Әуездің алдын көргендер ШАХАНОВТЫ ДА СЫНАЙДЫ
Әуез ағай қайтыс бопты!
Суық хабар төбемізге жай түскендей әсер етті. Төрт-бес студент филология факультетінің дәлізінде тұрғанбыз. Қалжың дейін десек, қалжыңға ұқсамайды. Бірақ күні кеше ғана көрген адамың, көңіл құрғырдың сенгісі жоқ. Сол аралықта «Әуез ағай марқұм бопты» деп тағы бір студент жетті. Ойпыр-ай, рас болды-ау дестік. Иманы саламат болсын деп бет сипастық. Сосын қасымдағылардың барлығы бұрылып, маған қарады. Қараса, қарайтын жөндері бар, санаулы күннен кейін диплом қорғауым керек еді. Ал жетекшім – Әуез ағай Бейсебеав.
Кітап таратқыш ағай
Тоқсаныншы жылдары ҚазҰУ-дің филология факультетінде оқыған жастар жақсы біледі, Қазақ әдебиеті кафедрасында Әуез Бейсебаев дейтін ұстаз дәріс берген. Ірі денелі, бірақ бойында артық еті жоқ, қайырған шашы мен бастырылған мұрты өзіне жарасып тұратын, жымиса көздері жұмылуға жақындап, күлсе бірсызықтанып қалатын және өзі ғана күлмей, айналасындағыларды күлкі керуеніне түгел ерте кететін көңілді кісі еді. Үнемі асығыс жүретін. Бос әңгіме, құр сөзге уақыты жоқ. Келеді, сабағын өткізеді де кетеді. Сол келісінде кейде бір құшақ кітап көтере келеді. Онысын үстелдің үстіне қояды да: «Мына кітапты оқымасаңдар, филфакта оқыдым дегендерің бекер!», – дейді жымиып. Сосын баспадан жаңа шыққан кітаптарды лезде таратып береді де, сабағына кіріседі.
Қазір біліп жатырмыз ғой, Әуез ағай сол тұста ұстаздық қызметімен қоса, журналистік жұмысын да қатар алып жүрген екен. Шәкірттеріне жиі кітап сыйлайтынына қарағанда, баспаларда редактор болып та еңбек еткен шығар, бәлкім. Әйтеуір филология факультетінде дәл Әуез ағайдай студенттерді «кітапқа көмген» адам жоқ. Оның бәрін оқып тауысқан шәкірттің болған-болмағаны белгісіз, бір анығы, біздің жадымызда бұл кісі «мынаны оқы», «мынаны оқымасаң, бәрі бекер» деп үнемі кітап оқуға үндейтін, тіпті сол кітапты өзі әкеліп, қолыңа тегін ұстататын ұлағатты ұстаз ретінде қалып қойды.
Әуез ағайға өзгелерден жақын едім десем, өтірік болар еді. Өйткені қасиетті қара шаңырақтағы ұстаздар мен студенттердің арасында аға мен інінің, әке мен баланың арасындағыдай тым жылы, тым жақын байланыс бар-тын. З.Қабдолов, Т.Кәкішев. С.Аманжолов, А.Тасымов, Б.Сағындықов, А.Қыраубаева секілді профессорлардың алдынан өттік. Лекциясын тыңдадық, тәлім-тәрбиесінен нәр, үлгі-өнегесінен енші алдық. Бас идік, ұлық тұттық. Ал олардың ізін басып келе жатқан Әуез Бейсебаев, Жолдас Мәмбетов, Өмірхан Әбдиманов, Пазыл Бисенбаев, Анар Салқынбаева сынды ұстаздарымызға да құрметпен қарадық. Сосын факультет ақсақалдарынан бірер буын төмен, біздің замандастардан бірер саты ғана жоғары екенін «ескеріп», аздап еркеледік. Орайы келген тұста орынын тауып әзіл де айттық. Сондықтан дипломдық жұмыс аларда біз үшін мінезі қиын, жетекшілікке жағымсыздау дейтіндей ұстаз болған жоқ. Өз басым «Қазақ өлеңдеріндегі махаббат, жастық шақ әуендері (Нәжімеденов, Шаханов, Асанов, Бақтыгереева өлеңдерінің желісі бойынша)» деген тақырыпқа көрген бойда жабыстым. Жетекшім Әуез Бейсебаев екенін білгенде тіпті қуандым.
