппозициялық топтарға қолдау көрсетуге шақырды. Бұл дұрыс емес. Ауғанстанның азамат соғысынан әлеуметтік-экономикалық күйреуге ұшырағанын қаламаймын, – дейді ол.
Сарапшының пікірінше, ауған еліндегі заңдар шетелдіктерге архаикалық, артта қалған және тіпті экстремистік болып көрінуі мүмкін. Алайда ауғандар ғасырлар бойы осылай өмір сүріп келді және бұдан әрі де сол дәстүрді ұстануы керек. Ал шетелдіктер бұл елдің дәстүрі мен мәдениеті бірегей екенін түсініп, оны құрметтегені жөн.
Бұл туралы Ф.Эйси былай дейді: «Ауғанстанға келетін шетелдік туристерге арналған WhatsApp тобының мүшесімін. Ер адамдар, ерлі-зайыптылар және тіпті жалғыз саяхатшылар Ауғанстанның барлық аймақтарына еш қиындықсыз жүріп-тұрады. Ауғанстан – консервативті құндылықтарға ие ел және мұнда шетелдіктерге қандай қонақ үйлерде тұруға болатыны туралы ережелер бар. Осы құндылықтар мен әдет-ғұрыптарды құрметтесеңіз, бұл елге сапарыңыз оң болады».
Талибан үкіметі туризмнен тәуір пайда түсетінін және елдің оң имиджін қалыпстыруға септігі тиетінін түсінеді екен. Сондықтан да туристерге деген көзқарасы түзу. Ал ниеті түзу турист Ауғанстанның шынайылығын, шетелдік арналарда көрсетілген жаңалықтардан өзгеше екенін көреді.
Әрине, мұнда жұмыссыздық мәселесі үлкен проблема екенін сарапшы да мойындайды. Бұл туралы ол былай деді: «Мен Кабулда тұрамын, елдің басқа өңірлерін де араладым. Салыстырмалы түрде айтсақ, Кабул, Мазари-Шариф және Герат қалалары елдің басқа аймақтарымен салыстырғанда либералды, ал басқа елдерге қарағанда, әрине, әлі де консервативті. Шетелдіктер мен жергілікті тұрғындар үшін қауіпсіздік пен тұрақтылық бар, бірақ халықтың басым көпшілігі жұмыссыз, сол себепті табыс табу қиындығы қатты сезіледі».
Біз Филип Эйсиден әйелдерге салынған тыйым жөнінде толығырақ баяндап беруін сұрадық.
– Ауғандықтардың Талибанға деген көзқарасы әртүрлі, бірақ Талибан үкіметі әйелдердің ар-намысы мен абыройын қорғау мақсатында әйелдерді суретке түсіруге тыйым салады.
Қазіргі уақытта Ауғанстандағы әйелдерге салынған тыйымдар төмендегідей:
- 12 жастан асқан қыздар мектепке бара алмайды («әйелдер үй шаруасымен айналысуы керек, сондықтан жоғары білімді қажет етпейді» деген түсінік бар);
- Әйелдер қоғамдық орындарда жұмыс істей алады, дегенмен олар үшін көптеген шектеулер бар;
- Мейрамханалардың көпшілігі жыныс бойынша бөлінген. Ерлі-зайыптылар арнайы «Отбасы бөлімінде» тамақтана алады.
- Танысуға тыйым салынады. Ұлдар мен қыздар кейбір қоғамдық жиындарда кездесуі мүмкін, бірақ олар жеке қала алмайды.
- Әйелдің дауысы интимді болып саналады, сондықтан ол көпшілік алдында ән айта алмайды және дауыстап өлең оқи алмайды.
- Еркектерге бөтен әйелдермен тек анықтама алу үшін сөйлесуге рұқсат етіледі, бірақ одан әріге бара алмайды;
- Әйелдер еркекпен ілесіп қана жүруі керек, оларсыз алыс қашықтыққа (қала сыртына және т.б.) бара алмайды.
ЮНЕСКО статистикасы бойынша, 2021 жылдан бері 1,4 миллион ауған қызы орта білім алу мүмкіндігінен айырылған. 2001 жылдан 2021 жылға дейін мектепке баратын балалардың саны ешқашан 40%-дан аспаған. Гендерлік нормалар кедейлік пен білім беру инфрақұрылымының жоқтығына әкелді. Балалар титтейінен үй шаруасынан бөлек, түрлі жұмыстар істейді. Шетелдіктерге бұл қатыгездік болып көрінуі мүмкін, ал бірақ бұл – ауғандықтар үшін ежелден келе жатқан дәстүр, – дейді Филип Эйси.
Автор: Зере НАРБЕКОВА.