«Қаншалықтының» мәні
Өзің жас болсаң, тақырыбың махаббат әуендері болса, бұдан артық не керек?! Жетекшімнен тапсырма алған күннің ертесі кірістім. М.Шахановтың балладаларына сүңгідім, Ж.Нәжімеденов жырларынан жауһар теріп, С.Асанов өлеңдерін ары-бері аударып, А.Бақтыгереваның лирикасынан мысалдар келтірдім. Ұтымды ұйқастар мен сәтті теңеулерді, тың тіркес, айшықты өрнектерді өлең ішінен суырып-суырып алып, талдаған болдым. Әлде тамсандым ба?! Әйтеуір бітірдім, аяқтадым, соңғы нүктесін қойдым деген күні «мінекейіңіз» деп жетекшімнің қолына ұстаттым.
Шынын айтсам, мақтау күттім. Әз-замат екенсің деп арқамнан қақпаса да, «жұмысың дұрыс екен» сыңайындағы бір жылы сөз айтар дегенмін. Олай болмады. Ертесі кезіккенде Әуез ағай дипломдық жұмысымды қайтарып берді. Жәй ғана қайтарып берген жоқ. Бірінші бетін ашып жіберді де, «Жұмыстың мақсаты» деген жердегі мына екі сөйлемді дауыстап оқыды: «Қазіргі қазақ өлеңдеріндегі махаббат және жастық шақ лирикасы ақындар толғауында қалай жырланды, осы тұрғыдан келгенде олардың деңгейі қаншалықты дәрежеде, ақындар сол ішкі толғанысты қалай бере алды, жұмыс сол жайында болмақ». Сосын маған қарады да, «осының ішіндегі «қаншалықты» деген сөзге мән бер. Сонда жұмысыңның жартысын қайта жазасың» деді. Жаратпағанын дауыс ырғағынан сездім. «Қаншалықтыны қалай түсіндік?» деген сұрақты көмейден іркіп қалдым. Қысылдым. Оны сұрасам, «Сенген қойым сен болсаң...» дейтіндей көрінді.
Есесіне әлгі сауалдың жөнін жатақханаға арнайы іздеп барып, Ермектен сұрадым. Бізден бір курс жоғары оқыған Ермектің білмейтіні жоқ еді. Мұхамеджан, Серікзат, Балғынбек, Дәулеткерей секілді арқыраған айтыс ақындарын шығарған факультетте әдебиетке ғылым ретінде қарайтын санаулының алды – сол Ермек болатын. Маған жұмбақ болған «қаншалықтыны» қарапайым тілмен оп-оңай түсіндірді.
– Бұл ақындардың мықты екенін жұрт сен айтпасаң да, біледі. Сондықтан ақындардың жырларына сын көзбен қара, олқы тұсын ата, кемшін тұсын көрсет, – деді Ермек, мені тақ бір ғұлама сыншы құсатып. Әуез Бейсебаев тақырыбының салмағын сол кезде барып бір-ақ сезіндім.
Асановты ақтарып, Шахановқа «шап беру»
Енді бір сәт бүгінге оралайық. Жазған-сызғанға құнтсыздау болғанымның да бір пайдасы тиді. Әуез ағай туралы естелік жазудың қамымен кеше шатырға шығып, заман жыл бұрынғы ескі қораптарды ақтардым. Оның ішінде не жоқ дейсіз, кітаптар, баяғы қалың дәптерлер, альбомдар, мадақтама қағаздар, газет-журнал қиындылары... Іздегенімді таптым, мұқаба бетінде Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, академик Зейнолла Қабдоловтың қолтаңбасы бар, осыдан 23 жыл бұрын жазылған диплом жұмысым көзіме оттай басылды. Алақаныммен сипап-сипап жіберіп, екі аяғымды төмен салбыратқан күйі сатыағашта отырып, оқып шықтым.
Қызық! Шұқшиып отырып, мықтылардан мін іздеппіз-ау бір кезде. Әдебиет сыншысы маған «қаншалықты» дейтін бір ғана сұрақпен бағыт-бағдар бере отырып, қандай қиырға салғаны мына жолдардан анық аңғарылса керек:
«...Осы арада тағы бір атап кетер жайт, бұлыңғырланып, түсініксіздеу болып кететін тармақтар Ақұштап ақыннан да кездесіп қалады.
Ұқтың ба, хәлін құрбының,
Жүрегі әуен, жаны жыр.
Кеудесі тұнған сырлы мұң,
Ал соның бәрі бір.
Ең әуелі мұңның сырлы болмайтыны анық, сосын мұң тұнбайды. Кеудеге толады. Үшіншіден, кеудесіне мұң толған жанның жүрегі – әуен, жаны – жыр болмақ емес». Мұны мен жаздым ба, әлде мен мысалға келтірген шумақты Әуез ағай жеріне жеткізіп түзеді ме, бұл жағы есте жоқ. Осы тақылеттес тағы қанша тармақ-шумақ, буын-бунақ мысалға алынды, оның қаншасын жетекшім жаратпай алып тастады немесе қысқартты болмаса түзетті, бұл да жадымда қалмапты.
Бір анығы, індете іздесең, бар зейініңді салып үңілсең, олпы-солпы тіркестер, мағынасы бұлыңғыр ойлар әрбір ақыннан кездесіп қалатын сыңайлы. Осыған көз жеткізіп, «күшейіп» алған соң ба, жетекшімнің берген мақтауына масаттандым ба, бір тұста өлеңдерін өзім аса жақсы көретін Мұхтар Шахановқа да «шап беріптім»: «Лирикалық өлең табиғаты бөлшектенбейтін жинақылықты, жұмырлықты қалайды десек, кей өлеңінде шұбалаңқылық, ойын нақты білдірмей ұзаққа созып алу шеберлік емес екені анық. Бұл пікірді біз ақынның «Қазір мені үш топ адам қоршап тұр» атты өлеңі төңірегінде айта аламыз».
Жетекшісіз қорғалған дипом
Әуез ағай жұмысқа асығып келіп, асығып кететіні секілді өмірден де тым асығыс, аяқасты, өте шұғыл аттанды. Енді диплом жұмысымды көтеріп, қорғауға мен келіп отырмын. Елден бұрын жетсем де, жетекшім болмаған соң жүрексіндім бе, алдыма бірер студентті салып барып аудиторияға әрең кірдім. Ұстаздардың бірі қағазға шұқшиып, енді бірқатары өзара сөйлесіп, әйтеуір өздерімен өздері. Трибунаға барып, жұмысымды оқуға кірістім. Екінші бетке ауысқанда-ақ, ұстаздардың бірі сұрақ қойды. Жауап бердім. Содан соң екінші сұрақ... Бүйте берсе, жағдайымның қиындап кететінін сезіп, алдын ала дайындаған әдісіме көштім:
Құрметті ұстаздар! Бүгін сіздердің қатарларыңызда менің диплом жетекшім Әуез ағай Бейсебаев та отыруы керек еді. Егер ол кісі болса, менің жұмысым туралы міндетті түрде бір ауыз пікір айтар еді. Амал не, енді менің ұстазым туралы айтуыма тура келіп тұр. Бүгін жамбасы жерге тигеніне бір апта болды. Рұқсат берсеңіздер, мен Әуез ағайға арнаған үш шумақ өлеңімді оқып берейін».
Осы сәтте ұстаздардың бәрі түгел басын көтеріп, «бұл өзі қай бала еді?» дегендей маған қарады. Мұны күтпедім бе, сәл ыңғайсызданып, қағазыма қайта үңілдім. «Оқысын», «Әрине, оқысын» деген сөздерді құлағым шалған соң, тамағымды бір кенеп алып, «Әуез ағайдың рухына» дедім, сүбелі бір дүние оқитын адамның кейпіне еніп.
Адамның келген кезде кемел шағы,
Құдай-ау, сынады екен неден сағы?!
Білімде жетелеген ұстазымның,
Қолынан түсіп кетті қаламсабы.
Қайғыдан шама келмей қармануға,
Күй кештік, қирағандай бар қабырға.
Сен жоқсың, көмейімде – қаралы жыр,
Мен тұрмын әрі-сәрі, зорға мұнда.
Қандай күш сағатыңды белгіледі,
Бұл жұртқа айтсам екен енді нені?
Тылсымнан жүрегіме жеткен дауыс,
«Әуездер өлмейді» деп сендіреді.
Аудитория қол соқты. Жетекшім жебеді, қорғауға өзі қатыспаса да, Әуез Бейсебеаев дейтін ақеділ ұстаздың абырой-беделі маған «бес» деген баға алып берді.
Бірақ рухы кешірсін, Әуез ағай күткендей әдебиет зерттеушісі, әдебиет сыншысы бола алмадым. Себебі жалғыз, оқу бітіре сала журналистиканың жортағына түстік. Маңдайымызға ақындардың өлеңін емес, әкімдердің жегенін сынау жазылыпты. Журналистикадағы 14-15 жыл уақытым тәуелсіз басылымдардың босағасында өтіпті. Оның көлемді бөлігі Әуез ағайдың табанының ізі қалған кешегі «Лениншіл Жас», бүгінгі «Жас Алашта» өтті. Рысбек Сәрсенбай, Ермұрат Бапи сынды қаламынан от ұшқындаған ағаларымның алдына шәкірті болып барып, кейін орынбасары атандым. Бұл кісілерден үйренгенім, түйгенім көп. Дегенмен әдеби сын деген жанрдың әліппесін жадыма сіңіріп жіберген Әуез Бейсебаев көкемнің орны мен үшін бөлек, мен үшін дара қалпында қала береді.
Соңы
«Өмірдің ғашық болып көктеміне» атты Әуез Бейсебаевтың шығармашылығына арналған әдеми-танымдық кештің өтетінін өткен аптада Жолдас ағай Мәмбетов ескерткен.
– Шәкірттерінен кімді шақырамыз дегенде, алдымен есіме сен түстің. Әуездің соңғы дипломнигі бар, Сансызбай деген, талантты ақын дедім.
– Қойыңыз ағай, қайдағы ақын?! Бірақ диплом қорғағанда бірер шумақ өлең оқып, бес алғаным рас енді. Бірақ Сіз ұмытып қалған шығарсыз?
– Қайдағы ұмытқан, әлі күнге дейін есімде. Пүуу сен өлең оқып, біз бәріміз егіліп жылағанбыз.
Бүйтіп айтпаса, бұл кісі Жолдас ағай бола ма?! Үнемі күлдіріп сөйлейді, көтермелеп сөйлейді.
– Иә ағай, міндетті түрде барамын, – дедім. Сол күн – ертең. Бұйырса, жай бармай, Әуез ағай құсап, бір кұшақ кітап көтере барамын. Сол кітаптан факультеттің ұстаздары мен студенттері Әуез ағайдың қаламгерлік қасиетіне тән тұтамдай бірдеңе таба алса, шәкірті ретінде менен бақытты жан болмас еді. Табылатын шығар... табылуы керек.
Сансызбай Өкенұлы, журналист, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.